13:19 Әдістемелік әлеует | |
ПАЙДАЛЫ СЕМИНАР Орта білім беру ісімен айналысатын кез келген оқу орны үшін әдістемелік әлеуетті жетілдіріп арттыру үшін қазіргі таңның талабымен алғанда ұдайы ізденіс, зерттеушілік, ғылымилық, инновация ауадай қажет әлбетте. Білім беру һәм білімдену айдынында жаңалық атаулы, эксперимент толқынды толқын қуғандай жаңаруда. Күні кеше Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінде Лебяжі аудандық білім бөлімі әдістеме дәрісханасының мұрындық болуымен ауданға қарасты мектептердің оқу ітері меңгерушілеріне арналған пайдалы әдістемелік семинар өткізілді. Күн тәртібіне ауқымды үш мәселе шығарылды. Аталмыш шараны білім бөліміндегі әдістеме дәрісханасының меңгерушісі Г.Қалиева тізгіндеді. Семинардың алғашқы бөлімінде 2013 жылдың күзінде «Өрлеу» ұлттық біліктілік орталығы өткізіп жүрген үш айлық жаңа формациялы біліктілік арттыру курстарының бірінші деңгейін тәмамдаған Баймолдин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі А.Байшүкір «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» деген тақырыппен коучинг, яғни үйрету-жаттықтыру, өткізді. Айта кету керек, осы күнге шейін Лебяжі ауданы бойынша үш айлық деңгейлік курстардан жиырма бес мұғалім аман-есен өтіп, тиісті деңгейлік сертификаттарға ие болған екен. Тарқатып айтсақ, бірінші деңгейді – төрт, екінші деңгейді – үш, ал үшінші деңгейді – он сегіз мұғалім бағындырды. Сындарлы оқу мен жазу немесе сын тұрғысынан ойлау технологиясын әдістемеге тірек етіп отырған бүгінгі күннің оқытуы негізінде оқушының сабақта алған білім деңгейін критерий-эксперттік түрде бағалаудың үлгісін нақты қолжетімді мысалдар тұрғысынан дәлелдеген Ардақ Шишқанұлы оқушы кейпіне бір сәтке болсын кірген оқу істері меңгерушілеріне молынан пайдалы жадығат таратты. Қанатын кеңінен жайып отырған сын тұрғысынан ойлау, оның ішіндегі Блум таксономиясы арқылы сабақ жоспарын деңгейлеп әзірлеудің қыр-сырын тарқатты. Атап айтқанда, нақты бағаны шығару үшін төрт критерий бойынша балл жинау керек, әр критерий бір және алты балл аралығын қамтиды. Тапсырмаларды құрастырғанда оқушының сындарлы түрде ізденісіне ерекше көңіл бөлу қажеттігі нақтыланды. SMART әдісі арқылы сабақ мақсаттары түптелді. Жиынның екінші бөлімінде білім бөлімінің педагогикалық кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы С.Катенова оқу істері меңгерушілеріне 2013 жылғы 7 тамыздағы №323 бұйрығына сәйкес білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізудің қағидалары мен шарттары төңірегінде нұсқаулық жүргізді. Педагог қызметкерлердің біліктілік санаттарын жоғарылату мен растауда күшейтілген талаптарға егжей-тегжейлі тоқтаған Сандуғаш Арманқызы сонымен қатар аттестаттау жұмысының қозғалыс-тетіктерінен де пайдалы сыр шертті. Біліктілік санатын мезгілінен ертеректеу көтеруге өтініш берген педагог қызметкерлер жаңа ережеге сай міндетті түрде тестілеу сынынан өтеді екен. Егер тестілеудің бірінші, тіпті екінші кезеңінен талапты ұпай қорын жинай алмаса, онда педагог қызметкердің аттестаттаудан өтуі тоқтатылады. Әңгіме барысында туындаған келелі сұрақтарға сол жерде мардымды жауаптар алынды. Әдістемелік дәрісхананың меңгерушісі Гүлжанат Қаратайқызы өз кезегінде әдістемелік жұмыстың өткен оқу жылында атқарылған істеріне есеп берді де жаңа оқу жылына бағытталған басымдықтарға жол тартты. Есеп барысында ауданға қарасты мектептерде атқарылған әдістемелік жұмыстарға бірқыдыру шолу жасалды. Абырой әкелген жетістіктер марқайтты. Қолдан сусып кеткен кемшіліктер де назардан тыс қалмады. Сырттай бағалау болып табылатын Ұлттық бірыңғай тестілеудің, оқушылардың жетістіктерін сырттай бағалаудың көрсеткіштері мониторингіленді, диагностикаланды. Жалпы алғанда, семинарға жиналғанған оқу істері меңгерушілері қисыны қиын оқу-тәрбие үрдіс-үдерісінің алда атқарылатын жұмыстардың инновациялық ілгерілеуін бір пысықтап алды. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |