11:52
Іште пікір өлмесін

ТӨРТІНШІ БИЛІК ТҰЛПАРЫН ТАҚЫМДАҒАНДАР

 «Бәрін айт та, бірін айт» демекші бұзаралық ақпарат құралдары айдынында абыройлы еңбек атқарып жүрген қызметкерлердің мәртебелік құзырын мемлекеттік тұрғыдан тіктеудің кезі әлдеқашан келді. Әлбетте, баспагерлік, теледидарлық, радиолық, ғаламторлық жүйеде күнін көріп, нанын жеп отырғандардың жұмысы басқа да мамандықтардан жеңіл емес. Оқырмандардың, көрермендердің, тыңдармандардың көңілінен ұдайы шығу мақсатымен жатпай-тұрмай әрекеттенеді, ізденеді, сәйкестендіреді.

Менің ойымша, газет-журнал шығарумен аянбай айналысатын қызметкерлер нағыз жан-жақты тұлғалар деуге әбден тұрарлық. Себебі оқу орнындағы мұғалімге тән үзіліссіз шығармашылық ізденіс, айтыс ақынына тән тақырыптық шабыт, ішкі істер қызметкерлеріне тән өмірге қауіпті тәуекел һәм тағы басқа да іскерлік қарым-қабілеттер жетіп артылады ғой бұл қызметкерлерде.

  Жасыратыны жоқ, мерзімді баспасөз айдынындағы қызметкерлердің – тілшілер, шолушылар, корреспонденттер, редакторлар және басқалардың – әлеуметтік жағынан қорғалуы алаңдатады. Бұл тұлғалардың мәртебелік құзырын мемлекеттік тұрғыдан көтеруді билік басындағылар қаперге алып қана қоймай, нақты игіліктермен жүзеге асырса екен деген қарапайым адами үміт ұшқындайды. Шынайы шығармашылық ізденіс арғымағын іскерлік шеберлікпен тақымдап жүрген тілшілер де ет пен сүйектен жаралған адамдар, ел алдындағы міндетін абыроймен атқарып жүрген нағыз азаматтар ғой әлбетте. Олардың да ішінде отын өз алдына түтетіп отырған балалы-шағалы отағасы я отанасы, ұлын ұяға не қызын қияға қондырып жүрген өнегелі ата-ана және тағы-тағысы. Осынау қисыны қиын қызметте жүрген газет-журналшылардың жалақысын кезең-кезеңмен көтерудің, мемлекеттік тетіктер арқылы жалдамалы пәтермен қамтамасыз етудің, бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қолдаудың еш сөкеттігі жоқ деген ойдамын.

Ақиқатында, көз майын таусып, компьютер мониторына телмірген тілші-шолушы болсын, газет-журналдың оқырман көңілінен шығуға бар ынта-зейінін сәт сайын сарп ететін корреспондент-редакторлардың ерен еңбегі ешқашан атүсті болмаған. Шындықтың шұғыласын шарықтату, тіл мәдениетін өрнектету, шығармашылық шеберлікті кестелету, бұқаралық ақпаратты үйлестірту анау айтқандай оңай шаруа емес-ау әлбетте.

Негізінен, республикалық деңгейдегі газет-журналдарды өз алдына, ал облыстық, аудандық газет-журналды жарыққа шығарумен айналысатын баспа ордаларын соны да тың арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, олар мекен етіп отырған ғимарат-мекемелерді, бөлме-орындарды күрделі жөндеуден әрдайым өткізу мемлекеттік-әкімшілік деңгейде қолға алу керек сияқты. Халық мүддесін биіктетуде, оқырмандардың патша көңілінен шығуда қажымас қайрат, жалынды жігер, игілікті ізденіс, шығармашылық шабытты таңнан ақшамға дейін танытып жүрген газет-журнал қызметкерлерінің талабына тағзым етуге де болады шындаса. Қала тынысын былай қойғанда, шет-шалғай елді мекендерге қыс демей, жаз демей сапар шегетін тілшілер өз қара басын тәуекелге тігеді. Небір әділетсіздіктің, қылмыстың бетін ақпараттық тұрғыдан ашуда қандай да бір қауіпті кедергілер сынынан да өтеді. Балғын-балдырғандардың шығармашылық әлеуетін әуелетуде де еш мұғалім-тәрбиешіден кем түспес қайраткерлік танытады. Оқырмандардан түскен қалың хат-хабарларды жүйелеуде, жауап беруде әдеп-мәдениеттің ізетті үлгісін көрсетеді.

Сөз жоқ, сәті түскенде гранттарға ие болған тілшілер, шолушылар, редакторлар табылып жатады. Десе де мұндай  игіліктер ілуде бір, түйір-тамшыдай ғана екен.

Сайып келгенде, мерзімді газет-журналдың жарық көріп, қадірменді оқырмандар қолына жету жұмысының бас-қасында жүрген қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын бүтіндеудің тетіктерін ойластырып, жақын арада іске асыруды мемлекеттік-әкімшілік деңгейде қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді.  

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 834 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: