13:11 Ұлы Жеңіс ұлағаты | |
МӘҢГІЛІК ПОЛК МЕРЕЙІ Мерекенің де мерекесі бар әлбетте. Майда мамыр баршамызға ондай сағынышпен күтетін Ұлы Жеңіс мейрамын осымен алпыс тоғызыншы мәрте жылы шуағын шаша нұрландырды. Бұл дегеніміз әйгілі «Жеңіс күні» әні мәтінімен әспеттегенде «әрі күмістене ағарған самайлы мереке, әрі көздің жасы парлаған шат-қуаныш» қой қашанда! Осынау сәтке жеткен де арманда, жетпеген де арманда. Тағдырдың жазуымен қатарлары жылдан жылға сиреп бара жатқан соғыс және тыл ардагерлерінің орден-медальді тұлғаларымен аспандағанның үстіне аспандауда, шарықтағанның үстіне шарықтауда. Ұлы Отан оғысының батырларына арналған Даңқ орындарында Ұлы Жеңіс күні шапағат жауатын ерекше сәт қой бұл. Арайлы таңмен қарт Ертіске жардан сәлем беретін Бесқарағай ауылында Ұлы Жеңіс күнін тойлау игі дәстүрге айналғаны қашан. Мамырдың таңғы жылы жаңбырынан соң хош аңқыған ауаның жұпарымен Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің алдында жиналғандардың қарасында есеп болмады. Ауыл тұрғындарын былай қойғанда, сырттан келген қонақ-меймандардың өзі бір төбе. Қызғалдақтай құлпырған жүздерінде сағынышпен күткен мейрамның сәулесі күн күлімдей жайнады дерсің. Еңбектеген баладан бастап еңкейген егде жандарға дейін жиналды. Былтырғы жылы қолға алынған «Мәңгілік полк» шеруі биылғы жылы Бесқарағайға да жетті. Осынау Ұлы Жеңіс мерекесіне жетпей қалған соғысқа қатысқан бесқарағайлық ардагерлердің үлкейтілген суреттерін қос қолымен жоғары ұстаған үрім-бұтақтары ауылдың орталық көшесімен мақтанышпен өтті. Осы күндері марқұм болып кеткен, жүзі сондай таныс ақсақалдардың басы бір сәтке болсын жиналып, сап түзеген мәңгілік полктай көз алдында елестегендей әсер қалдырды. Қыран тұлғалы бабалардың ер-баһадүрге тән суреттерін жоғары ұстаған ұрпақтары тағылымдық жағынан осынау Ұлы Жеңістің, осынау Аманатты Бейбітшіліктің мән-маңызын артық рет санаға бір түйді. Дәстүрді сары майдай сақтау жақсы ғой әманда. Шерудің жалғасы Ұлы отан соғысы құрбандарына арналған Даңқ орнында жалғасын тапты. Осынау салтанатты митингке бүкіл Лебяжі ауданы бойынша тарих шежіресіндей көзі тірі ардақты ардагер, артық туған ел азаматы, ауылдың сондай сыйлы ақсақалы Қаблен Қасенов жылдағы дәстүр бойынша қатардағы тегеурінді жауынгердей тік отырып қатысты. Өз алдына сөз алған кезде тоқсанның екеуіне аяқ басып отырған асыл баба орнынан тік тұрып, періштенің құлағынан шалынатын жүрекжарды тілек-батасын берді. Сол сәтте қадірменді ақсақалдың әрбір айтқан баталы сөзі жиналғандардың жан-жүректерінде жеңіс жұлдызындай жарқ еткендей әсер қалдырды. Құттықтау сөздерін жеткізген Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Ж.Байтілеуова да, Бесқарағай ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы С.Темірғалин де, ауыл имамы Ж.Оспанов та осынау көктем мерекесінің қоғамдық-көпшілік маңызын мәртебелетті. Ал мектеп оқушылары ұсынған әдеби монтажда жатқа оқылған өлең шумақтары Ұлы Жеңістің мерейін көркен сөздің қуатымен құдіреттеді. Ауыл имамы Жамбыл ақсақал екінші дүниежүзілік соғыстың құрбандары рухына арнайы дұға арнады. Мектеп алдында ұйымдастырылған мерекелік концертте әскери-соғыс, Отан, туған жер тақырыптарын желбіреткен танымал әндер шырқалды, келісті би орындалды. Шырқалған әндерді ұйып тыңдаған көрермендер күркіреп өткен сұм соғыстың, сұрапыл майданның көркем шығармалардан оқыған я көркем-деректі фильмдерден көрген көріністерін елестетті. Жылдағы тамаша дәстүр бойынша ауылдық әкімшілік ғимаратының мәжіліс залында соғыс және тыл ардагерлерінің құрметіне дәм-тұзды мерекелік дастарқан жайылды. Жиналған қауым жайлы отырыс, жарасымды әзіл, келісті күлкі, мерекелік шаттық, салтанатты қуаныш әуенімен Ұлы Жеңістің осынау алпыс тоғызыншы көктемін мерейлетті. Асылында, Ұлы Жеңістің өлмес туы ешқашан жығылмасын, Бейбітшілік жасасын! Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |