12:12 Ауылдағы келелі жиын | |
ЖАЗҒЫТҰРЫМҒЫ ЖҰМЫСТАР ПЫСЫҚТАЛДЫ Ауылда жазғытұрымғы жұмыстар шаш-етектен. Олар да өз алдына дәстүрлі сүрлеуге түскені қашан. Асылы, көппен көрген ұлы той. Соларды рет-ретінше орнына келтіру үшін ынтымақ һәм келісім керек әлбетте. Осынау мақсатты желеу етіп, жуырда Қызылағаш ауыдық округі әкімшілігінде ауыл тұрғындарымен келелі жиын өткізілді. Жиынды жүргізу тізгініне иелік еткен ауыл әкімі Ж.Ш.Байтілеуова жиналған бесқарағайлықтарға күн тәртібіне шығарылған мәселелерге тоқталды. Бірінші сұрақ ретінде ауыл тұрғындарының жеке меншігіндегі төрт түлік малды ветеринарлық өңдеуден өткізу һәм бірдейлендіру қарастырылды. Сөз басында Жанат Шоқанқызы ауылдық округ аумағында ветеринарлық пункт ашылғанын, ондағы қызметтің жүйелі жолға қойылғанын жеткізді. Ал өз кезегінде сөз алған ветеринарлық дәрігер қызметіндегі А.Оспанова тұрғындарға мал дәрігерлігі хақында егжей-тегжейлі түсіндіру-нұсқаулық әңгімесін айтты. Ветеринарлық қызметтің мемлекет қаражатынан көрсетілетін тегін және ауыл тұрғындары есебінен төленетін ақылы түрлеріне де тоқталды. Осы күндері жеке меншік иелігіндегі малды дәрігерлік өңдеу жұмыстарын зайып-жұбайлы Әлкен және Альбина Оспановалар таңның атысынан күннің батысына дейін ұдайы атқаруда. Қандай да бір қауіпті мал ауруының ошағы бұрқ етпеудің алдын алу мақсатымен жасап отыр бұл қисыны қиын жұмыстарды. Соңғы уақытта ауданға қарасты басқа ауылдық елді мекендерде аса қауіпті бруцеллез өршіп тұр екен. Бесқарағайда мұндай жағдайлар әлі тіркелмеген. Соның тіркелмеуін болдыртпау үшін жақын да шалғай жатқан ауылдардан мал ауысу, мал әкелу әрекеттеріне тыйым салу қажеттігін талап етті бесқарағайлық мал дәрігерлері. Сонымен қатар жылқыны чиптендіру қызметі де тілге тиек етілді. Жалпы, жылқыны чиптендірудің пайдасы ұлан-асыр екен. Арнайы чипке ие болған жылқыны компьютерлік сканерлеу арқылы ұдайы бақылауда ұстауға болады. Мұндай қызмет оны қолды қылудан, жоғалудан сақтайды. Бір төленер ақының ұзақ тиімділігі бар. Абыройлы қызмет жасап жүрген Оспановтарға бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен һәм тәжірибесі ұшан-теңіз С.Ә.Темірғалин көмек-қолғабыс жасаудан аянып отырған жоқ. Бұл да болса ұрпақтар сабақтастығы нышаны ғой. Жиын барысында өрт қауіпсіздігін қатал сақтау қажеттігі, үйдің жанында жиналып қалған күл-қоқысты жақпау керектігі талап етілді. Санитарлық тазалықты сақтау мақсатымен ауылдың ішінде қыстан соң төбе-төбе болып жиналып қалған күл-қоқысты ауылдан тыс жерде орналасқан арнайы жерге жүкті көлікпен шығаруды тапсырды ауыл әкімі. Тракторы мен тіркемесі бар ауыл тұрғындарымен бұл бағытта келісім жұмыстары жүргіліп те қойыпты. Әр аулаға тазалық айлығы және 1 мамырға дейін үй-аула айналасын толығымен тазалап шығу ақпараты бар парақшалар таратылды. Сонымен бірге жеке меншіктегі малды жайылымға шығарып бағу мәселесі қызу талқыланды. Осы сұраққа келгенде жиналған қауым тығырыққа тірелді. Ауыл тұрғындары ішінен табын малды бағатын бақташы табылмады. Бұл жұмысты кімге тапсырарын білмей, дал болған ауыл әкімі мен ауыл тұрғындары ақыр соңында шалғай жатқан Қазы ауылынан арнайы келген бақташының қызметіне жүгінуге мәжбүр болды. Сол жерде бетпе-бет таныс болған зайып-жұбайлы Галямовтар бесқарағайлықтарға жеке меншік малды бағудың шарттарын алдыға тартты. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші мұндай жағдайға бесқарағайлықтар бірінші рет тап болды. Бұл жұмыстың қалайша өрбитінін уақыттың өзі көрсетер тегі. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқаарғай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |