ҮМІТ пен СЕНІМ АРҚАЛАП...
Күміс қоңыраудың сыңғырлаған жанғырығы әрбір адам өмірінде ерекше маңыға ие. Он екі мүшесі сау, сана-сезімі ояу адам мектеп табалдырығын тоздырған кезде қоңырау үнін сан мәрте естіген. Ал сол қоңырау біткеннің ішінде «Соңғы қоңыраудың» сыңғыры жадыда ешқашан ұмытылмас-ескірмес естеліктей мәгіе қалады. Енді қайтып оралмас мектептегі қызықты да қызғылықты қимас сәттер көз алдында көлбейді. Бозбалалық-балалық тәтті мекенге шақырады.
Жылжып өтіп жатан жылдың 25 мамырында Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде оқу жылының аяқталуын паш еткен «Соңғы қоңырау» салтанаты жүзеге асты. Демалыс күні жексенбіге түскеніне қарамастан мектеп спортзалына жиналған қауымның қарасында шек болмады. Мектеп түлектерінің жеке өмірге пырақтай бастауын тамашалауға келген туған-туысқандар аз болмады.
Салтанатты шара барысында осымен қырық сегізінші болып мектеп табалдырығынан ұшқалы отырған түлектерді құттықтаған еңбек ардагері, «Бесқарағай-Әлкей» ЖШС төрағасы Б.Р. Әлкеев, Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Ж.Ш.Байтілеуова, ардагер ұстаз Д.А.Ақатаев жүрекжарды тілектерін байыппен жеткізді. Сонымен бірге Жанат Шоқанқызы 11 сынып оқушылары А.Даулетов және Е.Амановқа спорттық жетістіктері мен белсенді жігер-шымырлығы үшін арнайы диплом және естелік сыйлығын салтанатты түрде табыстады. Ал мектеп директоры А.М.Белгібаева қысқаша дайындалған тақырыптық баяндамасынан соң әр түлекке он бір жыл бойғы жетістіктері үшін мадақтаманы табыс етті. Бастауыш, негізгі һәм жоғары буында сынып жетекшілік еткен Ж.М.Белгібаева, А.Т.Байтемірова, С.Н.Сейсембеков қолынан тәрбие алған шәкірттерін құттықтаумен бірге «орамал тоң болмайды, жол болады» дегендей әрбір түлекке естелік бұйымтайын тарту етті. Қырық сегізінші түлектердің әжелері Г.Айтқазина, Л.Қапанова, К.Қабдуова қазақы дәстүр бойынша тәттіден шашу шашты.
Биылғы мектеп бітірушілердің ізін өкшелеп келе жатқан оныншы сынып оқушылары лирикалық әнге ерік берсе, «Соңғы қоңырауды» өмірлерінде тұңғыш рет естіп отырған бірінші сынып оқушылары әр түлекті сипаттайтын әзіл-шыны аралас өлең шумақтарын бал тілдерімен жеткізіп бақты.
Өз алдына сахна төрінде жайғасқан мектеп түлектері өз кезегінде өздеріне он бір бойы оқу-тәрбие нәрімен сусындатқан, бар ұстаздық мерейін Күн нұрындай шашқан туған мектебіне, оның әкімшілігіне, ондағы пән мұғалімдеріне арнаған алғыс-рақметтерін жүректі толқытар өлең шумақтарымен, тақырыпқа сай іріктелініп қойған әндерімен жеткізді.
Айта кету керек, биылғы мектеп түлектері ішінде «Алтын белгіге» үміткер екі оқушы қыз бар: Орынгүл Белгібаева және Айгерім Тілектесова. Маусым айының екінші жұлдызында болатын Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында үміт пен сенімді аралап отырған екі үміткердің бағы һәм бабы жанатынына тілектестіктерін барлығы дерлік бір ауыздан білдірді.
Осынау «Соңғы қоңырау» салтанатында ғана ерекше орындалатын вальс биінен соң мектеп түлектері алтын Күндей жарқыраған білім кілтін бірінші қыркүйекте қолдарынан жетектеп мектеп табалдырығына өздері кіргізген бірінші сынып оқушыларына табыстады. Соңғы қоңырау соғу рәсімі де биыл айтарлықтай өзгертілген түрде ұйымдастырылды. Әрбір түлектің, әрбір бірінші сынып оқушысының қолында алақанға сыйып кететін кішкене қоңыраулардың біркелкі сыңғырлаған жаңғырымен өз алдына қиын да қызықты болған 2013/14 оқу жылы да тәмамдалды, мектеп түлектері жеке өмірге қанат қақты.
Сайып келгенде, әр оқу жылының соңғы күнінде соғылатын күміс қоңыраудың сыңғыры оқушылар қатарынан тағы бір топ түлектерді жеке өмір атты айдынға мектеп жағасынан алыстата бастайды. Қоштасудың қандай қиындығына қарамастан, осынау заңдылыққа бағынуға тура келеді. Өмір жалғасуда. Үміт жетелеуде. Сенім артуда.
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
|