Таңғы балғындық елі һәм Күншығыс елі әлем футбол тарихының жаңа парағын ашты. Ақтық доданы бірігіп өткізу құқын бұл екі ел 1996 жылы алған еді. Сол кезде ФИФА шенеуніктері екі айтарлықтай қадам жасады: бұған дейін мундиаль ешқашан Азия құрлығында болған емес, бұған дейін ешқашан ақтық сынға қатысушы құрама командаларды бірден екі елі қабылдаған емес. Егер Еуропа чемпионаттарын ұйымдастыруда жоғарыда сөз болған инициативаның екіншісі УЕФА-ның жан-жақты қолдауына ие болса, ал халықаралық федерация азиялық тәжірибеден соң бұдан үзілді-кесілді бас тартты. Сондағы негізгі уәж – екеуара ұйымдастырушыларда бас ауырқан мәселелер тым көп болды. Дегенмен орын алған әрдайымғы келеңсіздіктерге қарамастан тәжірибе сондайма қызықты өрбіді.
Ақтық мәреге дейінгі іріктеу сынына 199 құрама команда қатысты. Тағы үшеуі іріктеу нәтижелерін күтті – екі бірдей жарыс қожайындары һәм әлем чемпионы Франция. Нәтижесінде 2002 жылғы әлем чемпионатына кезінде әлем Кубогіне иелік еткен барлық мықты құрамалар ат басын тіреді. Сонымен француздарға Аргентина, Бразилия, Англия, Германия, Италия және Уругвай қосылды. Осынау жүз пайыздық чемпиондық көрсеткіш бұған дейінгі ешбір мундиальда болған емес.
Топтық кезең футбол алпауыттары үшін сондай сәтсіз болды. Айталық, Франция құрамасы өзінің чемпиондық тәж-құзырына сәйкес келмейтін сүреңсіздік танытты. Ол ол ма, тәж иелері бұған дейін дәл осындай нашар ойнамаған еді. Жарақатына байланысты қатыса алмаған Зинедин Зидансыз «үшжолақтылар» не бір де бір жеңіске, не бір де бір соғылған голға қол жеткізе алмай, жаһандық масқараға ұшырады. Бүтінді бөлшектесек, Сеулде өткен әлем біріншілігі шымылдығын ашқан ойында олар жарыстардың жарқ еткен жұлдыздарының біріне айналған Сенегал құрамасына ұтылды, екінші ойында Уругвай құрамасымен есеп ашылмаған тең нәтиже көрсетіп қана қоймай, келесі ойынға алаңнан қуылған Тьерри Анрисыз қалды, ал топтық кезеңнің үшінші ойынында Дания құрамасынан оңбастай және ұтылды.
Тағы екі фаворит, Португалия және Аргентина, бірінші кезеңнен кейін үйлеріне қайтуға мәжбүр болды. Еуропалық бразилдіктер саналатын португалдықтар Польша командасын жеңгенмен, жарыс басында АҚШ құрамасынан және топтық кезеңнің соңында Оңтүстік Корея құрамасынан жеңілістің ащы дәмін татты. Португалдықтарды жеңген осы екі құрама плей-офф кезеңіне шықты ақыры. Ал аргентиндіктер өз кезегінде Дэвид Бекхэм он бір метрлік айып соққысынан соққан жалғыз гол арқылы Англия командасынан жеңілді. Жартылай қорғаушы осыдан төрт жыл бұрын Францияда өткен мундиальда дәл осы қарсыластармен болған ойында алаңнан қуылған кезде, командасын қапыда қалдырған жағдайды ұзағынан ұмыта алмай жүрді. Азияда оған бұл тығырықтан шығуға мүмкіндік туды. Осы ойыннан соң аргентиндіктер тек жеңісті ғана талап етіп тұрған Швеция құрамасымен болған кездесуде тең нәтижені қанағат тұтуға мәжбүр болды да үйлеріне қайтты.
Тпотық кезеңде бір де бір ұпайды Испания және бразилия құрамалары ғана жоғалтқан жоқ. Германия 2002 жылғы мундиальда, бұған дейінгі іріктеу кезеңінде Англиядан 1:5 есебімен оңбастай ұтылғаннан кейін, тың күш арқылы өздерінің гранд құзырын дәлелдеуге кірісті. Айталық, Сауд Арабиясы құрамасын 8:0 есебімен тас-талқан еткен ойында неміс шабуылшысы Мирослав Клозе хет-трик жасады. Қытай құрамасын жаттықтырып әкелген Бора Милутиновичтің де жолы болмады. Айта кету керек, бұл жаттықтырушы осымен бесінші рет қатарынан әлем чемпионатының ақтық додасына бес түрлі құрама команданы жаттықтырып келді.
Жарыс қожайындарының бірі Жапония, онымен бірге Бельгия, Тунис және Ресей құрамалары қатысқан төрттікті ең азусыз топ деп есептеді футбол мамандары. Әйгілі маман Олег Романцев жаттықтырған ресейліктер жарыс жолын африкалық аутсайдер есептелеген тунистіктерді жеңумен бастады. Одан кейін неміс төрешісі Маркус Мерктің ресейлік футболшы Игорь Семшовке қарсы бұзылған ойын ережесі үшін он бір метрлік айып добын белгілемеген күмәнді шешімі салдарынан жапондықтарға ұтылды. Топтық кезеңнің шешуші ойынында ортаңқол бельгиялықтармен ауадай қажет болған тең нәтижеге ол жеткізе алмай, жеңілуге тура келді. Азиялық чемпионатпен Ресей құрамасы Дмитрий Сычевтің көз жасымен қоштасты, ал оны сол сәтте Александр Кержаков жұбатты. Жасындай жас екі форвард жарыс соңында құрама ойынын айтарлықтай күшейтті. Осыдан соң дамып келе жатқан тамаша байланыс арманы жайында әңгіме де жүрді. Тек сол арман да, сол екі сыбайластың тамаша ойыны да бұдан кейінгі екі мундиальда жүзеге аспады, себебі Ресей құрамасы іріктеу кезеңінен шыға алмай, жолдалардан тыс қалды.
Плей-офф кезеңінде Сенегал командасы таң қалдыруды жалғастырды. Анри Камараның алтын голы арқылы Швеция құрамасын қапыда қалдырды. Бірақ келесі кезеңде дәл осындай ереже бойынша бұған дейін плей-офф кезеңінің бірінші раундында Жапонияны тізе бүктірген Түркия құрама командасынан ұтылды. Есесіне екінші жарыс қожайындары жартылай финалға дейін қол жеткізді. Гусс Хиддинк жаттықтырған Оңтүстік Кореяның Италия және Испания командаларын жеңген ойындарынан соң жайсыз жайттар қалды. Айталық, «Скуадра адзурра» (Италия) кәрістерге қосымша уақытта ғана жеңілді, ал «Фурия Роха» (Испания) он бір метрлік айып соққысы сериясында ғана жеңіліс тапты. Екі ойында да азиялықтар пайдасына қарай шешілген дүдәмал төрешілер қателіктері төбе көрсетті. Мәселен, испандықтар екі мәрте гол соққанына қарамастан, екеуін де санамай қойды.
Тұңғыш рет жекелей алған мундиальдің сегіз мықты құрамаларының қатары сондай «алапес» болып шықты: ширек финалдық ойындарда Еуропадан да, Солтүстік Америкадан да, Оңтүстік Америкадан да, Африкадан да, Азиядан да құрама командалар қатысты. Осы кезеңде Бразилия Рональдиньоның айып алаңынан қашықтау шірене соққан ерекше голы арқылы ағылшын қақпашысы Дэвид Симэн және бүкіл англия құрамасына сәлем жолдап, қапыда қалдырды. Американдықтар немістермен болған кездесуде қақпа сызығында қолымен ойнап қойған Торстен Фрингс үшін қарсыластарды он бір метрлік айып соққысымен жазалауда талап етті. Гусс Хиддинк командасының жолын дәл сол Германия құрамасы бөгеді. Михаэль Баллак бастаған бундестим финалға дейінгі үш кездесуде 1:0 есебімен тиісінше Парагвай, АҚШ және Оңтүстік Корея құрамаларын ұтты. Жартылай финалға дейін жеткен кәрістер әлем чемпионаттарындағы азиялық рекордты жаңартты. Бұған дейін олардың көршілері Солтүстік Корея құрама командасы 1966 жылғы әлем біріншілігінде ширек финалға дейін қол жеткізген еді. Жартылай финалда сары қағазбен ескерту алған Баллак финалдық ойынға қатыса алмайтын болды. Екінші жартылай финалда Роналдо соққан гол арқылы Бразилия командасы Түркиядан айласын асырды. Үшінші орын үшін болған тартыста 1954 жылғы әлем чемпионатынан кейін ғана қатысып отырған түріктер нәтижелі ойында Оңтүстік Кореяны ұтты да қола медальдарды омыраулады. Дегенмен бұл сәтсіздік таңғы балғындық еліне хиддинкомания «дертіне» барынша шалдығуға кедергі келтірмеді. Ұлттық құраманы осынау деңгейге дейін жеткізген голландық жаттықтырушының атақ-даңқы асқарлана аспандады.
Финал тағдыры Йокогамада өткен керемет неміс қақпашысы Оливер Кан һәм тамаша бразилдік форвард Роналдо арасындағы тартыста шешілді. Екінші таймда футбол Феномені екі гол соғып, дубль жасады да командалық жеңіске қоса доданың сұрмергені атандырған өзіне ғана тиесілі «Алтын бутсаны» қанжығалады. Айта кетерлік жайт, ақтық жарыстарда бір ойыншының сегіз гол соғуы 1970 жылы Мексикада болған әлем чемпионатынан тіркелмеген еді, ал мексикалық алаңдарда неміс шабуылшысы Герд Мюллер бірден он гол соққан еді ғой. Луис Фелипе Сколари жаттықтырған Бразилия құрама командасы өзінің футболдың ең алпауыт елі құзырын артық рет дәлелдеді де пентакампеон (бес дүркін әлем чемпионы) атанды. Ал олардың капитаны Кафу әлем чемпионатының қатарынан үш финалдық ойынына қатысқан тұңғыш футболшы болып футболдан әлем чемпионаттарының тарихына кірді. Сонымен бірге оңтүстікамерикандықтар тағы бір жетістіктің авторы атанды: әлем чемпионаттарының ақтық жарыстары өткізілген барлық құрлықтарда олар әлем кубогіне иелік етті! Бәрекелді!
|