13:14
Сақтықта қорлық жоқ

ӨМІРГЕ ҚАУІП ТӨНДІРЕТІН АПАТТЫ НЫСАНДАР

Жалғанда адам өмірінен қымбатты абыройлы қазына жоқ шығар. Өлшеп берген дәуренді қауіп-қатерсіз өткізуге ешқандай кедергі болмаса екен деп Жаратшуы Иемізге құлшылық жасаймыз әлбетте. Ал қандай да бір қиындықтың алдын алу үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстануымыз керек.

Өз арнасымен ағып жатқан қарт Ертісті жар жағалай орын тепкен ауылдардың бірі – Бесқарағай. «Бірлік түбі – тірлікті» өмірлік бағыт еткен ауылдың осынау ауыл болғанына да сексен жылдан асып бара жатыр. Кеңестер заманында ұжымшарлы-кеңшарлы болған бұл елді мекен де бабалар аңсаған Тәуелсіздік таңы атысымен өзге ауылдар сияқты нарықтық экономиканың сүрлеуіне түсті. Акционерлік қоғам да болды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік те болды. Бірнеше нысандар жабылды. Қиратылды, бұзылды. Тиын-тебенге сыртқа сатылды.

Зәулім нысандардың ішінде қазіргі таңда тек Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі ғана қалды. Ал мектеп ғимаратына қасқайып тұрған кезіндегі Мәдениет үйі апатты жағдайда тұрғанына тоғызыншы жылдың жүзіне айналып отыр. Екі мыңыншы жылдардың ортасында тозығы жеткен төбесі опырылып, ішінен аспан сығалағаннан есігінен қара құлып салынды да жабылды. Бастапқыда күзетілді. Уақыт өте келе еш қараусыз қалған осынау зәулім нысан өзінің жеке қара басының қамын ойлағандардың талан-таражына түсті. Қазіргі сиқы үрей тудырарлық.  Оның үстіне соңғы кезде мектеп жасындағы оқушылар да бұл апатты ғимаратқа кіруді жиілетіп жүр. Жылдың төрт мезгілінде болып тұратын жауын-шашындар төбесі апандай тесік, әйнек-терезелерінен жұрдай, қабырғалары қақырап тұрған Мәдениет үйінің күйін жылдан-жылға тоздыруда. Ал оны күрделі түрде жөндеуде не мүлдем бұзуға әкімқаралар қаражат таппауда. Мектептің әкімшілігі де, сынып жетекшілері де оқушыларға қауіпсіздік шаралары туралы сақтық нұсқаулықтарын ескертудей-ақ ескертуде, айтудай-ақ айтуда.

Ауылдың оңтүстік бағытында сонадайдан төбе көрсетіп тұрған тағы бір алып апатты нысан тұр. Бұл – кезінде бүкіл ауылдың жылумен қамтамасыз етуге арналған жылу қзазандығының ғимараты. Не керек, қыруар қаржыға тұрғызылған осынау нысанның игілігін бесқарағайлықтар көрмеді ақыры. Тоқсаныншы жылдардың басындағы алмағайып заманда қаржы тапшылығы мәңгілікке тұсады да тастады. Содан оның ішіндегі құрал-құрылғылар жұлғанның қолында, тістегеннің аузында кете барды. Бүгінгі күні үңірейген үлкен ғимаратында көлеңкелеген, жауын-шашыннан тасаланған төрт түлік малды, кей-кейде оңай олжа іздеген үлкен-баланы кездестіруге болады.

Сонымен бірге ауылдың ішінде жартылай қиратылып, қараусыз қалған апатты ескі үйлер де бар. Қол-аяғы жүйрік һәм ойынқұмар балалардың қайсыбірі жер жетпегендей солардың ішінде, төбесінде жүруге құмар-ақ. Осындай жағдайлар үрей тудырады.

Осыдан тоғыз жыл бұрын қақыраған апатты үйдің орнында асыр салып ойнап жүрген балалардың бірін құлауға шақ тұрған тұтастай қабырға басып, мерт қылды, қыршынан өмірін қиды.

Кезінде үңірейіп тұрған екі қабатты панельді үйлер бұзылды да жермен жексен болды әйтеуір. Былтырғы жылдың жазында ұзағынан апатты нысан болып тұрған зәулім балабақша ғимаратын бәз біреулер аман-есен бұзып алып кетті.

Тұрғындары азайып бара жатқан Бесқарағай ауылында ғана жоғарыда сөз болған һәм адамның өміріне қауіп төндіретін апатты нысандар бар. Ал аймақ-аудан аумағында осындай ғимараттар қаншама. Әрине, кейбіреулерін күрделі жөндеуден өткізіп, әлеумет пен қоғамның қажетіне жаратып жатқаны қуантады. Қайсыбір кезде қауіп төндірмейтіндей етіп бөлшектеп-бөлшектеп бұзады да құрылыс материалдары ретінде қажетке жаратады.

Сайып келгенде, қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтау елді мекен тұрғындарының өмірін мейілінше қауіпсіз етуге өлшеусіз септігін тигізеді. Сақтықта қорлық жоқ.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1038 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: