23:02
Әлеуметтің әлегі

АУЫЛ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ТЫНЫСЫ ТАР

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі ғимараты екінші қабатының ең түкпірінде, құстың ұясындай ғана тар бөлмеде Бесқарағай ауылдық кітапханасы бар. Кезінде бұл бөлмесымақ орын ұзын дәліздің ең түкпірі еді. Дәліздің екі жағынан кірпіштен қабырға қалап, алақандай бөлмеге айналдырып еді. Бұдан бұрынырақ аталмыш бөлме оқушы пионерлер жиналатын орын болды, артынша, оқыту дәрісханаларына мұқтаждық кезінде, бастауыш сынып оқушылары оқитын сынып бөлмесіне айналды. Соңғы уақытта ауылдық кітапхана қызметін атқарып келеді.

Қазіргі таңда мұнда мерзімді баспасөз құралдарымен, ғылыми-танымдық һәм көркем-көпшілік әдебиет кітаптарымен аузы-мұрнына шейін лық толып тұр. Оның үстіне соңғы уақытта жаңа кітаптар жиі түсуде. Кітаптың көптігі соншалық – аядай жерде жүріп-тұрудың өзі қиындық тудырады. Оқырмандарға арналған оқу залы мүлдем жоқ. Заман талабына сай компьютердің жоқтығынан оқырмандар есебін жүргізу ескі әдіс-әдетпен жүзеге асырылады. Ғаламторға қосылу дегенің орындалмас арманға айналған. Жөндеу-жабдықтау жұмыстары да әупірімдеп жүргізіледі.

Үлкендері теледидарды жаулап алған үнді, кәріс, түрік телехикаяларын көрумен шырмалған, жас-жасамыстары әлеуметтік желілердің арзанқол тілдесіміне үңілген шақта көркем әдебиет оқуға онсыз да құлшыныс танытпай жүрген ауыл тұрғындары тынысы тар осындай кітапханаға «әке-көке» десең де келмес. Әрине, бірен-саран тұрақты оқырман бар, дегенмен бұл сондай аздық етеді. Тоқ етері сол – ауыл кітапханасын заман талабына сай жаңғыртып, оқырмандар үшін барлық жағдай жасалса игі.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағығының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 714 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: