17:52 Рухани-танымдық сүрлеулер |
«ҰЛТТЫҚ КОД» ДЕГЕН НЕ? Ұлттық код – ұлттық сананы құрайтын негізгі фактор. Ол – бір халықтың бойына ғана тән болатын дүниетанымдық құндылықтар кешені. Қазағымыз үшін ол – шежіре-жеті ата ұғымы, ұлттық бірегейлік пен рухани мұраны жалғаушы, біте қайнасқан мәдениетіміздің қайнар бұлақтары арқылы көрініс беретін – тіл, Отан түсінігін қалыптастыратын – Ел мен Жер ұғымы, іс-әрекеттеріміздің мәні болар – Ар мен Намыс. Егер мақсат санаңа кірмесе, ештеңе де болмайды. Ұлттық код – ол рухани жігер, ол – импульс. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы!» нақылымыз құндылықтар жүйесінде негізгі орын алуы керек. Ұлттық кодты сақтау үшін үлкен мақсатты рухани жігер керек. Жігер болса, мақсат та болады, мақсат болған соң даму да болады. Тұжырымдай айтсақ, Ұлттық код – тарихи сабақастықпен көрініс тапқан ұлттық сананың өзегі. Ұлттық кодсыз бәсекеге қабілетті бола алмайсың. Рухани құндылықтарды салт-дәстүрден, сенім-наным, ырым-тыйымдардан іздесек адаспаймыз.
ПРАГМАТИЗМ ДЕГЕН НЕ СӨЗ? Прагматизм – іс, іс-әрекет дегенді білдіреді. Прагматизм нарықтың заңын, жаһанданудағы бәсекенің күшін сезініп жауап қайтару деген сөз. Прагматизмнің басты қағидалары: ақиқатты тиімділік тұрғысынан мойындау. Адам мақсатын жүзеге асыру үшін өмір сүреді. Сол мақсатына жету жолында көңілдегі дүдәмалдың бәрін еңсеріп, сеніміңе ие болып, оны орындауға ұмтылуды ұсынады. Прагматизм – ол ұлттық байлықты, өз байлығыңды нақты білу, үнемді пайдалану, болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қайда да ұстамдылық танытып, қанағатшылық пен қарапайымдылық жолынан ауытқымай, үнемшілдікпен, орынды пайдаланар болсаң, ол нағыз көрегендік белгісі, ол шынайы мәдениет белгісі. Мақсатшыл адам – межесіне еңбегімен қол жеткізетін, өз тағдырының иесі. Данышпан Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған ха йуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» дегені ойда болсын. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
