12:52
Аудандық спартакиада аясында

БЕСҚАРАҒАЙЛЫҚТАР ЖАРАДЫ

Жыл басынан бері әуелден бекітілген кесте бойынша ұйымдасқан түрде өткізілп жүрген ауыл тұрғындары арасындағы аудандық спартакиадаға Қызылағаш ауылдық округі атынан Бесқарағай ауылының спортшылары үзбей қатысып келді. Бұдан сәл ертеректеу болған волейбол, тоғызқұмалақ, дойбы-шахмат, үстел теннисі, жазғы көпсайыс, шағын футбол жарыс түрлерінде бесқарағайлықтар жүлделі орындардан көріне біліп, жалпы командалық есепте намысты қолдан бермей, не бел, не белбеу кеткенше тырысып, ауылдың намысын тұғырлы үштікке жетелеумен болды.

Жуырда Лебяжі ауданының 75 жылдығына арналған аудандық жазғы, ұлттық жән халықтық түрлері бойынша ХІІІ аудандық спартакиадасының түрліше жас аралығында Президенттік миляны  жүгіруден өткен жарысқа Бесқарағай ауылынан алты желаяқ қатысып, өз бап пен бақтарын сынап көрді.

Аудан орталығы Аққудың Амангелді һәм Иванов көшелерін қамтыған 2400 метр қашықтықты қамтыған асфальт жолын жүгіріп өтуде бесқарағайлықтар барын да, нарын да салып бақты. Мәре сызығын кескен қызылағаштық спортшылардың барлығы жүлделі орындарға иелік етті. Айталық, 18-39 жас аралығында ерлер арасында жарысқа түскен Е.Қойкен екінші орынға, ал әйелдер арасында бағын сынаған А.Молокова үшінші орынға иелік етсе, 40-49 жас аралығындағы тартыста ерлер арасында Б.Ибраһим үшінші орынды қанағат тұтса, әйелдер арасында Г.Сейітова бірінші орынды барынша бағындырса, 50 жастан асқандар арасындағы ерлер жарысында Т.Қалымов екінші орынды иемденсе, әйелдер арасында Ш.Аққазенова тұғырдың бірінші сатысынан бір-ақ көрінді. Құрметтеу рәсімінде жүлдеге ие болған әрбір бесқарағайлық желаяқ мадақтамамен һәм қаржылай жүлделік гонорармен салтанатты түрде марапатталды. Ал жалпы командалық есепте Қызылағаш ауылдық округінің желаяқтары бірінші орынды сөзсіз жеңіп алып, аудандық спартакиаданың жалпы есебінде ұпай қорын едәуір еселетуге септігін тигізді. Оның үстіне жарыстарға ұйымдастырушылық жағынан әділ төрелік еткен қазылардың ортақ шешімімен Президенттік миляға жүгіруде ерекше әдіс пен асқан белсенділік танытқан А.Молокова мен Г.Сейітова жақында өтетін облыстық спартакиадада ауданның намысын қорғауға жолдама алды.

Ал қазақша күрес түрінен болған белдесулерде сексен келі салмақта бабын да, бағын да сынаған Б.Абылғазинов қарсылас шыдатпай, бас жүлдені қанжығасына байласа, елу бес келі салмақта күрескен А.Жұмаш тұғырдың екінші сатысынан көріне білді. Бесқарағайлық екі жүлдегер палуан да мадақтамамен және ақшадай сыйлықпен марапатталды. Осыдан соң жалпы командалық ұпай қоры тағы да бір шама еселенді. Бірінші тұғырды шебер әдісімен бағындарған Б.Абылғазинов облыстық спартакиадада аудан намысын қорғайтын болды.

Жоғарыда әңгіме болған жарыстар тізбесінде жүлдеге іліккен бесқарағайлықтар жайлы жалпылай айтқан едік. Ал бүтінді бөлшектегенде, шағын футболдан өткен аймақтық жарыстарда бесқарағайлық футболшылар үшінші орынды қанағат тұтты. Ауыл құрамасы сапында М.Қазбеков, Е.Аманов, С.Уваков, А.Даулетов, А.Шаймұрат көзге түсе білді. Жазғы көпсайыста А.Садуақасова, А.Жанпейсов белсенділік танытты. Дойбы-шахматта А.Оспанов, Қ.Асанов, А.Бекк тегеурінде ойын өрнегін түзе білді. Тағы-тағы шексіз айта беруге болады.

Негізінен, ауылдар арасындағы аудандық спартакиада жыл сайын жүйелі түрде ұйымдастырылып отырады. Ауылдан тыс жерде өтетін осынау додаларға спортшыларды апарып-әкелу де асқан ұйымдастырушылықты талап етеді. Бұл жағынан Қызылағаш ауылдық округі аппаратында жастар істері мен спорт жұмысын жүйелейтін Гүлзия Дәйкенқызы Сейітованың абыройлы еңбегін ерекше атап өткеніміз абзал.           

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағығының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 1166 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: