19:40
Азаматтық борыш

ОТАН ТЫНЫШТЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖОЛЫНДА

Жер басып жүрген кез келген адам үшін Отаннан ыстық, Отаннан қымбат құдірет жоқ қой әлбетте. Қайда жүрсе де, қандай болса да атамекенге деген сағыныш, аңсары өршіп тұрады. Ошақ, отбасынан бастау алатын Отан өзінің ауасын жұтып, суын ішіп отырған әрбір баласынан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, тірек-қорғанды ашық түрде айтпаса да іштей ишарат түрінде қажетсінеді.

Қасиетті Отан осынау тірлік-тіршілігінде нендей жағдайдалрды басынан кешпеді. Соның бәрінде де шындалған шыдамдылық һәм асқан абырой танытты емес пе. Небір қиын-қыстау кездерде орманы оталып, тау қопарылып, топырағы ойрандалып, айдыны лайланса да тұрған орнынан бір қарыс жерге де шегінбеді, етегі жасқа толып еңіремеді. Өскелең ұрпақ үшін қаққан қазықтай тік тұрды.

Отанды қорғау жаймашуақ бейбіт күнде де өте-мөте қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Осынау мақсат үшін еліміздің өз алдына Қарулы Күштері бар. Азаматтық борышын өтеген, өтеп жүрген, ертең де өтейтін сарбаздар – қашан да үлгі-өнеге. Отан тыныштығын қорғау жолында ешқашан аянып қалмайды. Найзаның ұшымен, білектің күшімен, бабалардың рухымен қолымыз жеткен тұғырлы да тегеурінді Тәуелсіздігімізді жат қолына ешқашан бермейді. Шыбындай жаны, қасықтай қаны қалғанша төтеп беруге әрдайым әзір.

Кең де дарқан еліміздің аумағында шашырай орналасқан әскери бөлімдерде азаматтық борыштарын өтеп жүрген қазіргі сарбаздар – нағыз адами бақыттың иелері. Өйткені қасиетті Жер-Ананың, құдіретті Отан-Ананың ынта-ықыласына,мейірім- махаббатына бөленуден артық асыл бар ма, шіркін! Қару асынып Отан шекарасы тыныштығын қорғау, ұшақпен қырандайын парлап Отан әуесі тазалығын барлау, кемемен Отанға қымбат Каспий айдынын барлау – бәрі-бәрі қазақстандық сарбаздың елжандылық, отансүйгіштік қасиет-қабілеттерін әрі қайрайды, әрі ұштайды, әрі пырақтандырады.

Көктем мен күзде әскери бөлімдерге аттанатын жас ұлан сарбаздар әскери міндеттің қыр-сырын үйренуге, оның терең-тұңғиығына үңілуге қайраттанады, жігерленеді. Мектеп табалдырығында оқушы ретінде алғашқы әскери дайындық сабақтарынан қанаттанған әскери міндетті өтеуге жарамды жасөспірімдер әскери бөлімдерде қатарластарымен иық тірестіре қалыспауға барын да, нарын да салады. Қасиетті Отан-Ананың тыныштығын қорғауда ұятқа қалмауға тырысады, тырмысады.

 Әскери міндетін өтеу жолында қисынға қонбайтын жайсыздықтар орын алатыны қоғамды үрейлендіреді. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші сонаудан келе жатқан әлімжеттік әлі күнге дейін еліміздің әскери бөлімдерінде де, Қарулы Күштердің Жарғысына қарасты әскери оқу орындарында да жалғасын табуда. Тура мағынасындағы қорлаудан жапа шеккен өрімдей жас ұлан сарбаздар, курсанттар өз-өзіне қол жұмсауға, жасыл желектей жас ғұмырын амалсыздан, лажсыздан қиюға мәжбүр. Ал үйдегі туған-туыстары сымдай әскери киім киіп келетін баланың мырыш табытпен көмкерілген мүрдесін қабылдап, аза мен қазаға шырмалады. Жаратқан Иеміз тек осындай қайғы-зардан сақтасын. 

Оттай ыстық Отанымыз – бейбіт өмірдің кепілі. Көп ұлт-ұлысты әрі ынтымақты еліміздің татулығына, гүлденуіне, шарықтауына қызыға да, қызғана да, сұқтана да сырттай қарайтындар аз емес. Лаңкестік, эсктремизм, есірткі трафигі өршіп тұрған шақта Отанымыздың тыныштығын қорғауда тәулік бойы қырағылық қажет екенін әрбір тұрғын ояу көкірек, сау сана тұрғысынан әрі түсінуі, әрі сақадай дайын болуы тиіс. Бабалар аманат қылып тапсырып кеткен асыл мирасымыздың жұпардай таза ауасын, кен-қазынаға мейілінше толы жерін, айналасына тірлік нәрін беретін айдын-суын, орман-тоғайын, тау-тасын көзіміздің қарашығындай сақтауымыз аса-маса керек қой әлбетте. Қасиетті Отанымыз алдыңғы толқын ағаларға қандай қажет болса, кейінгі толқын інілерге де сондай қажет.     

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 2137 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: