23:54 Лебяжі ауданының құрылғанына - 75 жыл! | |
БЕСҚАРАҒАЙЛЫҚ ШОПАНДАР МҮЙІСІ Әлбетте, қасиетті тарихтың құшағында «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауыты» деген атаумен даңқ пен атаққа мейілінше бөленген бесқарағайлық шопандар хақында таңды таңға жалғап ұзын-сонар әңгімелеуге болады. Жер-жаһанға асыл тұқымды солтүстік меринос ақ қойын өсіруде ерен еңбек арқылы бірегей Социалистік Еңбек Ері атанып, омырауына Алтын Жұлдыз бен Ленин орденін таққан үш бірдей атақты аға шопан, одан қала берді шексіз құрметке бөленген басқа да аға шопан жайында танымдық мәліметтерді бір жаңғыртуды жөн көрдім. Есесіне биыл Лебяжі ауданының құрылғанына мерейлі жетпіс бес жыл толып отыр. Бұл дегеніміз – ауданның осынау тарихына сүбелі үлес қосқан бесқарағайлықтар турасында аз-кем әңгімелеуге бірден-бір тиек һәм түрткі. Сыздықов Жанпейіс (1895 – 1979) / Павлодар облысы Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. Бала кезінен помещик Сереминнің қолында жұмыс істеді. Мал бағу мен күтудің қыр-сырын ерте үйреніп, мол тәжірибе жинаған Ж.Сыздықов ұзақ жылдар «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» шопан болып жұмыс істеді. Асыл тұқымды солтүстік қазақ мериносын өсіруге сүбелі үлес қосты, жүн қырқудан, төл алудан бірнеше мәрте аудан, облыс жеңімпазы атанды, Республиканың танымал шопандарының бірі болды. Солтүстік қазақ мериносы биязы жүнді асыл тұқымды қой өсіруге еңбегі сіңді. Еңбегі бағаланып, 1958 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атанып, Ленин ордені және Алтын Жұлдызбен марапатталды. Оспанов Балғабай (1924 – 1978) / Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. 1942 жылдан «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» алғашқыда шопан, ал 1956 жылдан аға шопан болып жұмыс істеді. 1944-1946 ж.ж. Ермак ауылшаруашылық мектебін бітірді. Биязы жүнді асыл тұқымды қойды өсірудің озат әдістерін қолдана отырып, жоғары жетістіктерге жетті. 1961 жылы әр жүз саулықтан 108 қозы алынып, әрбір қойдан 6,8 келі жүн қырқылды. Келесі жылы Оспанов Балғабай тұңғыш рет әр 100 саулықтан 131 қозы өсіріп, қой басынан 7,1 килограмм жүн қырықты. 1963 жылы әр 100 саулықтан 132 қозы, әр қойдан 7,8 келі жүн өндірді. Еңбегі бағаланып, 1963 жылдың сәуірінде оның есімі Қазақ КСР Құрмет кітабына жазылды, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1964 жылғы 18 ақпандағы Жарлығымен Балғабай Оспановқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Оспанов Балғабай Ленин, Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Жанғожин Жұмабек (1931 – 1988) / Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын 1947 жылы «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» шопанның көмекшісі болудан бастады. 1961 жылдан бастап осы шаруашылықтың аға шопаны болды. 1962-1965 жылдары Жанғожин Жұмабек әрбір 100 саулықтан орта есеппен 111 қозыдан алып, әр қойдан 6,3 келіден 8,37 келіге дейін жүн қырықты. Қажырлы еңбегі бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1966 жылғы 22 наурыздағы жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Есімі Қазақ КСР Құрмет Кітабына жазылды. Солтүстік қазақ меринос қойының тұқымын шығаруға айтарлықтай ат салысты. Асылханов Жұмахан (1930 – 2012) / Павлодар облысы Лебяжі ауданы Қосқарағай ауылында (қазіргі Шарбақты) дүниеге келді. 1931-1934 жылдары әке-шешесімен бірге Алтай өлкесіне қоныс аударды. 1934 жылы қайтып келіп, 1938 жылы бастауыш мектепке барды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 11 жасынан бастап жұмыс істеді. 1948 жылы Ермак (қазіргі Ақсу) ауылшаруашылық мектебін мал дәрігері-санитар мамандығы бойынша бітіріп, Лебяжі ауданының Бесқарағай ауылында мал дәрігері-санитар болып жұмыс істеді. Әскерден кейін Бесқарағай ауылына оралып, зейнетке шыққанға дейін «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» аға шопан болды. Солтүстік қазақ мериносы биязы жүнді асыл тұқымды қойды шығарушылардың бірі болып табылады. Көп жыл бойы «Аққу» комсомол-жастар бригадасының кеңесшісі болды. Мәскеу қаласында өткен ХШЖК (ВДНХ) қатысушысы және жүлдегері болды. 1989 жылы ҚКСР Компартияның Павлодар облыстық комитетінің мүшесі болып сайланды. «Қазан төңкерісі» орденімен, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында тылда жұмыс істегені үшін», «Ерен еңбегі» және басқа да медальдармен марапатталды. Қалымов Жоламан (1938 – 2010) / Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. Бесқарағай мектебінің 8 сыныбын бітіргеннен бастап, 1954 жылдан «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» шопан болды. Солтүстік қазақ мериносы биязы жүнді асыл тұқымды қойды шығарып, өсіруде ерен еңбек сіңірді. ХШЖК (ВДНХ) бірнеше мәрте қатысып, 1979 жылы осынау көрменің қола медалімен, 1981 жылы алтын медалімен, ал 1983 жылы тағы да алтын медальмен марапатталды. 1976 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1990 жылы Компартияның Орталық комитетінің мүшесі болып сайланды. Ибрагимов Керімхан (1937 – 1997) / Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. 1956 – 1996 ж.ж. аралығында Бесқарағай кеңшарында, «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауыты» ашық акционерлік қоғамында шопанның көмекшісі, шопан, аға шопан болып абыройлы қызмет атқарды. ХХ ғасырдың 60-жылдардың ортасында атағы бүкіл КСРО-ға мәшһүр болған бесқарағайлық солтүстік меринос биязы жүнді асыл тұқымды қой өсірушілердің қатарында болды. Аға шопандық ерен еңбегі үшін Қазақ КСР Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және дайындау министрлігінің «Қой шаруашылығы шебері» кәулігі табыс етілді (1964). СОКП ХХІІ съезі алға қойған міндеттерді шешуде қол жеткен табыстары үшін аға шопан есімі «Еңбек даңқы» кітабына жазылды. «Коммунистік еңбектің екпіндісі» белгісімен (1964), халық шаруашылығы жетістіктерінің көрме мәселесі жөніндегі республикалық Кеңесі дипломымен (1964), «Еңбек ардагері» медалімен және көптеген облыстық, аудандық деңгейдегі мадақтамамен марапатталды. Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытын өркендетуде өлшеусіз де қомақты үлес қосқан кәсіпқой шопандарды тізбелеуді әсте бұнымен шектеуге болмайды. Кезіндегі кеңшардың, артынша ашық акционерлік қоғамның биязы жүнді асыл тұқымды солтүстік меринос қой шаруашылығын дамытуда ерен еңбектің адал нанын жеген абыройлы шопандардың қатарынан О.Ыдырысов, Қ.Күнбаев, С.Әлдекенов, Е.Оспанов, Қ.Ыдырысов, А.Темірханов, М.Құсайынов, Е.Рақымжанов, Т.Исабаев, А.Смағұлов, У.Жұмашев, Б.Айтуаров, Ә.Хайруллин, Р.Валиев, Е.Қасымов, А.Оспанов, Қ.Омаров, Б.Омаров, Т.Омаров және тағы басқалар шоқ жұлдыздай жарқ етеді. Әйгілі асыл тұқымды қойды жарыққа шығаруда ғылыми тұрғыдан екшеп, беделін арттыруда көп еңбек сіңірген А.Құсайыновты, осынау шаруашылықты даңқ пен атаққа жетелеу мен ұйымдастыруда В.Будиловты, оның басқарушылық ісін абыроймен жалғастырған Б.Әлкеевті атап өткеніміз абзал. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы [i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағығының мүшесі, №3741-мүшелік билет | |
|
Всего комментариев: 0 | |