* * *
Батыс Түрік қағанатында “қанмен төленетін салық” қалай жүрді?
Ұлы Түрік қағанаты ыдырап, оның екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болған ерте ортағасырлық түркілер мемлекетінің бірі – Батыс Түрік қағанаты.
Қағанаттың экономикалық жағдайы жақсы дамыған. Себебі қарапайым халық мал шаруашылығын көшпелі әдіспен жүргізді әрі феодалдық қатынастар едәуір дамыған отырықшы-егіншілікпен айналысты. Қағанатта қоғамдық-экономикалық қатынастардың дамуының өз ерекшеліктері болғанын айтпай кетуге болмайды.
Мәселен, VII ғасырдың бас кезінде Батыс Түркі қағаны Ябғудың ордасында болған будда монахы Сюань Цзанның жазғандары қаған руының байлығы туралы біраз ұғым береді. Қағанды аң аулап жүрген жерінде кездестірген саяхатшы аңшылар киімдерінің сәнділігіне таңғалады.
«Қаған жасыл жібек желбегей киген, — дейді ол. — Оның қасына ерген екі жүзден астам тарханы бар. Олар қамқа желбегейлер киген, шаштарын бұрымдап өрген. Басқа сарбаздары аң терісінен тігілген ішік киген, бөріктері жұмсақ матадан тігілген, қолдарына айбалта, садақ, ту ұстаған. Аттары өңшең сайгүлік. Сонымен қатар түйе, ат мінген адамдардың көптігіне көз сүрінеді».
Одан әрі қағанның киіз үйі туралы айтқанда, оның алтынмен сәнделгені соншалық, тіпті «көз қаратпайды» деп айтқан.
Ал енді тағы бір қызықты деректемелерге тоқталайық.
Қағанаттың қанауда болған бұқарасы мал өсіретін ерікті ұсақ қауым мүшелері болды. Батыс түрік қағанатында олардың қалай аталғаны белгісіз. Бірақ шығыс түрік әлеуметтік терминологиясына ұксастырып, оларды «қара бұдун» деп атағаны айтылады. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда тайпалар да ақсүйек және оларға бағынышты, вассалдық, тәуелді тайпалар болып бөлінген.
Бағынышты тайпаларға және қарапайым көшпелі бұқараға жүктелген міндеткерліктер туралы жазба деректер аз. Дегенмен оның ішінде бастысы - әскери міндеткерлік болды. Нақтырақ айтсақ, «қанмен төлейтін салық» болған. Бұл міндеткерлік бойынша, вассал тайпалардың барлық жауынгер-еркектері тайпа көсемі әскерінің құрамына кіреді. Соғыс кезінде шығынының ең көбі бағынышты тайпалардың мойнына түсіп отырды. Кейде «келімсек» деп аталған бұл тайпалар соғыс шайқастары кезінде «алдағы шеп» ретінде пайдаланылған. Яғни, алғы шепке қойылған. Бұл дәстүр барлық жерлерге тараған.
Бағыныштылық әрқашан алым-салық төлеумен қатар жүріп отырған. Оның үстіне бағындырылған тайпалардан, сондай-ақ соғыс қимылдары кезінде тұтқынға алынғандардан құлдар тобы қалыптасқан. Бірақ ертедегі түркілердегі «құл» деген сөзді жалпыға мәлім ұғым ретінде түсінуге болмайды. Құл тайпалар — үстем тайпаға мал және аң терісі түрінде салық төлеп тұруға міндетті болды.
Түріктердің көршілес тайпаларға шапқыншылық жасаудағы мақсаттарының бірі - құлдар алу болған. Бұл жерде әдетте, ұлдар мен қыздарды алған. Мысалы, түріктің Баһадүр қағанының 620 жылы бірнеше мың қыз баланы тұтқынға алғаны мәлім. Мәселен, сол кездегі құжаттардың бірінде «Жорықтарда тұтқынға алынған ұлдар мен қыздар, яшма мен жібек — қаған меншігіне түседі», — делінеді.
Деректемелерде мұндай мәліметтер жиі кездеседі. Тұтқын балаларды үлкен отбасылы қауымда әдетте «бала қылып алып», шаруашылыққа пайдаланды. Мұның бәрі қағанатта құлдықтың басқа түрлері болғанын да білдіреді. Мысалы, қолөнерші, қала салушы сынды құлдар еңбегінің болғанын теріске шығармайды. Осылайша ел ішінің экономикасының дамуына құлдар еңбегін де пайдаланып отырды.
* * *
Рамазан айында уақытты қалай тиімді өткізуге болады?
Рамазан айы - адамның жақсы жаққа өзгеруіне септігін тигізетін ең тиімді уақыттың бірі. Сол себепті дұрыс жоспар құру арқылы, жаман әдеттерден бас тартып, пайдалы дүниеге бет бұруыңа мүмкіндік бар. Олай болса, қасиетті айды қалай өнімді өткізуге болады?
Ең бірінші - ниет. Себебі барлығы ниеттен басталады. Сонымен қатар жасап жатқан ісіңнің несібесі ниетіңе байланысты беріледі. Не нәрсеге ниет еттің? Осыған мән бер.
Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, содан соң – күш керек, содан соң – тәртіп керек» деген ой саларлық нақыл сөзі бар. Сондықтан ең алдымен ниетіңді жақсылыққа бұрып, шын жүрегіңмен әрекет ет. Ниетіңе байланысты несібеңнің берілетінін есіңнен шығарма.
Нақты мақсат қой. Егер мақсатың болса, әрекет те болады. Ал әрекетің жүйелі болуы үшін тәртіп керек. Сондықтан мына сұрақтарға жауап бер.
30 күнде қалай өзгеремін? Қай жағынан дамығым келеді? Қандай әрекеттерді қолға алуым керек?
Мәселен,
- күніне Құранның бес бетін оқу;
- Күн сайын бір сүрені жаттап отыру;
- Ұйқы режимін қалыпқа келтіріп, ерік-жігерді арттыру.
Бұл мақсаттарыңды арнайы қойын дәптер бастап, жазып қой. Мақсат саны көп болып кетпесін. Себебі саны көп болғанымен, оның орындалу ықтималдығы төмен болады. Осылайша сапасы жоғалады.
Үшінші әрекет жоспарлау. Нақты мақсаттарыңның уақытын жоспарла. Әр күнге кесте құрып, жасалу керек әрекеттің уақытын белгіле. Сонымен бірге әрқайсысына 1-1,5 сағатыңды арна. Бұл жерде алдыңғы жазбаларда айтып жүрген “Помидор” әдісін қолдануыңа болады. 1 сағат жұмыс істеп, 10 минут үзіліс жасайсың. Осылайша уақытыңды үнемдеуге болады.
Таңғы уақытты тиімді пайдалану. Ұйқыға ерте жатып, таң намазынан кейін ұйықтамауға тырыс. Қазақта “Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық” деген мақал бекер айтылмаған. Себебі таңғы уақытта іс өнімді болады. Ми белсенді жұмыс атқарады.
Бос әңгімеден, артық әрекеттен аулақ болу. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік желіге аз уақытыңды арнап, пайдасыз әңгімеден бойыңды аулақ ұста. Өйткені рамазан - оңашалану айы. Керісінше Алламен байланысыңды күшейтіп, қайырымды істерге көп көңіл бөл. Мәселен, 30 күн бойы тұрақты түрде садақа беріп отырсаң, жолың ашылып, ризығың көбейеді.
баспаға әзірлеп, жиған-терген
Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>
Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|