12:51 Өткеннен тағылым - тарихқа тағзым | |
БІР ҒАСЫР БҰРЫНҒЫ БІРІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫҢ ШЫҒУ СЕБЕПТЕРІ һәм ОНЫҢ СИПАТЫ ХАҚЫНДА Осыдан тура бір ғасыр бұрын басталып, әупірімдеп жүріп бақандай бес жылды бойына жинаған Бірінші дүниежүзілік соғыстың құдіреті күшті тарихтың төрінде алатын өзіндік орны бар әлбетте. Оның қаралы да азалы ізін басқан Екінші дүниежүзілік соғыспен салыстырғанда оның ауқымы, негізінен, «Кәрі құрлық» атанып кеткен Еуропаны толық дерлік, арагідік Африка мен Азияны да шарпыды. Майдан шебінде қару асынып, етігімен су кешкен сарбаздардың қаны судай ағып, еш кінә-күнәсіз бейбіт халықтың сансыз қырылуы, ірілі-ұсақты елді мекендердің жермен-жексен болып қирауы бұл алапат соғыста да орын алды. Осынау жаһандық қырғынның шығу себептері һәм оның сипатын төменде өрбитін әңгімемізге тиек етіп көрейік. Империалистік дәуірде жеке елдердің біркелкі дамымауының нәтижесінде бірінші дүниежүзілік соғыс болды. ХХ ғасырдың басында халықаралық жағдай күрт шиеленісіп, ірі мемлекеттер арасындағы бақталастық күрес күшейді. Айталық, Англия дүниежүзілік шеберхана атанған дәрежесінен өнеркәсібі дамудағы бірінші орнынан айрылды. Елдің басын біріктіру арқасында және Франция-Пруссия соғысының нәтижесінде бес миллиард марк контрибуция алған Германия өз экономикасын жедел дамыту мүмкіндігіне жетіп, өнеркәсіп өнімдерін шығаруда Англияны үшінші орынға ығыстырып, дүние жүзінде АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты. Мысалы, 1912 жылы Германияда 17,6 миллион тонна шойын қорытылса, Англияда 9 миллион тонна ғана болды. Экономикалық қуатының шапшаң өсуін пайдаланған жас герман империалистері жаңа нарықтық аймақтарды алуға, отарланған жерлерді қайта бөлісуге, еуропалық құрлықта билік жүргізуге тырысты. Германияның күшеюі Еуропадағы басқа ірі мемлекеттерді абыржытты. Әсіресе отарлап алған жері жеткілікті әрі өнеркәсібі ерте дамыған, байырғы империалистік елдерді ― Франция мен Ресейді қатты алаңдатты. Оның үстіне герман–аустриялық одақ шартына қол қойылды, оған Италияның қосылуы жас герман империалистерінің Еуропадағы салмағын күшейтті. Осы құрылған үштік одаққа жауап ретінде орыс-француз одағы пайда болды. Бұл еуропалық мемлекеттердің екі тегеурінді топқа бөлінуі, екі жақты шешуші шайқасқа дайындыққа кірісті. Десе де британиялык басқарушы топтар осы екі өз-өзіне тым ссенімді одаққа деген қарым-қатынасын бірден айқын ұстаған жоқ. Өйткені ағылшын империалистерінің француз және ресейлік империалистеріне қарағанда қарама-қайшылықтары күрделі еді. Тіпті Англия алғашқы империалистерінің Еуропадағы ықпалының өзінің орыс және француз бақталастарын әлсіз деп есептеді. Ресейді әлсірету мақсатымен британиялық басшылар 1902 жылы ағылшын-жапон одақ шартын жасады. Жапония мұны өзінің Ресейге қарсы соғысында шебер пайдаланды. Дегенмен германдық сауданың өсуі, оның жаңа нарықтарды иемденіп, одан ағылшын бұйымдарын ығыстыра бастауы Англия мен Германия арасындағы қатынасты қиындата түсті. Германияның қуатты әскери-теңіз флот құру үшін бағдарлама жасауы Англияның сыртқы саясатына күрт өзгерістер енгізді. 1904 жылы бұл елде Франциямен жақындасу үшін ірі қадамдар жасалды. Бұл Англия мен Ресей арасындағы қарым-катынастардың жақсаруына алғы шарт жасады. Патша өкіметі Антантаға тәуелді еді. 1908 жылы оның шет елдерге борышы 8 миллиард рубльге тең болды. Оның үстіне Ресей Англия меи Францияның көмегі арқасында бұғаздарды пайдалануға үміт етті. Ал Антанта Германиямен үлкен соғыс бола қалған жағдайда Ресейдің ірі әскери күшін пайдаланбақ еді. Бірақ ағылшын-орыс қатынастарын жақсарту ісі қиындыққа түсті. Ең алдымен олар өздерінің Иран, Ауғанстан, Тибеттегі бақталасты істерін реттеді. Ақырында орыс-француз одағы мен ағылшын–француз Антантасы бірігіп, үштік келісімге айналды. Бір-біріне қарама-қарсы Үштік Одақ пен Үштік келісімнің құрылуы басты империалистік мемлекеттер арасындағы күресті одан әрі үдетті. Алайда одақ қүрамына кірген мемлекеттер арасындағы өзара қайшылықтар жойылған жоқ. Мәселен, Италия мен Аустрия–Венгрия монополистерінің өзара қақтығыстарының өршуі нәтижесінде Италия өзі кірген Үштік Одақтан 1909 жылдан бастап іргесін аулақ сала бастады. Ал Аустрия–Венгрия ақырында Герман империалистерінің жандайшабына айналды. Үштік келісімдегі жағдай да осындай еді. Өзара қырқыс тоқталмағанымен, күш алып келе жатқан жас герман империализмі алдында біршама жұптарын сақтай білді. Мысалы, Мароккодағы империалистік билік үшін таластың арты 1911 жылы герман-француз соғысына айналу қаупі туған кезде Англия батыл түрде Францияны қолдады. Германия шегінуге мәжбүр болды, оның Солтүстік Африкада отарларға ие болу ойы іске асқан жоқ. Антанта Үштік Одаққа жік салу арқылы оны әлсіретуге тырысты. Оған 1911 жылғы Түркия–Италия соғысын пайдаланды. Антанта Италияны қолдады. Ал Германия Түркияға көмек көрсете алмады. Себебі Аустрия–Венгрия, Италия және Германия одақтастар еді. Соғыстың нәтижесінде Италия Ливияны билеу құқына ие болды. Екі империалистік блоктардың арасындағы күрес 1912–1913 жылдары Балқан түбегі соғыстарында жалғасып, ақырында Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуын тездетті. Бірінші Балқан соғысы (9.Х.1912—30.V.1913) Балқан одағы мен Түркия арасында болды. Балқан одағының құрамына Болгария, Сербия, Грекия және Черногория кірді. Оның құрылуына Ресей мен Антанта белсене қатысты. Осы Одақ арқылы олар Германияның Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы ықпалын әлсіретуге тырысты. Алайда бұл бағытта Англия екі ұшты саясат жүргізді. Ол бұл ауданда Германияны әлсіреткісі келгенімен, Ресейдің ықпалының өсуін қаламады да, Түркиядан біржола қол үзгісі келмеді және Ресейдің бұғаздарды пайдалану ниетіне онша қолдау жасамады. Ірі мемлекеттерден қолдау таппаған Түркия жеңілді. Лондон бітімі бойынша Түркия Стамбул мен Шығыс Франциядағы шағын жерден басқа барлық еуропалық аймағынан айырылды. Германия тағы да батылсыздық көрсетті. Соғыстан Балқан одағы нығайып шықты. Болгарияның шоқтығы биіктеді. Балқан түбегінде Антанта бағыты күшейді. Әйтсе де Балқан одағының мемлекеттері өз жеңістерінің нәтижелерін бөлісе алмады. Оны Герман-Аустрия топтары пайдаланып, болгар-серб одағын кұлатудын бар амалын істеді. Олар Болгарияны қолдады. Ал Сербия мея Грекия оған қарсы жасырын келісімге келді. Екінші Балқан соғысына әкеп соқты (29.VI—10.VIII.1913). Онда Грекия, Сербия және Черногория Болгарияға қарсы соғысты. Оларға Румыния мен Түркия қосылды. Соғыс Болгарияның жеңілуімен аяқталды. Бухарест бітімі бойынша Болгария Румынияға Оңтүстік Македония және Батыс Фракияның бір бөлігін, Сербияға Солтүстік Македонияны тұтас дерлік берді. Балқан соғыстары халықтарға қайғы-қасірет әкелді. Онда Черногория 11,9 мың, Грекия 68 мың, Сербия 71 мың, Болгария 156 мың, Түркия 156 мың адамынан айырылды. Бұл соғыстың қорытындысында герман дипломатиясы жетістіктерге жетті. Балқан Одағы жойылды. Болгария Антанта ықпалынан кетті. Оның есесіне Румыния Аустрия ықпалынан кетіп, Ресеймен жақындасты. Сөйтіп, Балқан түбегіндегі бірінші топ – Сербия, Черногория, Грекия және Румыния Антантадан қолдау тапты, екінші топ – Болгария мен Түркия Германиямен бірікті. Төніп келе жатқан соғысты АҚШ өзінің экономикалық және саяси бағытын нығайтуға пайдалануға тырысты. Олардың өкілі полковник Хауз екі блокты бір-біріне айдап салудың бар амалын жасады. Алдымен ол АҚШ «бейтараптық сақтайды» деп жариялады, ал соғыс бола қалған жағдайда Англия Ресей үшін соғысқа кіріспеуі мүмкін деген болжам жасады. Мұндай тұжырымдар Германия империалистерінің үмітін арттырып, оларды соғысқа итермеледі. Осы жагдайда 23 маусымда Сараевода Аустрия тағының мұрагері принц Франц Фердинанд өлтірілді. Венада қатты абыржушылық байқалды. Аустрия үкіметі бір айға жуық үн-түнсіз жатып алды. Тек қана Германияның желпінтуінен ғана шілде айында Сербияға қарсы үзілді-кесілді талап қойылды. Ол қойылған он шарттың тоғызын қабылдайтынын мәлімдеді. Тек тергеу ісін жүргізу үшін аустриялықтарды өз жерлеріне жіберуге қарсы болды да, барлық даулы мәселелердің төрелігін Гаагалық трибунал шешсін деп сауал салды. Алайда Аустрия–Венгрия 28 шілдеде Сербияға соғыс жариялады. Оған жауап ретінде Ресей мобилизацияға кірісті. Германия 1914 жылдың 1-ші тамызында Ресейге, тамызда Францияға соғыс жариялады. 5-ші тамызда Англия ресми түрде соғысқа кірісті. Осы жағдайда АҚШ бейтараптық сақтады. Ал Түркия мен Болгария аустро-германдық блок жағына шықты. Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына Германия мен Англия арасындағы антогонизм шешуші роль атқарды. Осы басты қайшылықпен қатар Германия мен Францияның Эльзас және Лотарингия үшін, Германия мен Ресейдің Константинополь және бұғаздар үшін, Ресей мен Түркияның Армения және Константинополь үшін, Аустрия мен Ресейдің Балқан үшін, Аустрия мен Италияның Албания үшін талас-тартыстары себеп болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс сипаты жағынан әділетсіз, жаулаушылық, империалистік соғыс болды. Мемлекеттер жаулаушылық саясат жүргізді. Соғыс ірі мемлекеттердің империалистік катынастарынан туды. Олар отарлар мен ұсақ елдерді қайта бөлісу үшін қанды қырғынды ұрыс даласына шықты. Бұл соғыста екі қақтығыс алдыңғы шепте тұрды. Бірі Англия мен Германия, екіншісі Герман мен Ресей арасында болды. Осы үш ірі мемлекет бірінші дүниежүзілік соғысты бастаушылар болды. Ал қалғандары олардың одақтастары еді. Соғыс шеңберіне біртіндеп құрамында бір жарым миллиардтан астам халық бар 38 мемлекет кірді. Төрттік одаққа Германия, Германия отарларымен Аустрия-Венгрия, Түркия мен Болгария кірді. Ал Антантаға — Англия, Ресей, Франция, Бельгия, АҚШ, Португалия (бәрінің де отарлары бар), Сербия, Жапония, Румыния, Грекия, Черногория және басқа елдер енді. Империалистік соғысқа байланысты әскер қатарына 77 миллион адам шақырылды. Оның ішінде Германия – 13,2 миллион, Аустрия-Венгрия – 9 миллион, Түркия – 1,8 миллион, Болгария – 1 миллион, Ресей – 19 миллион, Англия – 9,4 миллион, Франция – 8,1 миллион, Италия – 5,6 миллион, АҚШ – 3,9 миллион, Румыния – 1 миллион және тағы басқалар. Қазақстан тарихында да Бірінші дүниежүзілік соғыстың алатын орны өз алдына бір төбе. Себебі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің бұрқ етуіне бірден-бір себеп болған да осы соғыс болғаны анық. Қазақ жеріне басқа да жағынан ықпал еткені тағы бар ғой. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы [i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағығының мүшесі, №3741-мүшелік билет | |
|
Всего комментариев: 0 | |