12:14 Әлеуметтік мұқтаждық | |
МЕКТЕП ҒИМАРАТЫНА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ КЕРЕК-АҚ Жалпы орта білім берумен тірлігін жасап отырған Бесқарағай ауылындағы мектептің қазіргі ғимаратының бой көтеріп, қолданысқа берілгеніне де елу екі жылдың жүзіне айналып отыр. 1962 жылы іргесі толық қаланып болған аталмыш оқу орнының өзгелерге ұқсамайтын һәм өзіндік тарихы бар. 1932 жылы ұжымшар, бара-бара кеңшар құзырына ие болған осынау құтты ауылда әңгімеге арқау болып отырған Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі ғимаратына дейін де мектеп үйлері болды. Тек олардың көлемі шағын, ал оларда білім алған оқушылар саны шамалы еді. Тұрғындар саны еселенуіне байланысты көлемдірек мектеп ғимаратын тұрғызу өзінен-өзі сұранып тұрды. ХХ ғасырдың 60-жылдары атақты асыл тұқымды солтүстік меринос қойды өсірумен даңқы сонау Мәскеуге дейін шарықтаған кезде ауыл тізгініне ие болып, асқан абыройлықпен іскерлік танытқан директор Будилов Бесқарағайда бір емес, бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандарды тұрғызды. Атап айтсақ, қазіргі Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің қазіргі қолданыстағы ғимараты да, апатты жағдайда тұрған Мәдениет үйі де, тек қиранды үйінділері ғана қалған кезіндегі зәулім балабақша және ауылдық кеңсе де сол Будилов заманының құрылыстары ғой. Не керек, жарты ғасырдан аса уақыт жылжып өтсе де, мектеп ғимараты сондайма күрделі жөндеуді бастан кешірген емес. Әрине, жыл сайын болатын ағымдағы жөндеу-жабдықтау жұмыстары ұдайы жүзеге асырылды. Оның үстіне 1996 жылы мектепті автономды түрде өз алдына жылытатын от қазандығы да ғимараттың бүйірінен шығарылды. Бірақ техникалық қауіпсіздікке байланысты 2009 жылы ол жабылды да, мектептен сәл алшақтау жерден су жаңа от қазандығы тағы салынды. Бірақ мектеп ғимаратында осынау ауқымды күрделі жөндеу орын алмағаны белгілі. Қазіргі таңда мектептің материалдық жағдайы тозып тұр. Терезелердің жақтаулары тозғандықтан бастапқы қалпынан айырылып, арасынан жел ысқырып тұрады. Терезелердің әйнектері қырық жамау, олардың да арасынан жел әндетуде. Әсіресе екпіні адуынды жел соққанда, әзер-мәзер ілініп тұрған әйнек шынылары мазаны алады. Қанша жылдан бері спортзалдың төбесі селдете соққан жауын-шашында «жылап» тамшылайды. Мектептің шаруашылық қызметкерлері оны қолдан келгенше жамаумен болса да, нәтиже мәз болмай тұр. Оқу дәрісханаларының есіктері де әбден ескірді. Тоқпен, жарықпен қамтамасыз ететін құрылғылар да жаңасына ауыстыруды тілеп тұр. Дәрісханалардың басым бөлігінің жиһаздары, жазу тақталары әбден тозды. Бір сөзбен айтқанда, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебіне кешенді күрделі жөндеу қажет-ақ. Осыдан екі жыл бұрын бір жақсылықтың нышаны қылаң берген еді. Мектепті көлденең де, тігінен де тексеріп шыққан арнайы комиссия мектептің апатты жағдайға бара-бар сиқына көз жеткізіп, қағаздарына түртіп, фотосуретке де қайта-қайта түсірді. Тіпті осынау күрделі жөндеуге бақандай елу миллион теңге бөлінетіні туралы да сөз болған. Содан кейін тыныштық... Ауыл әкімінің биылғы есебінде де лауазымды тұлғалардың аузынан мектеп ғимаратын жөндеу бойынша сыр шертілді. Жобалық-сметалық құжаттаманың егжей-тегжейіне дейін дайын болып, тиісті мекеніне жөнелтілгені қашан. Десе де «баяғы жартас сол жартас». Ал әзір жылу қазандығы қуаты әлсіз, тозған терезелерінен ұдайы жел соғып тұратын, жұмсақтап айтқанда, салқын мектепте оқушыларымыз оқу-тәрбие алуға мәжбүр. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқаарғай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |