17:29 Тұлғалану толқындарында |
ҚАЙҒЫ Барлық жақсылық пен жамандық Алланың рұқсатымен ғана жүзеге асады. Құранның «Тағабун» сүресінде «Басыңа келген әр пәлекет, кез келген қиыншылық алланың рұқсатымен ғана болады. Кімде-кім аллаға шынайы иман келтірсе, Алла оның жүрегін ақиқатқа және дұрыс бағытқа, тура жолға салады. Алла бүкіл нәрсені біледі» (Тағабун» сүресі, 11-аят) делінген. Дүниенің біз білмейтін сырлары көп. Тағдырға иман – жанымыздың сусыны. Кейбір ұнамаған істердің артында біз ойламаған жақсылықтар тұруы мүмкін. Артынан қанша жүгірсек те, жүзеге аспай қалған істер біз үшін қайырлы болуы бек мүмкін. Егер өміріңе сынақ келсе, «Менің басыма неліктен қайғының қара бұлты үйірілді?» деп түңілме! Мұндай жағдайға тап болған жалғыз сен емессің! Алланың ең сүйікті құлы, пайғамбарлар падишасы Мұхаммедтің (с.а.у.) тұл жетім өскенін, өз қолымен алты бірдей бауыр еті баласын қара жердің қойнына тапсырғанын біл! «Әбдумүтәліптің жетімінен басқа пайғамбарлыққа адам табылмай қалып па?!» дейтін қорлық сөздерді естігенін ұмытпа! Бірақ барлық қиыншылық кетті. Сынақ бітті. Соңында әлемге нұрын шашып Ислам діні, Алла елшісінің ізгілікке толы ғибратты ғұмыры қалды. Олай болса, сенің де басыңа түскен жайсыздық өтеді. Өмір бір қалыпта тұрмайды. Ғұмыр бірсыдырғы болмайды.түзуі болғаны секілді, қисығы да ұшырасады. «Сөзсіз қиыншылықпен бірге жеңілдік бар. күмәнсіз ауырлықтан соң жеңілдік бар» («Шарх» сүресі, 5-6-аят). Құранда қатар келген бұл аят та қиыншылықтан соң жеңілдік болатындығын білдірген. Ендеше, қақаған қыстан кейін жаймашуақ көктемнің келетіндігі, тас қараңғы түннен кейін бозарып таң ататындығы, алай-дүлей дауылдан соң тыныштықтың орнайтыны қандай заңдылық болса, қиыншылықтан кейін де эеңілдіктің жететіндігі – сондай ақиқат. Бастысы, сабыр мен дұғаны қару етіп, үмітсіздікке түспей, қолдан келер әрекеттерді орындауымыз керек. Нәтиже – Алладан. Өмірде кездесетін кез келген қиыншылықтың бізге ұнамаған оқиғалардың астарында ғұмырлық ғибрат бар. рухымыздың кемелденуі, мінезіміздің ширауы бар. Қайғырған жан! Дүниеде жоғалтқаныңның орнын Алланың өзі толтыратындығын әсте естен шығарма! Құдси хадисте Алла тағала: «Құлымның жанарын алып сынағанда, құлым оған сабыр етсе, оның орнына ақыретте мың бір жақсылыққа толы жұмағымды тарту етемін», - деп сүйіншілеген. Мына дүниеде түрлі қиыншылыққа сабыр етудің құрылымы ретінде жұмақтың төріне жайғасқан құлдарына «Сабыр еткендерің үшін Алланың сендерге тыныштығы мен есендігі болсын. Осынау ақырғы ақирет мекені қандац керемет!» («Рағд» сүресі, 24-аят) деп ілтипат білдіріледі. Әке-шешенің, туған бауырдың және басқа да қимас адамдардың бұл дүниеден қайтуы – кез келген адамның, әсіресе, бүлдіршіндердің нәзік жүрегіне ауыр соққы. Мұндай ауыр қайғының орнын тек қана сол сүйікті адамдарыңмен қайта қауышуға, ақыретке, қайта тірілуге деген иман ғана толтырады. Ақыретте бұл дүниеден өткен сүйікті адамдарымен қайта табысып, қайта қауышатынына иланған кез келген адамның жүрегі орнына түсіп, солған гүлі қайта тіріледі. Иманы кәміл жандар бұл дүниедегі қимасының қайтқанын естіген сәтте «Күмәнсіз, біз Ұлы Жаратушымыздан келдік, әрі Ұлы Жаратушымызға қайта қайтамыз» мағынасындағы аятты көкейіне түйіп, Құранда мақталған «сабыр» нәрін жүрегіне қорек етіп, қимасына деген ыстық сезімі мен сағынышын ертеңгі ақырет күніндегі қауышуға, мәңгілік өмірге аманаттайды. Адам өмірдің өзегіне көңіл бөліп, өмір сүрудің түпкі мәнін, ұлы мұрат пен биік мақсатты түсінгенде, көптеген проблеманың шешімі оңай табылады. Уақытша дүниенің қысқа өлшемдерімен барлық проблеманы шешу оңай емес. Тағдырға иман мен ақыретке деген сенім – осындай қиын сәттерде адамды адастырмайтын жалғыз ақиқат. Теңдессіз күш! Көбіне адам әдеттенген жолымен жүріп, үйренген есігінен кіріп-шығып жүре береді. Басқа жолдар мен өзге есіктердің бар екендігіне назар да аудармайды. Сүрлеусіз өмірде өзін қауіпсіз сезінеді. Ал алдыңнан шыққан әрбір қиыншылық өзгерістің уақыты келгендігінің ишараты һәм жаңа есіктердің ашылуы үшін саған берілген зор мүмкіншілік екендігін ұмытпа. Бұл кәсіпте де, өмірде де солай. Бітпестей көрінген қайғы-мұң төбеңнен жаңбырша жауады. Бірақ ғажайып жеті реңімен боялған әсем де әдемі кемпірқосақ та жаңбырдан кейін пайда болатындығын ұмытпа! Мәуләна баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
