22:59 Мерейлі отбасы | |
АРДАҚТЫ АҚАТАЕВТАР Жалғанда айрандай ұйыған, құмырсқаның илеуіндей бірлігі мығым, тірлігі нық отбасының орны бөлек. Осынау сипаттағы жанұя қоғамның маңызды ұяшығы болуға әбден лайық. Өз алдына шаңырақ көтеріп, отын міне-міне түтетіп отырған жас отбасыларға үлгі-өнеге ғой әлбетте. Лебяжі ауданына қарасты Бесқарағай ауылында таңын таңға соғып отырған Ақатаевтар отбасы әрі ардақты, әрі құрметті, әрі мерейлі. Ал осынау жанұяның дүниеге келгеніне қырық жеті жылдың жүзіне айналып отыр. Әскерден соң мұғалімдік қызметтің қисыны қиын жұмысына білек сыбана кіріскен Сүлейменнің Думашы және сауда қызметін тәп-тәуір айналдырып жүрген Хамиттың Гүлсарасы «махаббаттың құдірет күші әлдиімен» жарасымдылық тауып, қос жүректің қалауымен екі жарты бір бүтінге айналып, отау тікті. Өзара сыйластық пен ортақ түсіністік арқасында әрі ерлі-зайыптық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтаған олар қазіргі таңда төрт қыз және бір ұлдың ата-анасы дәрежесінде. Балалардың барлығы қияға ұшты, ұясына қонды. Олардан тараған үрім-бұтақ Думаш Сүлейменұлы және Гүлсара Хамитқызын тиісінше «ата-әже» деп еркелене төңіректейді. Үлгілі тәрбиені мықтап ұстайтын осынау жанұядан тараған балалардың да, жиендердің де базарлығы жыл он екі айда бір үзілмейді. Нағыз өміршеңдіктің шынайы үлгісі! Отағасы Думаш зейнеркерлікке шыққанға дейін алдымен Бесқарағайдың оңтүстік-шығысына қарай жеті шақырымдай жерде орын тепкен, кезінде әжептәуір ауыл болған Подпусктегі 1 Май негізгі мектебінде әрі ұстаз, әрі директор болса, кейіннен Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырды. Қызыл тілге жүйріктігі арқасында әрі жұмыстан босаған кезде асабалық өнерімен де танылып үлгерді. Бірнеше үйлену мен үй болу тойларын сәтімен сабақтаған Думаш Сүлейменұлын осы жағынан сыйлайтын шаңырақтар жетіп артылады. Өйткені осы ағамыз көбінің жанұялық жарастық жолын салып берді. Зейнеркерлік демалысқа шыққанына қарамастан ауылдың қоғамдық-әлеуметтік өміріне белсенділік таныта кіріскен Думаш аға жиын-жиналыстарда бесқарағайлықтардың мұң-мұқтажын ортаға салып, мүддесін азаматтық тұрғыда қорғайды. Келеңсіздікті даттайды, жақсылықты жақтайды әлбетте. Ал Хамитқызы Гүлсара үйдің тірлігін ұршықша иіріп, отбасының береке-несібесін қызғыштай қорғайды, жанұяның өміршеңдік маңызы жоғары салт-дәстүрлерін берік сақтайды. Өз кіндігінен жарық дүние есігін ашқан балаларына һәм балаларынан нұр-сәуледей тарап отырған жиен-немерелеріне өнегелі тәлім-тәрбие беруден еш аянып қалмайды. Балалардың ішінде Азамат деген ұл мерейлі отбасының артық туған мүшесі болып табылады. Бала кезінен спортқа әуес, күрес-тартысқа құмар Азаматтың жұлдызы спорттың джиу-джитсу аталатын жекпе-жек түрінде жарқ етті жуырда. Пиреней түбегіндегі Португалияның Вагос қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында қос бірдей қола медальға ие болды. Басқа да бағындырған белестері бір төбе. Енді міне халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына қол жеткізіп отыр. Ақатаевтар жанұясын тілге тиек еткенде шеберлігімен, ұстаздығымен аймағымызға аса танымал Қанат Қайроллаұлы Асановты ерекше атап өткеніміз абзал. Бұл шаңырақтың апталдай мүшесі әрі Ерғанат деп аталып кеткен ол Азаматты кішкентайынан бауырына басып, әкелік мейірімін аямай шашқан асқан да абыройлы адамгершілігімен дараланады. Ал үйдің еш таусылмайтын шаруа-тірлігін ұқсатып отырған Амантай ағаның орны өз алдына бір төбе ғой шіркін! Ардақты Ақатаевтар отбасы – қайнаған тірліктің жасампаз ортасы. Қысы-жазы қонақ-мейманның қарасы үзілмейді. Бір шеті Алматы, бір шеті Зайсан, Ертістің арғы да бергі жағы – бәрінің басы әрі мерейлі, әрі ардақты Ақатаевтар отбасының кең де дарқан дастарқаны басында бірігеді. Осынау құрмет-сыйластыққа ие болып отырған Ақатаевтар отбасының мерейі асқақтай берсін, қызық-қуанышы әрдайым жалғаса берсін. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |