23:53 Өткеннен тағылым - тарихқа тағзым | |
МҰРАЖАЙҒА МҰҚТАЖДЫҚ Өткенсіз бүгін жоқ қой қашанда. Кез келген ірілі-ұсақты елді мекен осы күйінде аспаннан салбырап түсе қалған жоқ. Оны қалыптастыруда және іргесін тіктеуде қажырлы еңбек пен қарымды қызмет, асқан қайраткерлік пен абыройлы азаматтық танытқан тұлғалар жетерлік. Осынау жандардың есімі шежірелі тарихтың төрінде алтын әріппен жазулы. Ал оларды өскелең ұрпаққа таныту мұражайдың еншісінде. Бесқарағайдың шаруасы дөңгеленген ауыл болып қалыптасқанына осымен сексен екі жылдың жүзіне айналып отыр. Тарих куә, ұжымшар-кеңшар кезінде бұл елді мекеннің атағы алыс кеткен еді. Отар-отар қойы, үйір-үйір жылқысы, табын-табын ірі қарасы шүйгін шөбі аңқыған ен де дарқан қыстақ-жайылымына сыймай жататын. Самал желмен жайқалған егістік даласында қызу еңбек қарқындайтын. Небір ауыл шаруашылық техникасының гүрілі жыл он екі айда бір тыным таппайтын. Әлеуметтік-қоғамдық нысандары ел игілігіне ұдайы қызмет көрсететін. Мектебіне оқушы сыймайтын. Тағысын тағы... Қазіргі таңда да жоғарыда сөз болған тірлік-тіршілік бар. Бірақ бүгінгі әлеуеті әлдеқайда шектелген күйде, ықшамдаулы реңкте. Бәрінен бұрын өткен күннен танымдық сыр шертетін мұражайдың болмауы сананы мазалайды, көкіректі жоқтық салмағымен езеді. Тағы да өткенге соғуға тура келіп тұр. Осыдан жиырма жылдай бұрын Бесқарағайдың жар басына етене жақын тұсында тәп-тәуір мұражай бой көтерген еді. Оның ғимаратын ерте кезде Серемин деген помещик тұрғызып, өз игілігіне мейілінше пайдаланған-ды. Ұжымдастыру заматында орын алған кәмпескелеуден соң сәнді түрдегі ғимарат ұжымшардың пайдалануына тапсырылды. Одан кейін ол ұзақ уақыт қаңырап бос тұрды. Тек өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының алғашқы жартысында «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауыты» атанған ашық акционерлік қоғамы оны ауылдың мұражайы етіп, қайта жаңғыртты. Әжептәуір қаржы жұмсалып, іші-сыртын әрлеп, мұражай талаптарына сай етіп әсемдетті. Ішкі бөлмелеріне ауылдың еңбек даңқын шығарған тарихи жәдігерлер де орын-орнымен қойылды. Тек оны басқарып-сақтауда жүйе болмай кетті. Ақыр соңында еш бағу-қағусыз қалған тап-тамаша мұражай көлденең көк аттылардың олжалы-нәпақалы талан-таражына түсті. Қанша құнды жәдігерлер шоқығанның тұмсығында, жұлғанның қолында кете барды. Одан қала берді шатырын шатырдай, терезелерін терезедей тасып әкетті. Қазіргі кезде жетімсірей-жүдеген төрт қабырғасы ғана аңырап қалды. Аяусыз талан-таражға түспес бұрын ашық акционерлік қоғам кей тарихи жәдігерлерді сол кезде аман тұрған Мәдениет үйінің кітапханасына тасып үлгерді. Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде де тарихи-өлкетану мұражайын жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар бірнеше мәрте қолға алынғанмен, мардымды түрде еш кәдеге аспай қалды. Бұл мақсатта Мәдениет үйі де, өз кеңсесінде аман қалған тарихи жәдігерлерді сақтап отырған «Бесқарағай-Әлкей» жауапкершілігі шектеулі серіктестік те, тарихты бағалайтын кейбір ауыл тұрғындары да айтарлықтай ықпалдастық танытып еді. Айтып-айтпай не керек, бұл да құмға сіңген судай көзден бал-бұл ұшты да кетті. Бүгінгі күні танымдық тарихы көл-көсір Бесқарағай елді мекенінде кішкентай болсын мұражайдың жұрнағы жоқ. Өскелең ұрпақ өздерінің бабалары салып кеткен тарихтан мүлдем мақұрым күй кешуде. Опық жегізіп отырған обалдықты қолдан жасап жатырмыз. Сайып келгенде, ауыл ішінде болсын, тіпті мектеп ғимаратында болсын тарихи-өлкетану мұражайын ашу ешқашан кеш емес. Тек бұл жолда азаматтық жауапкершілік, білікті ұйымдастырушылық, адамгершілікті ниет танытсақ болғаны. Іске сәт, ағайын! Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы [i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағығының мүшесі, №3741-мүшелік билет | |
|
Всего комментариев: 0 | |