11:53
Іште пікір өлмесін

ЖАСТАР КҮНІН РЕСМИ ТҮРДЕ МАУСЫМДА МЕРЕКЕЛЕСЕ

«Ауру қалса да, әдет қалмайды» қашанда. Маусым айының соңғы жексенбісінде жастар күнін мерекелеу үрдісі сонау барсакелмеске кеткен Кеңес Одағы кезінен қалып қана қоймай, Тәуелсіздік таңы атысымен бері қарай жыл сайын бейресмиленген түрде әлі де алаулатып-жалаулатып тойланып жүргені еш жасырын емес. Жадыралы жаздың жаймашуақ кезімен тұспа-тұс келетін бұл күнді жастар да, жассымақтар да ерекше шабытпен мейрамдатады. Жастар саясаты істерімен айналысатын кейбір құзырлы орындар да, мемлекеттік емес ұйымдар да осынау күнді атап өтуді қате қылмайды.

Қазақстан Республикасы күнтізбесінде жастар күні мерекесі қараша айында көрсетілген. Дегенмен әлі күнге шейін жастар күнін «сұр бұлт, түсі суық» қоңыр күзде мерекелеу, жасыратыны жоқ, жетімсіреген күй кешуде. Күнтізбемізде осы күннің бар екенін бірі білгенмен, басым көбі біле бермейді тағы.

Жастық шақтың жігері – жадыралы жаздың серігі. Студенттік өмірдің тағы бір белесі – жазғы сессияны сәтімен тапсырғандар немесе студенттік жылдарды таусып, дипломды міне-міне алғалы жүрген уыздай жас мамандар сергіп-серпілетін кез ғой бұл.

Шаһардың жастары болсын, ауылдың жастары болсын жыл сайын маусымның соңғы жексенбісін тағатсыздана күтеді. Жасанды алаңдарда, импровизацияланған сахналарда, тіпті ауқымды стадион-ареналарда елжандылық, отансүйгіштік, адами-азаматтық атты асыл да құнды қасиеттерді үгіт-насихаттау мақсатымен түрліше флеш-мобтар, акциялар, марафондар, бейбіт шерулер ұйымдастырады. Қоғамдық-көпшілік ортаны жігерлендіру-шабыттандыруда аталмыш шаралардың игілігі ұшаң-теңіз.

«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жастар қоғамның ең маңызды бөлігі ғой әлбетте. Қандай да бір шараларды ұйымдатыруда, өткізуде қайнаған тірліктің ортасында жүретін де солар. Спорттық жарыстарда да жасындай жарқырайтын да солар емес пе. Аға ұрпақ пен кейінгі толқынды жалғайтын бейне бір көпір сыңайлы.

Жастар күні мерекесін ресми түрде әбден үйреншікті болып кеткен маусым айының соңғы жексенбісінде тойлауды ресми түрде бекітсе, еліміздің жастары ешқандай қарсылық білдірмес деп ойлаймын. Айталық, дәл сол күні ғылым-білім шыңын бағындырған, спорттық додаларда жеңіс тұғырына шыққан, небір сахна төрінде керемет өнерімен өркендеген һәм басқа жетістіктерге қол жеткізген дарынды жастарды мемлекеттік тұрғыдан ынталандыра марапаттауға да болады.

Қаланы қайдам, ал ауылдық елді мекендерде қоғамның жастарға деген назары гүлдеп тұр дегенге келе бермейді. Олардың маңызы әлі де көлеңкеде, тасада қалып қойған күй кешуде. Оларға деген көзқарас осы күнге дейін әбден жауыр болған ескі стереотиптен арылмай келеді. Сол баяғы сарын: ішімдікті артығымен сілтеп, қоғамның тынышын кетіріп жүрген – жастар; үлкендердің тілін алмай, кеудесіне нан пісіп, тәкаппарланып кеткен – жастар; құқық бұзушылық пен бұзақылыққа құмар – жастар... бұлардан үзілді-кесілді арылу керек. Санасы сау, көкірегі ояу жастарды тәрбиелеуде үлгі боларлық ыждаһаттылық, ынталылық таныту қажет. 

Жастар – ет пен сүйектен жаралған жандар. Олардың да көңіл көтеріп, сергіп демалғылары келеді. Бас қосып, өзара сыр бөліскілері келеді. Тек соған жағдай жасаудан тарылып қалмасақ болғаны.

Маусымның соңғы жексенбісінде бастары қосылып қалатын жастар отбасыларымен, құрбы-құрдастарымен, жора-жолдастарымен аялы да саялы табиғат құшағында серуендеп сергуді жақсы көреді. Ән шырқап, би билеп, сыр алысып, сыр беріскенді жандары қалайды. Олар, анау айтқандай, табиғатты ластап, айналаның мазасын алмайды. Асқан мәдениетті де, абыройлы әдептілікті де, салиқалы сабырлылықты да, сабырлы сыйластықты да жан-жүректің төрінде берік сақтайды, адами-азаматтық тұрғыдан биік ұстайды. Жастардың жастық жігері жасымасын, жарқын да жайсаң болсын!           

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 826 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: