1986 жылы Мексика өз жерінде екінші мәрте әлем чемпионатын өткізген алғашқы ел танылғаны белгілі. Төрт жылдан соң дәл сондай қонақжай мәртебеге Италия мемлекеті де ие болды. Итальяндық жаһандық дода мексикандық біріншілік формуласы бойынша айна-қатесіз жүзеге асырылды.
Әлем чемпионаттарын ұйымдастырушылар топтық кезеңде күш-қайраты тең құрама командаларды топтауды құрастыруға ұмтылды. Сондықтан да болар жеребе кезінде фавориттерді ғана емес, аутсайдерлерді де теңдей жайғастыру амалдарын қарастырды. Соңғылардың қатарына итальяндық жарыстарда АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея, Египет, Коста-Рика және Камерун құрамалары жатқызылды. Бұл қатардағы алғашқы үш құрама аутсайдер рөлін болжағандай сипаттады: топтық кездесулердің барлығында жеңілді де жарыстарды тастап кете барды. Қайратты қарсылық көрсеткеніне қарамастан, мысырлықтар да жоғарыдағы үш құраманың кебін киді. Ал Коста-Рика һәм Камерун футболшыларына келетін болсақ, олар өзге командаларға ұпай алып беретін «ойыншық» болумен үзілді-кесілді келіспей, қайратқа мінді де ұйымдастырушылардың болжамын жоққа шығарды. Айталық, костарикандықтар топтық жарыстың жеңімпазы Бразилия құрамасынан ғана жеңілді, есесіне шотландықтар мен шведтерді тізе бүктірді де, оларды мезгілінен бұрын үйлеріне қайтарды. Италия алаңдарында нағыз сенсацияны Камерун құрамасы жасады. Әлем чемпиондары аргентиналықтармен болған беташар ойында-ақ африкалық команда жеңілетініне күмәнмен қарағандар жоқтың қасы болды. Ақиқатында олай болмай шықты. Қобалжу мен үркуді білмеген камерундықтар әрі оқыс, әрі адуынды ойнай білді. Екінші таймда олар гол соқты да кездесу барысындағы алаңнан қуылған екі ойыншысынан айырылып, тоғыз ойыншымен қалғанына қарамастан, жеңісті уыстарында ұстап қалды. Топтық кезеңнің екінші ойынында өзінің сапындағы 37 жасар ардагер футболшы Роже Милланың соққан екі голы арқасында Румынмя құрамасын 2:1 есебімен ұтты. Милла тағы екі допты 1/8 финалдық ойында Колумбия құрамасының қақпасында тулатты. Ширек финалда ағылшындармен болған ойында да камерундықтар жеңіске жетуге жақын болды: 80-минөтке дейін олар 2:1 есебімен алда келе жатты. Бірақ әйгілі ағылшын футболшысы Линекердің орындаған екі он бір метрлік айып соққысы арқасында Англия құрамасы жеңісті жұлып алды. Асылында, камерундықтардың Италиядағы керемет ойыны – күллі африка футболының тамаша жетістігі: әлем футболы тарихында тұңғыш рет қара құрлықтың бір өкілі әлемнің үздік сегіз құрама командасы қатарынан оып тұрып орын алды.
Камерун командасының жетістігіне Кеңес Одағының футбол сүйерлері де бетер қуанды, себебі сол – камерундықтарды кеңестік жаттықтырушы Валерий Непомнящий бас болып дайындады. Додаға қатысқан КСРО құрамасын жаттықтырып алып барған өзінің есімдесі – Валерий Лобановскийден қарағанда оның асығы алшысынан түсті. Ал кеңестік футболшылар Италияда міне толы һәм сын көтермейтін масқараға тап болды. Топтық кезеңде 0:2 есебімен қатарынан Румыния һәм Аргентина құрамаларынан ұтылған Кеңес Одағы құрамасы жарыстарды жалғастырудан тыс қалды.
Әлем чемпионы Аргентина өз кезегінде бұл жарыстарда сәттіліктің арқасында және әупірімдеп жүріп, Марадонаның мінсіз беделі мен ойын тағдыры бір емес, екі рет он бір метрлік айып соққысы сериясында әрбірінді екі соққыны қайтара білген қақпашы Гойкоэчеаның тамаша ойыны арқасында ақтық ойынға дейін жете алды.
Әрине, итальяндық жанкүйерлердің бар назары өздерінің командасына тігілді. Жарыстарға дейін итальяндық тиффозилер (жанкүйерлер) 1934 жылы Италия алаңдарына өткен әлем чемпионатында отандастарының әлемдік біріншіліктің тұңғыш алтынын жеңіп алғанын сағынышпен еске алды да, сол жетістікті тағы да қайалауды талап етті. Оның үстіне 1934 жылғы жеңіске барар жолда чемпионат қожайындары АҚШ, Австрия, Чехословакия командаларын жеңіп еді. 1990 жылғы топтық кезеңде дәл осы үш құрама команда итальяндықтардың қарсыласы болып шыға келді емес пе. Осынау кездейсоқтық әрі кезіндегі тұңғыш жеңістің, әрі сәтімен сабақталған сәттіліктің нышанындай қарастырылды. Осыдан 56 жыл бұрынғыдай жарыс қожайындары топтағы қарсыластардың барлығын жеңумен шектелмей, плей-офф кезеңінде уругвайлықтарды да, ирландықтарды да тізе бүктірді. Аргентина құрамасымен өткізген жартылай финалдық ойында, көпшіліктің пікірі бойынша, әлем чемпиондары өз мәртебелерінен айырылып қалу керек еді. Оның үстіне жарыстың үздік сұрмергені итальяндық Скиллач есеп ашты. Болжанған шешім ауылы көріне бастаған-ды. Ойда жоқта ойында жүрген Марадона «оянды». Оның көздеген пасынан соң есеп теңесті де қалды. Қосымша уақытта аргентиналық футболшы Хиусти алаңнан қуылған кезде жарыс қожайындары ойыншылар басымдығына ие болғанына қарамастан, пайдасын көре алмады. Он бір метрлік айып соққысын орындау сериясында сәттілікке ғана жүгінуге тура келді. Ал ол ренжіді де итальяндықтарға арқасын ғана ұсынды.
Ақтық ойында аргентиналықтардың қарсыласы болып, осыдан төрт жыл бұрынғыдай, ГФР құрамасы суырылып шықты. Кездесу барысында немістердің басымдығы үлкен болды, дее де олар бір-ақ рет гол соға алды: ойынның негізгі уақыты аяқталуға алты минөт қалғанда соғылған он бір метрлік айып соққысы ақтық ойынның тағдырын шешті. Сонымен, ГФР құрамасы, бразилдіктер мен итальяндықтардан кейін, әлем чемпионы атағын өз тарихында үшінші рет жеңіп алған үшінші құрама команда болып әлем чемпионаттарының тарихына кірді.
|