11:55 Елорда - елдігіміздің еншісі | |
АР да АРДА АСТАНА Әлбетте, Астана – бұл кең даладағы жай қала ғана емес, саяси ерік-жігер көрінісінің нышаны. Бұл – саяси батыл қадам. Астана шаңырағы әлі де болса биіктей түспек. Жаңа астананың келешегі бүтіндей XXI ғасырдың еншісінде жатыр. Ал оның ертеңгі еңсесін көтеретін бүгінгі жас жеткіншектеріміз ғой қашанда. Жаңа Астанамен бірге кемел болашақты сезіну. Эйфель мұнарасы, Кремль... Бұл астаналық нышандар – әлем картасының ең үздік жолбасшылары. Олар бұл күнде солай жаратылған сияқты. Бірақ олар белгілі бір адамдардың дарынымен, еңбегімен салынған. «Астананы құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген. Екі мыңжылдық тоғысында біз шешім қабылдап, Еуразияның жүрегінде іс жүзінде жаңа астана құрдық», - деп Елбасы һәм Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев айтқан болатын. Иә, шынымен де, ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазып, астананы ауыстырып, осындай батыл қадамға барған да Н.Назарбаев. Сонымен, Елбасымыз үлкен таңдау жасады: ел астанасы етіп Ақмола қаласын тағайындап, оны «Астана» деп атады. Бұл таңдаудың артында үкіметке екі міндет жүктелді: біріншісі – қаланың немесе астананың бірегей әрі қайталанбас ажарын қалыптастыру, екіншісі – қаланың осы бірегейлігі қаланың барлық азаматтарының астанада өздерін жайлы сезінуіне ықпал етуі тиіс. Астана жұртын айналған Атына тұрман болсам деп Жұртына құрбан босам, - деп келетін Исатайды арқаландырар жырында астана деп ауыл-аймақ, ел-жұртын айтқан. Шығыс халықтарының өмірінде бір кезде араб, парсы тілдерінің ықпалы Еуропа үшін латын, француз тілдері атқарған қызметпен барабар болды. Сондықтан қазақ тілінің бірқатар ғылыми, саяси, тұрмыстық ұғымдары әу баста осы тілдерден еншіленуі заңдылық. Алтын Орда тұсында билеушілер тағы орналасқан орталықтарыңыз парсының сарай сөзімен аталды. Сол кездегі Сарай-Батый, Сарай-Берке қалалары Еділ жағалауындағы осы есімдес хандар басқарған астаналарымыз еді. Яғни Батый мен Берке мемлекетінің орталығы екені тарихтан белгілі. Жайық бойындағы Сарайшық (яғни, кіші Сарай), Қырымдағы Бақшасарай, Балқандағы сарай (еуропалықтар Сараево дейді) – осының бәрі «сән-салтанаты асқан мекен» деген парсы сөзі. Тарқата түссек, елімізді Шыңғыс әулеті билеген заманда орталық деген мағына бірте-бірте моңғол мен түрік халықтарының әскери-әкімшілік аймағы ұғымын білдіретін орда сөзімен алмаса бастады. Оның соңғы жұрнағы – Бөкей хандығының астанасы болған, бүгінгі таңда атауы сақталған Орда қаласы. Парсы тілінде мекен, жер, ел дегенді білдіретін стан сөзі де бүгінгі Қазақстан аумағына сол тұста енген. Түркі тектес халықтардың киелі астанасы Түркістан аталуы, бір қиырымыздың Моғолстан екені бұған дәлел. Сол кездегі ғылыми-тарихи әдебиетте түркі халықтары мекендеген өлкеге орай стан түбірінің кеңінен қолданылуы нәтижесінде кейіннен қазақ тілінде астана сөзі қалыптасқан деген болжам қисынсыз көрінбес. Аудармалары сәл алшақтау болғанымен, стан мен астана (астан) түбірлерінің мағына ортақтығы бүгінгі парсы елінің өз мысалынан аңғарылып тұр. Иранда әкімшілік бөліністер стан аталып, аймақтарының дені Систан, Белужстан, Лорестан, Хұзестан болып келеді. Сарай. Орда. Астана! Билік орталығын білдіретін осынау ежелгі атауларды қазақ халқы мәңгіге еншілеп, мағыналас ұғымда қолдануының өзі тарихтың тамаша сыйы емес пе! Сарайдың ордаға орын беруі ұлы оқиғаларға байланысты үрдіс. Ал орданың кешегі жиырмасыншы жылдары астана мағынасына айналуы тым тез – бір жылда, тіпті бір күнде болған оқиға деген болжамға батылдық жасағалы отырмыз. 1925 жылдың сәуірінде Қазақстанның орталығын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім қабылданды. Орынбор алты жыл бойы әуелі Қазревкомның, кейіннен Қазақ АКСР-інің үкімет органдары орналасқан қала болғанымен, ел астанасы деп ресми атала қойған жоқ. Сол кездің құжаттарынан, баспасөзі мен әдебиетінен астана деген атауды кездестіре қоймаймыз. Ал Ақмешітті Қазақ елінің шын орталығы ету жөнінде ұйғарым алынғанда, кеңестік республика астанасының атауында мешіт сөзінің тұруы сол кездің идеологиясымен үйлесе қоймағаны анық. Орталық ұғымындағы орда сөзінің кәдеге асқаны сонда. Революция нышаны қызыл сөзімен кірігіп, Қызылорда атаулы қала пайда болды. Алайда, бір қиындығы ендігі жерде «Қазақстанның ордасы Қызылорда» деген қосарлы тіркес тұрақты қолданылуы тиіс еді. Орталық ұғымына мағыналас-мәндес боларлықтай тың сөз қажет еді. Зиялы азаматтар осылайша халық жадында, жыр-толғауларда айтылатын ежелгі астана сөзіне таңдау жасағаны аңғарылады. Жаңа ұғымның жұртқа әлі тосын екені Бейімбет Майлиннің 1925 жылдың 8 маусымында жазған «Астана» өлеңінен де аңғарылып тұр. Кәрі-жасы, бәрінің де Айтатыны — астана! Ел көгерген астанасы Осы ма, әлде басқа ма? Мен астанаң, мен ордаңмын! Мұнда түгел тілегің... Ел ордасы—астанасы, Шаш нұрыңды әлемге! Білім туын қолыңа ұстап, Тұтқа болшы бар елге!.. 1929 жылы астана Алматыға қоныс аударғанда Ілияс Жансүгіров «Жаңа астана» атты очерк жазып: «Алматыға Қазақстан орталығы көшіп келді. Алматы—астана болды. Қазақстан ортасы – ордасына орнықты. Қазақстан еңбекшілерінің ұйтқысы – орталық, өкімет мекемелері басты ұйымдар жаңа қонысына ірге тепті» деп қуанды. Қазақстан орталығы, Қазақстан ортасы, ордасы деген түсініктерді Ілияс та астана сөзімен жарыстыра қолданады. Бір кездегі сарай, орда, астана сөздерінің елдің қоғамдық саяси өміріне, тарихи кезеңдеріне байланысты мәні, атқарар жүгі алмасып отырған тәжірибеге сүйенсек, астана енді қала атауына түпкілікті ауысып, ол ұғымның қызметін басқа балама атқаруы тиіс. Мыңжылдық қолданбасы бар, бір кездерде осы мағынаны білдірген орда атауының елорда түрінде қайта оралуы бүгінгі Астанамызға шартты құбылыс. Елорданы Алматыдан Астанаға көшіру тәуелсіз мемлекеттің алғашқы стратегиялық шешімдердің қатарында тұрды. Бұл мәселені Елбасы һәм Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев тұңғыш рет 1992 жылы көтерген болатын. Жоғарғы Кеңестің елорданы көшіру туралы шешімі елдің аса маңызды оқиғалары хронологиясында 1994 жылғы 6 шілде болып белгіленді. 1998 жылғы 6 мамырға дейін Ақмола деп аталған Астана Президенттің Жарлығымен 1997 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының елордасы деп жарияланды. 1998 жылғы 10 шілдеде Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық тұсауы кесілді. 1999 жылы Астанаға ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» деген марапаты берілді. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этносаралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл байқауда Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды. Астана өте серпінді дамуда. 1998 жылы Астана еркін экономикалық аймақтың WEPSA халықаралық қауымдастығына кірді. Әлемнің он бес қаласы Қазақстан елордасының бауырлас қалалары болып табылады, олардың арасында Мәскеу, Берлин, Будапешт, Варшава, Минск, Киев, Анкара, Рига, Бангкок және басқалары бар. Бүгінде Астана тәуелсіз Қазақстанның елордасы ретінде әлемнің саяси картасында берік орнықты. Қазақстан егемендік алғалы бері бірінші рет астанасының орнын ауыстыруда тұрғылықты халықтың мүддесін ескере отырып, дербес шешім қабылдады. Осы іспеттес оқиғалар өмірдің өзі халық пен үкіметінен маңызды шешім қабылдауын талап еткен жағдайларда іске асып жатады. Ресей, Нидерландия, Германия, Пәкістан, Түркия, Бразилия және тағы басқа елдердің астана ауыстырудағы тәжірибелерін мысал ретінде келтіруге болады.Ұлы Ататүріктің жаңа демократиялық Түркия астанасын елдің орталығы Анкара қаласына ауыстыруы тегін шешім емес. Осман империясының құлаған әкімшілік орталығы Ыстамбұл сол бір тарихи кезеңде жаңа талапқа сай келмей, бұрынғы режимнің қайта орнау қаупін туғызды. Болашақ астана ретінде Анкара қаласы түрік мемлекетінің негізін қалап, ғасырлар бойы ұлт бірлігін сақтап келеді және әкімшілік орталық ретінде түрік туын асқақтатуда. Сол кездегі дана Ататүрік шешімінің ұлт мүддесіне сай келенін тарихтың өзі дәлелдеді. Өткен ғасырда Ресейдің динамикалық түрде дамуын Бірінші Петрдің империя астанасын Нева жағалауына орналастыру туралы шешімінсіз көзге елестету қиынға соғар еді. Сол уақыттағы қала салуға кедергі келтіретін табиғи жағдайлардың қиындығына қарамастан, ел астанасы салынып бітті. Ұлы реформатор «Еуропаға терезе аша» отырып, елдің ұзақ уақытқа гүлденуі мен өркендеуінің бағыт-бағдарын анықтады. Петербург мемлекет астанасының тарихи миссиясын орындап, қазіргі кезде тек Ресейдің ғана емес, Еуропаның, тіпті бүкіл әлемнің экономикалық мәдени және ғылыми орталығы болып табылады. Әрине, астананы ауыстыру жөніндегі әлемдік тәжірибелерді айта берсек, көптеген мысалдар келтіруге болады. Түркі-монғол дүниесі саяси орталыққа ат беруде ерекше ұстамдылық танытқан. Саяси үстемдік құмарлықты білдіретін немесе мемлекет пен билікшіні мадақтайтын дәріптемелік сипаттамалар атымен ұшыраспайды. Көбіне-көп оның мемлекеттің саяси орталығы екендігін білдірумен ғана шектелген. Қарақорым – әскери қосын қонатын орын. Ұрға – әскер басының ордасы тұратын тұрақ. Сарай – билік мекемесі орналасқан жай. Олар бұл қағиданы өздері үстемдік еткен кеңістікте де кеңінен дарыта білген. Мәселен, Пекинді монғолдар Ханбалгат (патша қала) деп атаса, қытайлар Бэйцзин – солтүстік астана, ал Нанкинді Нанцзин – оңтүстік астана деп атаған. Жапондар да ескі астанасын Киото – батыс астана, жаңа астанасын Токио – шығыс астана деп атаған. Бұл батыс елдеріне тән дәстүр. Славян дүниесі Византия астанасы Константинопольді Царь-град – патша қала атаған. Кингстон – король тұратын қала атауы соған куә. Сондықтан жаңа саяси орталығымызды жай ғана Астана атауымыздың тарихи дәстүрлерімен қай тұрғыдан келсек те, терең қабысады. Өткен ғасырларда астананың орнын ауыстыру тек қана сол кездегі жауапкершілік себептерге байланысты болса, ал XX ғасырдың ортасынан бастап геосаясатқа, экологияға, демографияға қатысты басқа бағыт алды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттің астанасын Ақмолаға көшіру туралы Жарлығын шет ел басшылары түсіністікпен қабылдап, геосаяси мәнге ие деп бағалауда осы күнге дейін. Еуразия құрлығының дәл «жүрегінде» орналасқан Астананың XXI ғасырда халықаралық саясаттағы маңызды орталыққа айналу мүмкіншілігі бар. Жаңа астананың көркеюі үшін өндірістік нысандар, әлеуметтік инфрақұрылымдар, әуежайлар, әлемдік деңгейдегі кеңселер және қонақ үйлер салу жағынан көптеген перспективалық артықшылықтары бар. Еліміздің астанасын көшіру халықаралық байланысты тереңдетуге үлкен септігін тигізуде. Мемлекет астанасының орналасу орны қазіргі таңда жолаушылар және жүк тасымалдаудың, сонымен қоса телекоммуникацияның, үлкен халықаралық транзитті жолдар торабының түйісетін орталығы болып отыр. Атап айтқанда, кіндік қала Еуропа елдерін Азия Тынық мұхит аймағының жылдам дамумен келе жатқан аудандарымен тез және сенімді түрде байланыстырады. Бас қаланың Астана деген атауына келетін болсақ, оның біршене негіздері бойынша артықшылығы бар. Атап айтқанда, оның бір ғана түсіндірмесі бар және де бұл сөз нақты айшықталған мәнге ие. Астана атауы ешқандай да келеңсіз саяси немесе тарихи ұғындыруларға салынбаған. Жаңа атау құлаққа жағымды естіледі және графикалық тұрғыда мемлекеттік тілде де, сондай-ақ негізгі халықаралық тілдерде де сәтті көрінеді, оның үстіне естілу әуезі іс жүзінде ешқандай өзгеріске ұшырамайды. Қазақстанның аумақтық бөлінбейтін біртұтастығы Ата Заңда бекітілген. Қазіргі егеменді еліміздің шекарасы республиканың қауіпсіздік кепілі болып табылатынын бүкіл әлемдік қауымдастық таныған. Қазақстан астанасының көшуі республикадағы этникалық ахуалды нығайтуға және біздің елдің халықаралық ынтымақтастықтың белсенді мүшесі болуға бағытталған. Анығында, Заң Қазақстан Республикасы астанасының құқықтық мәртебесін, жұмыс істеуінің ұйымдық саясатын және экономикалық негіздерін айқындайды. Асылында, ар да арда Астананы әспеттеуді қазақ ақыны Тұманбай Молдағалиевтің мына өлең жолдарымен түйіндегеніміз жөн: Аман бол, қазағымның арыстаны, Жер соғып қала берсін алысқаны. Бәрін ал, алам деген биігіңнің Жарық ал жұлдыздардан алыстағы. Үмітпен ертеңіне қарады ұл-қыз, Бір нұрға жаңа толды жанарымыз. Астана, жаңа Астана, жан Астана Жерге кеп қона қалған дара жұлдыз. құрастырған Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы [i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағығының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |