22:12
Тұлғалану толқындарында

ӘРДАЙЫМ ҚОЗҒАЛЫСТА БОЛ!

Қозғалыс-әрекет барлық дәрі-дәрмектің

орнын басады. Ал ешбір дәрі қозғалыс-

қимылды айырбастай алмайды.

Ибн Сина

Өмір сүру дегеніміз – қозғалыс. Алғашқы адам баласы өзін асырау үшін аң аулап, алысқа сапар шегіп, тыным таппай азық іздеген. Жер жыртып, егін еккен. Демек, адам ағзасының үйлесімді әрі ақаусыз жұмыс істеуі үшін үнемі қозғалыс қажет. соңғы жылдары осынау өмір салты күрт өзгерді. Технология дамып, көлік, лифт секілді адам өмірін жеңілдететін мүмкіншіліктер пайда болды. Бір орында отырып жұмыс істеу үрдісі қалыптасты. Сөйтіп, қимыл-қозғалыс әрекеті шектелді. Статистикаға қарасақ, адамның ұйықтауынан бір орында отырған уақыты көп.

Таңғы асымызды отырып ішеміз, одан кейін лифт арқылы төмен түсеміз, көлікке мініп жұмысқа барамыз. Ол жерде тағы да лифт. Жұмыс орнында тапжылмай 8-10 сағат отырамыз. Үйге келгеннен кейін отырып тамақтану, теледидар көру, смартфон шұқылау... Мұның бәрі бір орында отырып атқарылады. Сосын ұйқы. Мән берсеңіз, бір күндік уақытымыздың басым көпшілігі қимыл-қозғалыссыз өтеді. Әу баста, Құдай тағала жаратқан адам табиғатына қайшы бұл өмір салты денсаулықтың бұзылуына әкеліп соғады. Нәтижесінде, қан айналымы нашарлап, буындарымыз сыр береді, ас қорыту жүйесі әлсіреп, семіздік, қант ауруы, қан қысымы секілді түрлі аурулар жабысады.

Қозғалыс шектелуінен туындаған зиян темекі салдарынан болатын адам өлімінен асып түсуде. Өйткені бір орында ұзақ отырған кезде ағза клеткаларына оттегі тасымалы баяулайды. Екі сағат отыру адам ағзасындағы пайдалы холестериннің 20%-ға азаюына себеп. Салдарынан бір орында көп отыратын адамдарда жүрек тамырларының бітелуі жиі кездеседі. Отырған кезде аяқтың бұлшық еттері жиырылатыны соншалық – минутына бір калорий ғана жоя алады екенбіз. Майлардың ыдырауына көмектесетін энзимдер 90%-ға азаяды.

Тойып тамақ ішкен адамның ұйқысы келеді. неліктен? өйткені ас қорыту процесі көп мөлшерде қанды талап еткендіктен, миға қан әдеттегіден аз барады. Ал адам отырған кезде денедегі қан айналымы баяулап, ас қорытуға қажетті қан мөлшері толық қамтамасыз етілмейді. Нәтижесінде, метаболизм нашарлап, ағзамызда қант пен май сақталып қалады. Джеймс Левин екі сағат қимылсыз отырған адамның жүрек, қант диабеті ауруларына ұшырау, мойын омыртқа ауруына шалдығуы ұлғаятүседі депті.

Бүгінде адамның көбі бір орнында бірнеше сағат тапжылмай отырып жұмы істеуге мәжбүр. Мұндай жағдайдағы қызметкерлер орындарынан сағат сайын тұрып, әрі-бері бүргені немесе керіліп-созылу жаттығуларын жасағаны дұрыс. Осындай қимыл-қозғалыстың өзі ағза жасушаларына оттегінің көбірек жетуіне көмектеседі. Жай жүрудің өзі белсенділігімізді 150%-ға, ал баспалдақтан көтерілу 200%-ға арттырады. Сондықтан жаяу жүруді әдетке айналдыру қажет.

Адам ағзасы үнемі қозғалысты қажет ететіндіктен, таңғы жарты сағаттық жаттығу, аптасына үш рет баратын фитнес жеткіліксіз болуы мүмкін. Тіпті екі сағаттық белсенді жаттығудың өзі 22 сағат бір орында қозғалыссыз отырудың орнын жаба алмайды. Сондықтан арасында лап етіп жанған физикалық белсенділіктен гөрі, көбірек жаяу жүру, қимыл-әрекетте болу жолдарын іздеу ләзім.

Зерттеулер көрсеткендей, күніне орта есеппен адам баласы жеті шақырым жаяу жүруге тиіс екен. Бұл шамамен 10000 қадам деген сөз. Қазір әр басқан қадамыңды есептеп беретін арнайы құралдар бар. смартфон арқылы да күнде қанша қадам жаяу жүргеніңді қадағалауға болады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 5 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: