23:51 Сағымдайын сағыныш | |
ҚАЗІРГІ ЖҰРТ СИҚЫ Ат шаптырымдай аумақты алып жатқан Қызылағаш ауылдық округінің жері өз алдына жер жаннаты ғой әлбетте. Сағыныш болып қалған бір кездері мыңғырған малы, өз күнін адал еңбегімен көріп отырған халқы бар құтты мекен еді. Ал қазір ше?! Лебяжі ауданына қарасты аталмыш ауылдық округінде тек қана Бесқарағай ауылы ғана қалды. Халқының саны сегіз жүзге де жетпейді. Тоқырау делінетін кеңестік заманда, одан қала берді Тәуелсіздігіміздің алғашқы бес жылдығында ауыл орталығынан басқа оған қарасты бір емес, үш бірдей бөлімшесі бар әжептәуір аумақты бірлік қатарынан көрініп еді. Енді, міне, тек бұрынғы өткен шақта ғана айтып жүретін сағымдайын сағынышқа айналып отыр қазіргі таңда. Асыл тұқымды солтүстік меринос қойды өсірумен атағы берісі алты Алашқа, арысы күллі КСРО-ға жайылған үшінші бөлімшеге тиесілі болған Жаңабаз, Дөңгелек, Қалша, Тереңқұдық, Байқадам атты қыстақтардың қиранды орындары ғана қалды. Үш бірдей Социалистік Еңбек Ері шыққан аталмыш қыстақтарда бой түзеген қой өсіруге лайықталған қашарлар һәм шопандардың тұрғын үйлері болған. Қызған еңбектің арқасында шопандар жүз саулықтан төл алудан өзара социалистік жарысқа түсетін еді. Екі қолға жұмыс іздеп жүрген бесқарағайлықтарға кезеңдік те, тұрақты да жұмыс орындары мол-молынан табылып та, артылып та жататын. Кеңшарлардың заманы өтісімен асыл тұқымды қойдың да табысты қызығы барсакелмеске кете барды. Қашарлар қаңырап бос қалды. Шопандар басқа кәсіпті жағалап кете барды, көше барды. Бала-шаға базарымен құтты болған қыстақ үйлері мұң тартты. Аталмыш қыстақтардағы нысандар үстіміздегі ғасырдың алғашқы жылдарында-ақ аяусыз бұзылды, қиратылды, талан-таражға түсті. Оңай жолмен нәпақа табатындар үшін таптырмас олжа көзіне айналды да қалды. Аузы-мұртына дейін тиелген кірпішті КАМАЗ-КАМАЗ әкетіп тынды ақыр аяғы. Енжарлықтан ба, әлде нарықтық-экономикалық сауатсыздықтан ба ешкім қыстақтардың тірлігіне жан бітіріп, қан жүгірте алмады. Немесе азулы да тырнақтылар осынау іске тежеу-тосқауыл болды. Әйтеуір, не керек, қазір бұл қыстақтар ит байласа тұрмайтын меңіреу дала. Бірінші бөлімше саналған Подпуск қыстағы тіпті кішігірім ауыл еді. Онда негізгі орта білім беретін Бірінші Май мектебі де болды. Өз алдына тұтынушыларға арналған сауда-саттық дүкені, кино көрсететін демалыс-сергу орны, әжептәуір түтін бар еді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында халық құтты мекенді тастап, басқа жаққа үдере көшкендіктен, Бесқарағай ауылымен экономикалық-әлеуметтік байланыс үзіле бастағандықтан, бөлімше де селдірей бастады. Оқушы саны күрт азайғандықтан, мектептің де тірлігі тоқтады. Артынша оның ғимараты, басқа да үй-тұрақтармен бірге, талан-таражға түсті. Қазіргі таңда Подпускіде бас-аяғы екі-үш түтін ғана қалды. Ал Бесқарағайдың дәл бүйірінде орын тепкен екінші бөлімшенің де сиқы көзге қораш. Айналдырған екі-үш үй тұрады демесең, ырсиып-ырсиып қирандылары ғана қалған үй-там орындары. Бұл жерде қызу еңбек қыс мезгілінде болады, себебі осындағы аман қалған бірнеше қашарда «Бесқарағай-Әлкей» ЖШС-нің ірі қара малы, жылқысы қыстайды, ал шөп қоймасында осы шаруашылыққа тиесілі маяланған шөбі сақталады. Соңғы жылдары жоғарыда әңгіме болған ЖШС ауылдың кей тұрғындарын мал бағып-күтетін бақташылар, МТМ жұмысшылары, дүкен қызметкерлері ретінде тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Әрине, ертеректегідей экономикалық қауқар жоқ. Дегенмен бұның өзі тірлік-тіршілікке көп демеу. Биылғы жылы «Дәнекер» атты жеке кәсіпорын келіп, ұзақ жылдар бойы шаң-тозаңы шығып, арам шөп басқан меңіреу егіс даласына қан жүгіртіп, егістік жұмыстарын айналдырып кетті. Оның үстіне мұхиттың аржағынан асыл тұқымды ірі қара мал әкеліп, мал шаруашылығын дамытуға білек сыбана кірісті. Жұмыссыз отырған ауыл тұрғындарын тұрақты, кезеңдік жұмыспен қамтуды қолға алды. Болашаққа деген экономикалық-әлеуметтік болжам-сенімдері де бірқыдыру. Ал округ орталығы Бесқарағайға келетін болсақ, ондағы жағдай бір қалыпты. Жаңа құрылыс бой көтермегені қашан. Осыдан үш жыл бұрын қолға алынған мешіт құрылысы да сақалданып кетті. Ауылдан көшіп кеткендер өз үйлерін сатты. Ал оларды сатып алғандар бөлшектеп бұзып, басқа елді мекендерде үй-там тұрғызуға әкетіп жатыр. Бұзылған үйлердің орны үңірейіп қалып отыр. Бір жақсысы – соңғы уақытта жергілікті атқарушы билік үйлерді бұзып алып жатқандарды оның орнын үңірейтпей, тып-типыл етіп тазалап кетуді міндеттеп, артынша қадағалап отыр. Десе де әлі де көрер көзге қораш болып тұрған қирандылар төбе көрсетіп келеді. Кезінде шатырлас-қоралас, көшелес-аулалас болған үйлер кертіліп, босап қалған алаңшықтарға айналып кетті. Жаяулар да, көліктілер де ауыл ішін босап қалған жерлермен кесе-көлденең кезіп жүр. Кезіндегі ауыл жылдары да бұл ауылды жадыратпады. Абырой болғанда, еті тірі бесқарағайлықтар өз үй-аулаларын таза да тәртіпті, замана самалына сай ұстауға барын салады. Қолда бар төрт түлікті тұрмыстық қажеттігіне қарай ұқсатады. Басқасы басқа, ал жалпы орта білім беретін мектебі күрделі жөндеуді жатпай-тұрмай күтіп отырған, Мәдениет үйі жаңадан бой көтеруді тілеп тұрған, басқа да әлеуметтік нысандарға зәру Бесқарағай ауылының һәм оған қарасты бөлімшелер орындарының қазіргі сипаты осындай. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы [i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағығының мүшесі, №3741-мүшелік билет | |
|
Всего комментариев: 0 | |