Францияда өткізілген он алтыншы әлем чемпионаты бұған дейін болған барлық додалар қатарындағы ең үздігі болып танылды. Тұңғыш рет ақтық жарысқа 32 құрама қатысты. 1982 жылғыдай қатысушылар саны он алтыдан жиырма төртке дейін ұлғайтуда орын алған қауіп-қатердің лебі де сезілді. Дегенмен бұл қауіп, абырой болғанда, орынсыз болды. Доданың танымалдығы таң қалдырды. 64 ойынды 37 миллиард (!) телекөрермен тамашалады, орта есеппен алғанда әр ойынға 78 миллион телекөрерменннен келді. Ал ақтық кездесуді тамашалаған телеаудитория 2 миллиард адамды құрады, ал бұл дегеніміз – ғаламшардың әрбір үшінші тұрғыны.
Кезінде футболдан әлем чемпионатын ойлап тапқан француздар ақыр соңында өздері де оны жеңіп алды. Өткенге көз салсақ, француз Жюль Римэ 1930 жылы ұлттық құрамалар үшін бүкіләлемдік жарыстар өткізу иедясын ұсынып еді. Сөз жоқ, 68 жыл өткен соң Францияның әлем чемпионы атанғанына ол бетер бақытқа бөленді.
Осынау жарыстар жаңадан салынған, бірден 80 мың көрерменді сыйдыра алатын һәм әдемілігімен көздің жауын алатын Стад де Франс стадионында Бразилия және Шотландия құрама командаларының кездесуімен (2-1) ашылды. Топтық жарыстарда бразилдіктердің басты қарсыластары болып, бұған дейін болжанғандай, Норвегия командасы айқындалды. Алғашқы екі ойында Марокко және Шотландия құрамаларымен тең ойнаған (2-2 және 1-1 тиісінше) Норвегияға соңғы ойында бразилдіктерді жеңу ауадай қажет болды. Не керек, норвегиялықтар бұған қол жеткізді – 2:1! Отыз екі жыл ішінде ақтық додаларға үзбей қатысып жүрген бразилдіктер үшін бұл алғашқы жеңіліс еді.
Франция құрамасы өз тобындағы үш ойында да жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне қиналмай-ақ шықты. Ал азулы испандықтардың бұл біріншілікте салы суға кетті. Топтың соңғы ойынында Болгария құрамасын 6:1 есебімен ойсырата ұтса да, жарыстың екінші кезеңіне шыға алмай қалды олар. Аргентина құрамасы топтық кезеңді сенімді түрде бағындырды. Әсіресе Ямайка құрамасына қарсы ойыны (5:0) ұзағынан есте қалды. Хорватия құрамасы барлығына «тосын сый» ұсынды: аргентиндіктерге 0:1 есебімен ұтылғанына қарамастан, нәтижелі ойын көрсетті де, топтағы екінші орын арқылы екінші айналымға шықты.
1/8 финалда Аргентина және Англия құрамалар арасындағы кездесу ең қызықты болды.Сол ойында ағылшын футболшысы Майкл Оуэн доппен бүкіл алаң ұзындығына дерлік қашықтықты бағындырып, оның үстіне қарсыластардың жарты құрамын алдап, әлем чемпионаттары тарихында ең әдемі соғылған голдардың бірін салды да, Англия құрамасын 2:1 есебімен алға шығарды. Соған қарамастан аргентиндіктер есепті теңестіре алды. Негізгі және қосымша уақыт 2:2 болып аяқталған осынау қызыққа толы кездесудің жеңімпазы он бір метрлік айып добын соғу сериясында анықталды. Сәттілік аргентиндіктерге серік болды бұл жолы. Француздар өз ойыншысы Бланның соққан голы арқылы Парагвай құрамасын қосымша уақытта ғана 1:0 есебімен ұта алды.
Ойыннан соңғы он бір метрлік айып соққысы сериясыз Франция мен Италия құрамалары арасындағы ширек финалдық ойында да болмады. Негізгі уақытта гол соғылмады, ал он бір метрлік айып соққысы сериясында француздар 4:3 есебімен жеңіске жетті. Бразилдіктер өте қызықты ойында 3:2 есебімен даниялықтарды ұтты. Германия және Хорватия арасындағы ширек финалдық ойын күтпеген нәтижемен аяқталды. Хорваттықтар жарыстардың басты фавориттеріне ешқандай мүмкіндік қалдырмады – 3:0. Германия құрамасының ойыншысы Лотар Маттеус әлем чемпионаттарында өзінің жиырма бесінші кездесуін өткізді. Бұл – әлем біріншіліктерінің рекорды! Ойынның соңғы минөтінде Деннис Бергкамптың керемет голы арқасында Голландия құрамасы Аргентина командасын 2:1 есебімен жеңді.
Марсельде өткен бірінші жартылай финалдық ойында Бразилия құрамасының шабуылшысы Роналдо голландықтар қақпасына гол соғып, 1:0 есебімен өз командасын алға шығарса, ойын аяқталуға үш минөт қалғанда голландық футболшы Патрик Клюйверт есепті теңестірді. Ойын тағдыры тағы да ойыннан соңғы он бір метрлік айып добы сериясында шешілді. Бұл жағдайда бразилдік қақпашы Таффарел өзін керемет жағынан көрсетті, жеме-жемге келгенде голландық ойыншы Роналд де Бур өз айып соққысынан мүлт кетті де Бразилия құрамасы финалға шықты. Ал екінші жартылай финалда айлалы Эме Жаке жаттықтырып жүрген француздар 2:1 есебімен әупірімдеп жүріп хорваттарды ұтты. Ойын барысында жарыс қожайындары хорваттық шабуылшы Шукердің соққан голынан соң 0:1 есебімен ұтылып жатты. Тек Лилиан Турамның соққан екі голы арқасында ғана финалға жолдаманы жеңіп алды. Голландия құрамасына қарсы өткізген үшінші орын үшін болған тартысты ойында тағы бір гол соққан хорваттық Шукер жиыны алты соғылған голды құраған көрсеткішпен әлем чемпионатының ең үздік сұрмергені танылды да, «Алтын бутсаға» ие болды. Ал 2:1 есебімен жеңіске жеткен Хорватия қола медальді қанжығасына байлады.
Жарыс қожайындары француздар мен әлем чемпиондары бразилдіктер арасында өрбіген ақтық ойын жарқын да қызыққа толы болғанына қарамастан, өзімен бірге сан соқтырған өкінішті де ала келді. Таңертең, финал болатын күні, Роналдо өзін жайсыз сезінді, тек ойынға бірнеше минөт қалғанда ғана оның алаңға шыға алатыны белгілі болды. Өкінішке орай, өз командасының пайдасы үшін Роналдо ойнай алмады ақыры. Бұл жағдай бразилдіктердің аяқтарын тұсады да, олардың адымдарын аштырмады. Есесіне француздар керемет ойнады. Бұрыштамадан қатарынан екі гол соққан Зидан француздарға ойын барысын бақылауға күшті мүмкіндік берді. Ал соңғы жеңіс нүктесін Эммануэль Пети қойды – 3:0! Бұған дейін ақтық ойындарда үш доптық айырма 1970 жылы тіркелген екен: Бразилия Италияны 4:1 есебімен ұтқан сонда. Финалдық ойын аяқталғаннан соң Париж көшелері миллиондаған адаммен лықа толы. Тарихи жеңісті тойлау бірнеше күнге созылды.
|