* * *
Медитацияны қалай жасау керек?
Медитацияны күніне екі рет 20-30 минут жасауды әдетке айналдырған жөн. Себебі адам бір күнде түрлі эмоцияны бастан өткереді. Ал рухани жаттығуды жасау арқылы артық ойдан арылып, денені босаңсытуға үлкен мүмкіндік аласың.
Медитацияға ыңғайлы орынды қалай таңдаймыз?
Медитацияның басты қағидасы - тыныш жерді таңдау. Мұнда адамдар мазаңды алып, кедергі келтірмеуі тиіс. Бұл рухани жаттығуды таза ауада немесе үй жағдайында жасауыңа болады. Алайда жатын бөлмені таңдауға кеңес бермейміз. Өйткені миың ойланудың орнына, ұйықтап кетуі мүмкін.
Денені қалай ұстаймыз?
Ең бастысы арқаң тік, отырысың ыңғайлы болуы керек. Егер бүкірейіп отырсаң, дұрыс тыныс ала алмайсың. Сол себепті дұрыс дем алып, дем шығаруың үшін мүсініңді түзулеп ал. Кей адамдар жатып жасауды жөн көреді. Бірақ бұл жағдайда медитация өнімділігі төмен болады. Себебі ұйықтап қалуың мүмкін.
Процесс қалай жүреді?
Ыңғайланып отырған соң, денені бос ұстап, дем ал. Көзіңді жұм. Осы сәтте жақсы ойларды көз алдыңа елестет. Нақтырақ айтсақ, аффирмация жаса. Өзіңді қандай адам ретінде көргің келетініңді ойла. Сонымен қатар өзіңді жақсы көретініңді және бағалайтыныңды айт. Өміріңнің түрлі саласы бойынша жағымды ойлармен жұмыс істеуіңе болады. Мәселен, денсаулық, оқу, сабақ, ата-анаңмен және достарыңмен қарым-қатынас, тұлғалық дамуың бойынша аффирмацияларды 20 минут бойы қайталай бер. Медитация барысында ойыңның басқа жаққа ауып кеткенін байқасаң, қайтадан позитивті ойға орал. Себебі түрлі эмоцияны бастан өткеру қалыпты жағдай. Бастысы ашуға берілме. Негативті ойларға тойтарыс беріп отыруға тырыс. Жағымсыз сезім ойға оралса, бірден жақсы оймен алмастыр.
Медитацияның көмегімен ашу-ызаны басқаруды үйренесің. Кез келген жағдайға байланысты туындаған мәселеге қатысты санаңда қандай сезім пайда болғанын байқай бастайсың. Осылайша тез шешім қабылдап үйренесің.
Медитация кезінде не істеу керек?
Мұрын арқылы тереңірек тыныс алып, ауыздан демді шығарамыз. Осы сәтте өкпенің ауамен толық қамтамасыз етіліп жатқанын назарға ал.
Демді қалыпқа келтіріп алған соң, көз алдыңа әдемі әрі тыныш жерде отырғаныңды елестет. Аталмыш жер жанға жайлы болуы қажет. Бәлкім, бұл теңіз жағалауы, тау бөктері немесе өз үйің болуы мүмкін.
* * *
Адам өмірін ұзартатын 6 әдет
Адамның өмір жасын ұзартуға әсер ететін бірнеше фактор бар.
1️⃣ Дұрыс тамақтану
Дәрігерлердің айтуынша, дұрыс тамақтану денсаулықты сақтауға және өмір жасын ұзартуға әсер етеді. Адамның дені сау болу үшін қырыққа жуық түрлі қоректік зат керек. Олар витаминдер, минералды тұздар, аминқышқылдары, негізгі май қышқылдары және көмірсу-белоктар. Міне, осы қоректік заттар күнделікті пайдаланып жүрген тамақтың құрамында болуы керек.
Тамақ әртүрлі болса денсаулыққа қажетті қоректік затпен ағзамыз толық қамтамасыз етіледі. Сондықтан күн сайын тамақ рационында жеміс – жидек, көкөніс, нан және астық тұқымдас өсімдік өнімдері, ет, құс еті, жұмыртқа мен балық, кепкен бұршақ, үрме бұршақ, жасымық сияқты өсімдік белогына бай заттар және сүт өнімдернің болуына назар аудар.
2️⃣ Физикалық жаттығулар
Күніне кем дегенде 30 минут дене жаттығуымен айналыс. Бұл өмір сүру дағдыңда тұрақты әдет болып қалыптасуы тиіс. Физикалық жаттығулардың көптеген түрі бар. Оларға жүзу, жүгіру, жаяу жүру, би жатады. Дене жаттығулары көңіл күйді жақсартуға және күйзеліс пен үрейді төмендетуге көмектеседі. Сонымен қатар бұлшықеттің тығыз болуына, сүйектің мықты болып қалыптасуына ықпал етеді. Физикалық жаттығуларды жасай отырып, терідегі қан айналым процессін жақсартасың әрі қартаюдың алдын аласың.
3️⃣ Ішімдік пен шылымнан бас тарт.
Темекі шегу – жүрек соғысының бұзылуына алып келеді. Яғни, қан тамырлары зақымдалып, ағзаны улайды. Темекі түтіні адамның барлық мүшесіне, әсіресе тыныс жолдарына өте қауіпті.
Екінші әдет – алкогольді шамадан тыс тұтыну. Алкоголь жүрек аймағының кеңеюіне, инфарктінің пайда болуына тікелей әсер етеді.
Қазақстанда өлім-жітімнің 84%-ына негізгі 4 ауру себеп:
жүрек-қан тамыр аурулары (жүректің ишемиялық ауруы және инсульт);
онкология аурулары;
өкпенің созылмалы респиратор аурулары;
қант диабеті
Бұл жұқпалы емес ауруларға маскүнемдік, нашақорлық, темекі шегу секілді зиянды әдеттер, дұрыс тамақтанбау және қимыл-қозғалыстың аз болуы, оның ішінде күні бойы отырып жұмыс істеу жатады.
4️⃣ Артық салмақтан арылу
Артық салмақ - адамның өмір сүру жасына әсер ететін басты кедергі. Егер денеңнен артық май мен артық салмақты байқасаң бүгінгі күннен бастап қолға ал.
Мәселен, тамақтанар алдында жарты литр су іш. Нәтижесінде өзіңізді тоқ сезініп, түскі және кешкі асты күндегіден азырақ жейсің. Шай мен кофені 1-2 күн қантсыз іш. Тәттіден бас тарта алмасаң, кептірілген жемістер (өрік, қараөрік, інжір, құрма) тұтынып көр.
5️⃣ Дұрыс ұйқы
Қалыпты ұйқы кез келген адам үшін өте маңызды. Атап айтар болсақ, ол денсаулықтың, салауатты өмірдің, жастықтың және ұзақ өмірдің қайнар көзі.
Дүние жүзі ғалымдарының жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, ұйқы қанбаған жағдайда адамға мынадай кері әсері болады:
- Интеллекттің төмендеуі;
- Иммундық жүйенің бұзылуы;
- Терінің қартаюы;
- Қант диабеті, инфаркт, инсульт, семіздік, ДНҚ өзгеруі;
- Эмоционалды тұрақсыздық.
Сол себепті күнделікті ұйқы режимін қалыптастыр. Күндіз 15-20 минут ұйықтауды әдетке айналдыр. Күндізгі ұйқы қан қысымын төмендетеді, жүрек пен қан тамырларына оң әсер етеді, зейінді жоғарылатады. Кешкі асты ұйқыдан 2-3 сағат бұрын іш. Түнде тұтынатын ауыр тамақ мелатонин өндірісін бәсеңдетеді.
6️⃣ Миға арналған жаттығу.
Ми белсенділігін арттыру арқылы адамның ойлау жүйесі дамиды әрі өмір сүру жасы ұзарады. Сондықтан миға арналған C, D және В тобындағы дәрумендерді тұтын. Сонымен қатар мидың дамуына арналған күнделікті жаттығу жасап тұру керек. Мәселен, тісіңді өзіңе ыңғайсыз қолмен тазалап көр. Солақай болсаң оң қолыңмен, оңақайлар сол қолымен. Мұның пайдасы зор.
Шет елдің киноларын субтитрімен көр. Күн сайын жаңа тіл үйрен. 3-5 жаңа сөзді жаттап, ми жұмысын жақсарта аласың.
баспаға әзірлеп, жиған-терген
Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>
Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|