18:26
Тірлік түйіткілдері

ЕРКЕКТІҢ ЕСЕР «ЕРКЕКТІГІ»

Жалғанды жан-жағынан қаумалайтын тірлік түйіткілдері теперіш һәм тауқыметке толы. Атылған оқпен тең дөрекілеу-тұрпайылау айтылған сөз бас жармаса да, тас жармаса да әрдайымғы жазығы жоқ естіген құлаққа жағымсыз болады. Көзге бірден көрінетін небір анайылау сипат-көріністер көрген көзге қораш қой әлбетте.

Бірде әлдебір құжаттарға қол қою үшін білдей бір мекеменің ішіне кіріп, оның ішіндегі тиісті орынға барып, құжаттарды ұсынған келіншектің жүзіне қарағанда көгеріп тұрған даққа еріксіз көзім түсіп кетті. Не болғанын қазбалап сұрайтындай менің қай шаруам. Құжаттардың қажетті тұстатырына қолымды қойып шықтым да жөніммен кете бардым. Содан бері алма жүзінде көгерген дағы бар сол келіншектің ажары көз алдымнан кететін емес. Бірақ айтарыма осы бір қарапайым мысал негіз болып отыр.

Қазақты «үйлену оңай, үй болу қиын» деген өміршең нақыл бар. Отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Күнделікті күйбең тірліктің, жанұялық өмірдің қуанышы мен қиындығын бірге бөлісетін отағасы һәм отанасы арасында үйлесімді жарасымдылық та, кереғар кертартпалық та төбе көрсетіп отырады. Жаратушы Иеміз берген мінездер де алуан-алуан. Өмірлік көзқарастар да тарам-тарам. Өкініштісі сол, кей сәттерде отағасы мен отанасы арасында бұрқ ете қалатын ұрыс-керістің аяғы ұр да жық жанжалмен аяқталып тынады. Ал басым бөлігінің «құрбаны» болып отанасы қалады. Сөз таусылғаннан соң отағасы болып отырған еркек бірді жығар білегіне сүйенеді де жұдырығын «шабуылға» жұмсайды. Оның өзінде адамның көркі болатын бет-әлпетіне қарай жұдырықтағаны сондай есер. Нәтижесінде зайыбының ажар-пішініне көзге қораш көрінетін дақ қалдырады. Ал ол дақ бірден жазылмайды, көгерген күйі бірнеше күн қатарынан кетпейді, сыздайды, онсыз да нәзік талшықты ағзалардан құрылымдалған физиологиялық қызметтің қалыпты жұмысына ақау келтіреді. Ал тағдыр қосқан зайыбы көпшіліктің арасында жұмыс істеп жатса, осындай тұрпайылау әлпетпен қалай ғана көзге көріне алады. Қайсыбір сұғанақтана сөз тартып сұрайтындарға әбден жаттанды болып қалған «есіктің тұтқасына соғып алдым», «аңдаусызда бағанға соғылдым» дегенді алдыға тартады, кейбірі қалжың ретінде «асфальт көтеріліп кетті» дегенді де айтады. Еркектің есер «еркектігін» қоздыратын һәм оның биттің қабығындай жұқа жүйкесін тоздыратын факторлар да жетерлік қой. Айталық, отанасы болып отырған зайыбының құлақтың құртын жеп, миды ашытатын тірлік-тауқыметтік «ызыңы», жанұя бюджетін ысырап оңды-солды шашуы, жұбайының жеке ісітеріне келсін-келмесін араласуы және т.с.с. Отағасы болып отырған еркектердің де орынсыз келеңсіздіктері жетерлік. Мәселен, кей кезде шектен шығып кететін қызғаныш, жанұяның «көсемі» ретінде асүйдің, басқа да ұсақ-түйек үй тірлігінің істеріне «қатын басшыдай» араласуы, кей кездері отбасының қаржы министріндей тиын-тебенді санауы...айта берсек толып жатыр. Оның үстіне жанұялық жанжалдың бұлайша артық кетуіне бірден-бір себеп болатын қораш жайттар тағы бар: ішімдікті мөлшерінен артық қабылдау, нашақорлық мен есірткіге құмарлық, тақыр жерге отырғызып, өзінді айыпкер қылып әуре-сарсаңға итермелейтін ойынқұмарлық, бірінің көзіне бірі шөп салушылық... Өкінішке орай, үйде өсіп-өніп келе жатқан бала-балалар жанұялық жанжалдың еріксіз куәгерлері болады. Көзбен көреді, құлақпен естиді...өскенде сол көріп-естігендерін істейді. Ұлы көршілеріміздің «ұрса, онда сүйеді» деген мақал-мәтелі бар. Бұл айтылғанның мән-мазмұны баяғыда-ақ жоғалған. Өзі қамшының сабындай, өзі көз ілеспес елес-сағымдай жалған-өмірде адамдардың өзара сыйластығына, түсіністігіне, иманжүзділігіне жетер ғанибет бар ма, шіркін!    

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 805 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: