23:00
Ауылдағы келелі жиын

ӘҢГІМЕ ӨЗЕГІ – МАЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ һәм ОРМАН АМАНДЫҒЫ

Жуырда Бесқарағай ауылындағы Қызылағаш ауылдық округіғимаратының мәжіліс залында облыс және аудан орталығынан келген мамандардың қатысуымен келелі жиын өткізілді.ондағы әңгімеге өзек болғаны – жеке меншік үлесіндегі төрт түлік малдың денсаулығы һәм жар жағалай орын тепкен орманның амандығы. Жиынды тізгіндеген ауыл әкімі Ж.Байтілеуова мәжіліс залына жиналған бесқарағайлықтарға жиынға келген мейман мамандарды таныстырды. Сондағысы – Павлодар облысы табиғи ресурстар жәнетабиғатты пайдалану басқармасына қарасты Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің биолог- аң аулау танушысы Л.Оралтаева, Лебяжі аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Н.Жолмағамбетов, Лебяжі телемұнара басшысы А.Савицкий, Лебяжі аудандық мәслихаты хатшысы Қ.Әлтаев, Қарақала орман қорығының қорықшысыТ.Сейітов.

Жиынды ашқан Жанат Шоқанқызы аудан бойынша бруцеллез ауруына шалдыққан малдың жағдайына алаңдаушылық білдіре келе, көкейкесті мәселенің мән-жайын толығырақ ашу бағытымен сөз тізгінін Н.Жолмағамбетовке берді. Нұрлан Тоқсанбайұлы өз кезегінде бұл тақырып аясын көңілді күпті ететін жайттармен кеңітті. Бруцеллез ауруына шалдыққан мал статистикасына сүйенетін болсақ, Баймолдин ауылдық округі бойынша 8 бас, Жамбыл ауылдық округі бойынша екі бас, Қызыләскер ауылдық округінде 66 бас, аудан орталығы Аққу ауылында тоғыз бас, Майқарағай ауылдық округінде төрт бас, Малыбай ауылдық округінде 132 бас, Шарбақты ауылдық округінде 98 бас, Шақа ауылдық округінде екі бас, Ямышев ауылдық округінде 156 бас малда анықталып отыр екен қазіргі таңда. Атынан ат үркетін осынау мал дертінен тек Қызылағаш ауылдық округі саналатын Бесқарағай елді мекені ғана дін аман болып табылып отыр. Аймақ бойынша бруцеллез ауруының өршуі бойынша Баянауыл ауданынан кейін «екінші орынды иемденудеміз» екен. Ауданымыздың бас ветеринары дерт жайлап отырған елді мекендерден мал ауыстырып-түйістіруде, одан қала берді сол жақтардан мал азығы шөпті сатып-саудалауда сақтық шараларын жіті ескеруді шегелеп тұрып айтты. Бруцеллезге шалдыққан малдың төліне де бұл дерт жұғады. Әсіресе мал дәрігерлерінің құнды ақыл-кеңесіне саналы түрде жүгінегу шақырды. Ал адам денсаулығына аса қауіпті бруцеллез ауруының алдын алу үшін қолдағы жеке меншік малға жаппай РВ-51 деп аталатын дәрі вакцинасын жаппай егу керек. Құны бар болғаны 500 теңгені құрайтын аталмыш екпені жылына бір рет ексе болғаны. Оның үстіне бұл екпе мал қанында бір ай бойы ғана болады. Қалау бойынша екінші қайыра еккенде, малдың иммундік жүйесі бруцеллезге төтеп беретін қорғаныс күшке ие болады. Тәжірибеден бірнеше рет сыналған аталмыш вакцинаның пәрмені мал дәрігерлерінің көңілінен шығып, өзін оңтайлы жағынан танытқанға ұқсайды. Демек, ендігі кезекте малды осы ем-дом арқылы аман сақтап қалуға кепілдік туындап отыр.

Өз әңгімесін одан ары өрбіткен Нұрлан Тоқсанбайұлы мал сойып тапсыруда арнайы анықтаманы алу ретіне де тоқталды. Қасапханада сойылған малға ғана анықтама беріледі. Басқа көлеңкелі жағдайларда бұған заңды түрде тыйым салынған. Бармақ басты, көз қыстыға, заңды белінен басып кетуге әсте ешкімге және ешқашан жол берілмейді. Сонымен бірге жылқы малын бірдейлендіру, яғни чиптеуге де тоқталды. Күріштің түйіріндей ғана кішкентай құрылғыны мал екпесінің шприці арқылы арнайы мамандандырылған маман ғана салады. Чиптелген жылқы малы компьютерлік-сканерлік есепте тұрады да көлденең ұры-қарылардың барымташылық әрекетінен аман қалады. Ұдайы жіті бақылауда тұрғандықтан, қайда жүргені анықталып отырады екен. Бір чиптің бағасы 750 теңгені құрайды. Жылқы малын аман сақтап қалу бойынша Нұрлан Тоқсанбайұлы өмірден алынған мысалдарды да жайып салды. Демек, қолды-аяққа тұрмайтын жылқы малын аман сақтауда оны бірдейлейдірудің маңызы күн санап артып келеді. Сайып келгенде, ауданымыздың бас мал дәрігері бесқарайлықтарға төрт түлікті аман сақтау бойынша пайдалы ақыл-кеңесін беруден аянып қалмады.

Әрі аудандық мәслихат хатшысы, әрі осы ауылдан аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған Қанат Мыңтайұлы өз кезегінде жоғарыда әңгіме болған көкейкесті мәселеге асқан азаматтық жауапкершілікпен қарауға ауыл тұрғындарын шақырды.

 Ал сонау аймақ орталығынан ат терлетіп келген биолог-аң аулау танушы Ләззат Қайыржанқызы өз сөзінде бесқарағайлықтарға Табиғат-Ананың баға жетпес байлығы орманды өрттен, басқа да көлденең дерттен сақтап қалу жайында нұсқаулық жүргізді. Орман ішінде отын ағашын дайындауда сол аймақта жауапты болып бекітілген егерьмен, қорықшымен алдын ала ақылдасу қажеттігін, орман аумағында шөп шабуда да заң жүйесіне жүгінуге шақырды. Қарақала орман қорығының қоырқшысы Т.Сейітов облыстан келген маманның сөзін қосымша кеңестермен толықтырып отырды. Кейбір мәселелерге нақты жауаптар алынды. Айталық, орман ішінде болсын, ауыл ішінде болсын бейберекет һәм еш бақылау-қараусыз жүрген төрт түлік малды құрықтауды ауыл сақшысы А.Байғожинге міндеттелді. Сонымен бірге Бесқарағайға қарасты орманды аман сақтау бойынша Қарақала орман қорығының егері Е.Аубакировке де нақты міндеттер жүктелді.

Лебяжі телемұнара басшысы А.Савицкий өз кезегінде ауылда сандық және қашықтық телекөрсетілім тарату жайында кеңінен әңгіме өрбітті. Алексендр Александровичтің айтуына қарағанда, келесі жылдан бастап еліміз бойынша жаппай сандық я жерсерік телерадио хабарларын таратуға көшу көзделіп отыр екен. Сол себепті үйлердің төбелерінен аспанға қарай шошайып тұрған үйреншікті антенналар қажетсіз болып қалатын сияқты. Ал сандық пішіндегі телекөрсетілімдерді қабылдау үшін арнайы таратылым құрылғысын орнатуға тура келеді немесе ел көңілінен шығып жүрген «OTAU TV» жерсеріктік телерадио хабарларын тарату құрылғысын орнатуға болады. Оның қазіргі таңдағы құны 28000 теңгені құрайды. Егер бес үйден кем емес топ ұйымдасқан түрде орнатуға өтініш берсе, онда оны орнату құны бақандай бес мыңға арзанға түсуі мүмкін.

Таңды таңға жалғап, өз тірлік-тіршілігін дөңгелентіп отырған Бесқарағай елді мекенінде орман ішінде, ауыл ішінде бейсауат жүрген ірі қара мен бұзаулар мазалауда. Соңғы кезде орман жиегінде егілген картопқа да бағу-қағусыз жүрген мал аузын сала бастады. Бұдан кейін ауыл тұрғындарының алаңдаушылығы үдей түсті. Созылмалы дерттей әуелден шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – ұялы байланыс сапасы. Кез келген ұялы байланыс операторының дабылы бірде олай, бірде былай. Ауыл мен ауданның, ауыл мен аймақ орталығын жалғайтын жолаушылар үшін қызмет көрсетуге тиіс маршруттық автобус мәселесі де кесе-көлденең жатып алды.

Қорытындылай келе, аталмыш ауылдық келелі жиында күн тәртібіндегі басты-басты мәселелерге нақты-нақты жауаптар алынды. Ат арылтып келген алыс-жақын мамандар бесқарағайлықтарды құнды-құнды ақыл-кеңестерімен сусындатты. Ауылдың өміршең тірлігі заңды түрде жалғасуда.                  

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағығының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 922 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: