АҚШ елінде тұңғыш рет өткізілген әлем чемпионаты өз кезегінде жарқырап шыққан ешбір команданы, ешбір футболшыны, тактика жағынан ешбір жаңа ойын өрнегін ашқан жоқ. Есесіне бұл спорт түріне деген ғажайып қызығушылық танытумен таң қалдырды, өйткені аталмыш елде футбол рейтинг бойынша екінші ондықтың, мүмкін одан кейіндеу орынды қанағат тұтады. Стадионға келген көрермендер саны жағынан аталмыш чемпионат өзінен бұрынғы додаларды әжептәуір шаң қаптырып кетті.
Ресей футбол құрамасы топтық кезеңнің алғашқы екі турында ұсқынсыз да жігерсіз ойынымен танылды, содан соң бұл команда өз қолжүктерін жинастырып, мароккандықтар һәм гректер істегендей, жарысты ың-шыңсыз тастап жүре беру кезі туындады. Олар жарыс жолын үшінші турдан соң тоқтатты да, тек соңғы ойында айды аспанға бір-ақ шығарды. Өздерінен соң есікті тарс етіп жапқаны сондай – басқа құрлықтарда әйнек-терезелер дір етті. Бір сөзбен айтқанда, Американы ғана емес, бүкіл футбол әлемін осыдан төрт жыл бұрынғыдай тағы да таң қалдырды.
Қоштасу ойынында ресейліктер осынау додадағы ең ірі есеппен Камерун құрамасын ұтты – 6:1! Ресейлік шабуылшы Саленко сол ойыннан кейін сұрмергендер көшін бастады да, ақыр соңында «Алтын бутсаны» қанжығасына байлады. Камерундықтар қақпасына бірден бес гол соққан Саленко әлемдік рекорд орнатты! Әлем чемпионаттарында бір ойынша осыншама голды ешкім ешқашан һәм ешқайда соққан емес.
Итальяндықтар сүреңсіз ойнады. Бір ғажабы, бір ойыншыға кеміп қалған сәттен бастап олардың ойыны өзгеріп шыға келді. Норвегия құрамасымен болған кездесуде олардың қақпашысын бірінші таймда-ақ алаңнан қуып жібрді, ал итальяндықтар гол соқты да жеңіске жетті. Нигерия құрамасымен ойнаған кезде 0:1 есебімен ұтылып жатты, ол аздай итальяндық футболшы Дзола алаңнан қуылды. Не болды дейсіздер ғой? Ойынның негізгі уақыты аяқталуға бір минөт қалғанда Роберто Баджо есепті теңестірді, ал жарты сағатқа шақталған қосымша уақытта сол Баджо екінші гол соғып, жеңіске тағы қол жеткізді. Салыстырмалы түрде айтқанда, итальяндықтар тең құрамда қарсыластарымен жалпылай алғанда 5:5 есебімен тең түссе, бір ойыншыға кем құрамда қарсыластарын 3:0 (!) есебімен ойсырата жеңген екен. Осындай жағдаймен ақтық ойынға да жетті олар. Парадокс!
Екі түрлі сипатта Аргентина құрамасы да көрінді: біріншісі – Марадонамен, екіншісі – Марадонасыз. Диего алаңға шыққан кезде, оның бет-жүзі әдемі, әдісті, ақылды, нәтижелі ойынымен көз тарттырды һәм көз тойдырды. Дегенмен Марадона бар жерде жанжалсыз тағы болмады. Екінші ойыннан соң допинг-бақылау «жұлдызды» тыйым салынған стимулятор-қоздырғыштарды пайдаланғанын әшкереледі. Нәтижесі сол – дисквалификация, яғни жарыстардан аластату.
Марадонасыз аргентиналық құраманың ажары ұсқынсыздалды. Өзінің көшбасшысы қатысқан екі кездесуде аргентиналық команда қарсыластарын 6:1 есебімен ұтса, ол қатыспаған ойындар нәтижесі мынадай: екі ұтылыс, екі гол соғылды да бес гол жіберіліп алды. «Футболдағы тұлғаның рөлі» тақырыбына көрнекілік иллюстрация ғой әлбетте.
Топтық кезеңде бразилдіктер өздерін жақсы көрсетті. Кезінде Пеле, Гарринча және компания атойлатқан фейерверк олар қатысқан ойындарда, әрине, байқалған жоқ. Кейінгі жас толқын футболшылар жекелей жасындай жарқырауымен ара-арасында жарқ етіп көрінумен шектелсе де, баянды болашақтағы адуынды әлеует нышаны байқалғаны жасырын емес еді. АҚШ-тағы жарыстарда манағы әлеует ашылмады деген пікір қалыптасты. Мұндай жағдайдың орын алуына олардың жаттықтырушысы Карлос Альберто Паррейраның бразилдіктерге тән емес футболға деген тым үнемшіл көзқарасы бірден-бір себепкер болған сыңайлы. Өздерінен бұрынғы әйгілі ойыншылармен салыстырғанда Ромарио, Бебето һәм оларды қолдаушылар қарсылас жақты қорғанына шабуыл жасаған бетте азғантай олжамен шектелді, есесіне өздерінің қорғанысына айтарлықтай көп көңіл бөлді. Ақиқатында, бразилдіктердің сенімді, жинақы, нәтижелі ойынына қарап, олардың ақты ойында қатысатынын болжау қиындық тудырмады. Жеме-жемге келген бразилдіктер өздерінің жанкүйерлерін де, өздерінің қарсыластарын да жерге қаратпады.
Бразилия құрамасының жеңісі заңды болды. Егер Италия командасы ақтық ойын бойында өз қақпасына голды қалайда болсын өткізіп алмауды ойласа, бразилдіктер өз кезегінде итальяндықтарға қалайда болсын гол соғу амалдарын ұдайы іздестірді. Не керек, осынау финал қатардағыдан өзгеше түзілді: тұғыш рет көрермендер ақтық кездесудің негізгі уақытында да, қосымша уақытында да соғылған гол көрмеді – 0:0. Алғаш рет әлем чемпионы ойыннан соңғы он бір метрлік айып соққысы сериясында анықталды.
Өткенге көз жіберсек, 1950 жылғы әлем біріншілігіндегі шешуші Бразилия – Уругвай ойынында бразилдіктерге тең ойын да жеткілікті еді. Ол туралы бразилдіктер ойлады ма екен? Бүкіл ел жарқын, әдемі, нақты жеңісті аңсай күтті... Ал 1950 жылғы ақтық ойын 1994 жылғы ақтық ойынындай 0:0 есебімен аяқталғанда жанкүйерлер торсидасы қалайша әсер етер еді? «Жюль Римэ Кубогін» жоғары көтерген өз сүйіктілері құрметін наразылық білдірген сықырулар қатар көмкеретінін назардан шығармау керек шығар.
1994 жылғы чемпиондық тәж әкелген нөлдік тең ойынға деген әсер жоғарыда сөз болғанға турама-тура кереғар болды: бүкіл ел самба биіне күмп берді. Қуаныштың шегі көрінбеді. Қырық жылдан аса уақыт ішінде адамдардың сана-сезімі оқыс өзгеріп шыға келді! «Физиктер» «лириктерді», ал прагматиктер романтиктерді жеңгені ме? «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім...»
|