* * *
Түргеш мемлекетінің монеталары қандай үлгіде соғылды?
Түргештердің мыс ақшасы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінде сақталған. Ол 2006 жылы «Сидақ» ортағасырлық қала жұртында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған.
Әзірет сұлтан мемлекеттік трихи-мәдени музей қорығының мәліметтеріне сүйенсек, тиын дөңгелек пішінді, ортасында шаршы пішінді тесігі бар. Бұл типті ақшалар VIII ғасырда Түргеш қағанатының билік құрған тұсында Тараз және Суяб ақша сарайларында соғылып отырған.
Сонымен қатар монеталары Тан империясының «кайюань тунбао» үлгісінде соғылып отырса, соғдылық ақшалар үлгісінде құйылған. Аталмыш ақшалардың көлемі 25 мм, ал салмағы 4,020 г.
Тиын шеңберінің ортасына руникалық «at» харфінің айшықты үлгісінде Түргеш теңгелері негізделіп түсірілген.
Тиынның келесі бетінде тиын жиектерін бойлай, ортадағы шаршы пішінді тесікті айналдыра соғды курсивімен «Bүy twrkys ү’ү’n pny – Қасиетті Түргеш қағаны «пани» ақшасы» жазбасы түсірілген. Тиын жиегі негізгі бетіндегідей жалпақ жиектемемен көмкерілген. Тиын шеңберінің ортасындағы шаршы пішінді тесіктің жиектері жіңішкерек қоршаумен қапталған.
Түргеш дәуірінде Соғды, Кеш, Бұхара және басқа аумақтағы қалаларда осы тәрізді монеталар ақша айналымында маңызды рөл атқарды. Түріктер мен соғдылықтар арасында сауда-саттық байланыстардың қарқынды жүруі, сондай-ақ қытайлықтармен экономикалық байланыстың кеңінен етек алуын аталмыш монеаталар дәлелдеп отыр.
Музей қорындағы бұл мыс ақша VII ғасырдың басында соғдылар мен Орта Азиялық түркілер арасында шаршы пішінді тесігі бар, қиыр шығыс елдерінің нарығында айналымда жүрген ақшалар түрінде құйылған қола монеталар қатарына жатады.
* * *
Жетісу аймағынан табылған ерекше теңгелер
Жетісудың оңтүстік-батысында маңызды сауда орталығы Тараз болды. Бұл мекен жөнінде деректемелерде «көпестер қаласы» деп айтылады. Шу аңғарында Суяб осындай қала болды. Онда түрлі елдердің саудагерлері аралас тұрды, ал қала тұрғындарының жартысы көпестер еді.
VI - VIII ғасыр аралығында Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймақтарында жаппай өз теңгелерін соғу басталды. Олардың бір бөлігі халықаралық және аймақаралық саудада қолданылса, басқалары жергілікті саудада ғана қолданылды.
Жетісу теңгелерінің диаметрі 12 миллиметрден 28 миллиметрге дейін жететін, мыстан құйылған дөңгелек болып келді. Ал ортасында шаршы тесігі болды. Ең көп тарағандары екі түрлі теңгелер — түргештердің теңгелері мен «түргеш» және «тухус дөңгелектері» дейтін теңгелер. Түргеш теңгелері қаған атынан шығарылған. Мұны олардың бір бетіне айналдыра «Түргеш қағаны (Құдайдың қалаулысы) мырзаның теңгесі» немесе «Түргеш қағаны мырза» деген соғды жазуы дәлелдейді. Тухус теңгелерінің көлемі кішірек және сапасы нашар болған.
Жетісу жиынтығы арасында бұл теңгелер төрт түрге бөлінді. Олардьщ ішінде таңбалардың түрлі нұсқалары салынған және түсінік сөздердің болуымен немесе болмауымен ажыратуға болады. Теңгелер салмағы мен дайындалу тәсілі жағынан әртүрлі — не құйылған, не соғылған болып келеді.
Соңғы онжылдық ішінде жергілікті жерде Арслан әулеті соқтырған теңгелер тобы да анықталды. Арслан, Қарахандардың алдындағы әулет болса керек. Невакет қамалын (Қызылөзен қаласының жұрты) қазған кезде осындай теңге табылды: қола шеңберінің диаметрі 20—22 мм, шеңбер ішінде шаршы тесігі бар, теңгенің салмағы — 2,35 г. Соғды курсивімен сағат тіліне қарсы: «Арслан-білге-қаған мырза. Фан (Чаглан?)»,—деп түсінік берілген.
Жергілікті теңгелердің Отырар жиынтығы Жетісуға қарағанда неғұрлым ертеректе қалыптасқан. Алайда ол Жетісуда неғұрлым көп таралған. Мұнда жүздеген теңге табылды. Ал Отырардан он шақтысы ғана табылған еді. Жетісу теңгелері мейлінше алуан түрлі: мұнда түргештер теңгелерінің алты түрі, тухустар теңгесінің төрт түрі, құны біртектес даналардан тұратын бірнеше сериясы айналысқа түскен.
Жетісудың түргеш теңгелері Отырарда, Шашта, Ферғанада, Соғдыда, Батыс Сібірде, Шығыс Түркістаннан табылды. Алғашқылары аймақтық ауқымдағы ақша бөлінісі болса, Жетісу теңгелері аймақ-аралық ауқымдағы ақша бөлінісі болған.
баспаға әзірлеп, жиған-терген
Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>
Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|