20:52 Қазақ әдебиеті әлемінен |
АРАЛАС БУЫНДЫ ӨЛЕҢ – өлең өрнегі. Абайдың «Бай сейілді» сияқты өлеңдерінен бастап орныққан төрт буынды тармақпен жеті-сегіз буынды тармақтар араласып келуі осы өлең үлгісіне жатады. Сондай-ақ, Абайдың «Сегіз аяқ», «Сен мені не етесің» атты өлеңдерінде қолданылатын күрделі өлең өрнегі де аралас буынды болып келеді. Осында ұзынды-қысқалы тармақтар араласып келетін өлең өрнегін, басқа да көптеген ақындардың туындыларынан кездестіреміз. Кейде бір өлеңде екі түрлі қалыптасқан өлшемді, айталық, жеті буынды тармақтарды араластырып қолдану да кездеседі.
АРБАУ ӨЛЕҢ – ауыз әдебиетіндегі тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Арбау өлеңінің табиғаты аса күрделі әрі синкретті. Ол әдет-ғұрыппен, бимен, музыкамен, ырым-наныммен, мифологиялық түсінікпен тығыз байланысты туған. Арбау өлеңдер әртүрлі себептермен айтылады. Бірде адамдардың еңбегіне: мал өсіміне, егін жайына, аңшылық кәсібіне байланысты айтылса, тағы бірде қаскөй жамандық атаулыны аластау я дауыл тұрғызып, бұлт шақыру мақсатымен орындалады. Мысалы, жылан шаққанда айтылатын арбау өлең мынадай: «Кер, кер, кер жылан, Кереге басты мер жылан, Бір жылан бар – сұр жылан, бір жылан бар – сұм жылан, Бір жылан бар – жеті жылғы ту жылан. Құралай таудың басынан, Қуып келген қу жылан, Пайғамбардың демінен, Дегелек келді, шық жылдам!». Мағынасы беймәлім, естілуі оғаш, жат сөздер құрастырылып, ұйқастырылып, үркіту, бұйыра сөйлеу, зеку басым жатыр. Сондай-ақ, арбау, жалбарыну, өтіну өлеңдері күн жайлату, бұлт пен жауын шақыру, дауыл мен құйынды үйден аулақтату мақсатымен де орындалады. Сайып келгенде, арбау өлеңдер бағзы заман адамдарының жаратылысқа көзқарасын, ой-өрісін, сезім әлемін, дүниетанымын аңғартады. Әлемдік поэзияның өсу, өркендеу, кемелдену жолында көне халық жырлары оған белгілі бір мөлшерде эстетикалық сипат, көркемдік нақыш қосады. Әсіресе, арбау өлеңнің сөздік-образдық кестесін, эмоциялық байлығын, экспрессивтік қуатын, мифтік, магиялық және символдық мәнін ерекше бағалау қажет.
«АРҚАЛЫҚ БАТЫР» – қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресін бейнелейтін тарихи жыр. Жырдың негізгі кейіпкері – Арқалық шамамен 18-ғасырдың 2-жартысында 19-ғасырдың басында өмір сүрген Керей тайпасының батыры. Жырдың негізгі арқауы болған оқиға – Арқалықтың ішкі-сыртқы жауға қарсы күресте көрсеткен ерлігі. «Арқалық батыр» жырында сол кездегі тарихи шындық сипаты мол. Жырдың барлық нұсқаларында әділдік жеңіп, озбырлықтың тамырына балта шабылады. Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар және мәтінтану бөлімінде «Арқалық батыр» жырының 4 түрлі нұсқасы бар. Ж.Шанин осы жырдың негізінде «Арқалық батыр» пьесасын жазды. «Арқалық батыр» жыры «Батырлар жырының» 2-томында басылды (1961). әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |