13:20
Ерен "Естелік пойызы"

ТУСТУКОВ ҚАБДУДЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТАРТЫСТЫ ДОДА

Осымен бірнеше жылды артқа тастап бара жатқан Лебяжі ауданындағы «Естелік пойызы» бірегей жобасы өз тағылымдық шапағатымен адамзат игілігін нұрландыруда. Ел болудың іргетасын тіктеу жолында баһадүр ерлігімен де, ерен еңбегімен де дараланып танылған тұлғаларды тағзым ете еске алу аудан орталығында да, ауданға қарасты ауылдарда да сол бір тегі асыл жандардың ұрпақтарының ауызбірлігі арқасында жүзеге асырылу үстінде. Асылында, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын».

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде де бірегей жоба «Естелік пойызының» биылғы аялдамасы болып Ұлы отан соғысының ардагері, ауылдың дамуына өлшеусіз үлес қосқан еңбек ардагері, марқұм Тустуков Қабду Абылұлы айшықталып отыр. Бір жақсысы, мектепте өткізілген волейбол жарысы Ұлы Жеңістің алпыс тоғыз жылдығы қарсаңында ұйымдастырылды. Осынау құрметке ие болып отырған Қабду ақсақал хақында бірқыдыру әңгіме өрбітейік.

Ес білгелі ұжымшар жұмысына белсене араласқан Абылдың Қабдуы 1939 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын атқаруға Қызыл Армияның қаратына шақырылған екен. Екі жыл бойы зениттік артиллерия полкінде әскери қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысы басталысымен өз еркімен майданға аттанды да, өзге жауынгерлердей Отанды опасыз жаулардан қорғау жолында асқан абыройлық танытуға кірісті. Сұрапыл соғыстың алғашқы үш жылында №1338-артиллериялық полкінің пулеметшісі болса, 1944-1946 ж.ж. №864-артиллериялық дивизия бөлімшесінің командирі әскери қызметін атқарды. Өмір мен өлімнің бел кеткенше алысқан қан майданында етігімен су кешіп жүріп, бойындағы жігерімен, қолындағы қаруымен сұм фашистерді шықан індеріне өкшелей қуып, Ұлы Жеңіске де қол жеткізгендердің бірі болды Қ.Тустуков. екінші дүниежүзілік соғыстың жеңімпазы ретінде елге 1946 жылы оралды да, бейбіт өмірдің қызу тірлігіне белсенділік таныта кірісіп кетті. Содан Бесқарағай кеңшарында мал шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойында еңбек етті. Айналасындағы туған-туысқандарына тірек болып, өмірден озғанша дейін үбірлі-шүбірлі отбасының ұйытқысы да бола алды әлбетте.

Қабду Абылұлы майдан даласынан «ІІ дәределі Отан соғысы» орденінің, «Кавказды алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарының иегері ретінде оралды. Бейбітшілік шарықтаған кезде «Еңбек ардагері» және Ұлы Жеңістің, КСРО Қарулы күштерінің көптеген мерейгерлік медальдарымен марапатталды.

Бүгінгі күнде артынан қалған ұрпақтары түрлі салада қызмет жасап, құрметті ақсақалдың мәртебесін асқақтатуда.

Еске алуға арналған волейбол жарысының ашылу салтанатында бірінші болып сөз алған аудан орталығы Аққудағы балалар мен жасөспірімдер клубының директоры, бірегей жоба «Естелік пойызының» авторы, дене шынықтыру мен спорттың дамуына қомақты үлес қосып келе жатқан ізденімпаз маман, ел азаматы Т.Кенжеғалиев Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде ұйымдастырылп жатқан осынау жарыстардың өлкетану бағытындағы тәрбиелік маңызын мақтанышпен айта келе, танымал болып бара жатқан «Естелік пойызы» жобасының бұдан былай халықаралық деңгейге дейін таратылатынын қуана-қуана жеткізді, артынша микрофонға ие болған Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Ж.Байтілеуова да, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің директоры әрі Қабду Абылұлының жиені А.Белгібаева да жарысқа қатысушыларға оволейбол тартысының сәтті сабақталуына шынайы тілектестіктерін білдірді. Сонымен бірге өз алдына сөз алған Қабду ақсақалдың қызы әрі ардагер ұстаз К.Қабдуова мен ақсақалдың күйеу баласы М.Белгібаев та еске алу шарасын ұйымдастырушыларға жүрекжарды алғыстарын білдірді. Бастауыш сынып оқушылары Отан, атамекен, Ұлы Жеңіс тақырыбын ту еткен өлең шумақтарын жатқа оқу бойынша әдеби монтаж ұсынды көпшілік қауым назарына. Аудандық Мәдениет үйінен арнайы келген танымал көркемөнерпаздар А.Мұхамедин һәм А.Қамбаров тиісінше «Қазақ жігіттері» және «Көкшолақ» әндерін, бесқарағайлық күміс көмей әнші Л.Сейітов «Қазақ елі» әнін шырқап, жарысқа қатысушыларды да, оны тамашалауға мейілінше жиналған көрермендерді де бір серпілтіп тастады. Ал мектептегі «Қыздар-ай!» би тобы қазақ биін нақышына келтіре орындап берді. Жарыстардың ережесімен дене шынықтыру мұғалімі А.Баев таныстырып өтті.

Аталмыш додаға Лебяжі, Жамбыл, Шарбақты елді мекендеріндегі жалпы орта білім беретін мектептерінің оқушыларынан құрамдалған командалар шақырылды. Алаң иелерімен қосқанда барлығы төрт команданы құрады. Бас төрелік жасауды дене шынықтыру мұғалімі Ж.Түсіповке тапсырды.

Енді тартысты ойындарды түзілуі мен тіркелген есептеріне көз жүгіртейік. Командалар айналмалы әдіс бойынша бір-бірімен өзара алты кездесу өткізді. Сондағысы,

  • 1-ойын / Шарбақты – Бесқарағай / 1:2 (25:23, 15:25, 11:15);
  • 2-ойын / Лебяжі – Жамбыл / 0:2 (17:25, 15.25);
  • 3-ойын / Лебяжі – Бесқарағай / 2:0 (25:19, 25:20);
  • 4-ойын / Жамбыл – Шарбақты / 0:2 (18:25, 27:29);
  • 5-ойын / Бесқарағай – Жамбыл / 2:0 (25:23, 25:21);
  • 6-ойын / Лебяжі – Шарбақты / 2.1 (25:15, 13:25, 15:6).

Тіркелген нәтижелерді есептегенде лебяжілік жасөспірім волейболшылар бірінші орынға ие болды, бесқарағайлықтар жүлделі екінші орынды иеленсе, шарбақтылықтар үшінші орынды қанағат тұтты.

Қайрат пен жігерге, тартыс пен таласқа толы кездесулерді жанкүйерлік таныта тамашалаған көрермендер өрімдей жас волейболшылардың нәтижеге бағыттала өрнектелген әдіс-тәсілдерді, орындалу техникасы ептілікті қажет ететін қимыл-әрекеттерді, жеңіс жолында бел кеткенше алыс-жұлыстың, командаларды баптап дайындаған дене шынықтыру мұғалімдерінің ойындар барысындағы бірде дауыс шығара, бірде жай жасаған нұсқаулықтарының, ескертулерінің, сан соқтырған өкініштерінің, балаша шат-шадыман болған қуаныштарының кәугерлері болды.

Осынау жарыстардан соң ұйымдастырылған жабылу салтанатында жүлдегерлерге және қатысушыларға дипломдар мен бағалы естелік сыйлықтарды Т.Кенжеғалиев пен А.Белгібаева табыс етті. «Естелік пойызы» бірегей жобасының аясында Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде өткізілген Ұлы отан соғысының ардагері, қажырлы еңбек ардагері Қабду Абылұлы Тустуковты еске алуға арналған аудандық волейбол жарысының жеңімпазы Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінің жасөспірім оқушыларының құрамы – М.Жүзжасар, Е.Еркін, Ә.Сүлеймен, Е.Ахметжан, М.Сәрсенбай, Р.Қабыш, Н.Құдайберген – Кубок иегері атанды. Ал Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы А.Даулетов жарыстардың үздік шабуылшысы ретінде, Шарбақты жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Е.Мұхтархан үздік қорғаушы ретінде, Жамбыл жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Айдарханов үздік таратушы ретінде танылды да, әрбірі өз алдына жекелей дипломдарға ие болды.

 Сонымен бірге асқаралы ақсақалдың құрметіне үрім-бұтақтары ауылдың үлкендеріне, жарыстың қатысушыларына арнап үлкен ас берді. Жарыстардың жоғары деңгейінде өтуіне демеушілікті де Қабду ақсақалдың ұрпақтары бір адамдай көтерді.

Асылы, «ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» дейді. Күнделікті күйбең тірлікпен өткен-кеткенді де естен шығарып аламыз. Ал тарихтың, шежіренің тұңғиығына тереңдей бойласақ, өлкеміздің іргесін тіктеу жолында аянып қалмаған үлгілі тұлғалар жайында өнеге аламыз. Кезінде Т.Кенжеғалиев қолға алып, іске қосқан «Естелік пойызы» кезінде ұмыт бола, өшіп қалған асыл текті жандардың рухын қайта жаңғыртуда таптырмас игілігімен асқақтауда. Сонау 2050 жылға дейін танымал тұлғаларға арналған жеке-жеке жылдар ел болып отырған ауылдарда жүзеге асырылды, жүзеге асырылуда һәм әлі де жүзеге асырылады. Бұл бірегей жоба арқылы тұлғалар тарихын жаңаша тұрғыдан тануға болады. Ұрпақтар сабақтастығы осынау даңғылмен тағылымдана нұрланады. 

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1014 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: