22:27 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
І.ЕСЕНБЕРЛИН / КӨШПЕНДІЛЕР Қазақ халқының Ресей қол астына бодан болмауға шарасы қалмаған сәттің бір ұшығы осы алауыздық пен бақталастықта жатқандығын ескертеді. Тарихи шындық тұрғысын зорлап мойындататын кей сәттердің себеп-салдары, түп-төркіні жеке психологиялық ой-мақсаттардың арпалысы мен шарпысуында жататындығын меңзейді. Ойлап қараңыз. Ұлт бостандығын, жеке ұлт өркениетін халық теңдігін “дәріптеген” коммунистік жүйеде сол мақсат-мүдделер толық жүзеге асу сипатына ие болды ма? Әрине, жоқ. Қайта күн өткен сайын жеке ұлт мүддесі қусырылып, ұлттық салт-дәстүр жұтылып, тілдің қолдану аясы барынша тарылып, жойылу қаупі дендегені, мұның бәрі шовинистік идея, империялық саясат құрсауымен жүзеге асып жатпады ма. Бұл отарлауды жаңа үлгіде жалғастыру екенін зиялы топ білді. Алайда, ашық айтуға дәрмен жоқ. Өз ішімізде де мұндай араздық пен таққұмарлық бар екенін көре білген жазушы осы бір дерттің зиянды сипатын тарихи өткен көрінісін бейнелеп беру арқылы ұрпақ зердесін оятуды, тарихтың кесапатты тағлымын айта отырып өз дәуірін танытуды көздеген. Ұлт ретінде жойылып кету қаупін ескертеді. Отар болу емес, одақтас боламыз деген сенімнің соңы тәуелді тағдырға ұласу сипатының төркінін еске салады. Шығармада тарихи шындық осылай бой көрсетеді. Осы бір азаттық-еркіндік үшін, тәуелсіздік үшін күрес Россия құрамына әбден бағынып, құзырына қаралғаннан кейін де тоқталған жоқ. Қазақ қоғамының 18-ғасыр бедерін суреттейтін “Жанталас” романында осы “жанталас” күрес көрініс береді. Тіпті бұл күрес күні бүгінге дейін тоқтаған жоқ. Бұл кезеңдегі қайраткерлердің ішінде оқшау тұрған тұлға Абылай болды. Қазақ халқының соңғы рет басын құрап, Жоңғар, Қытай басқыншыларына тойтарыс берген кезеңнің шежіресі және сол тарихи дәуір оқиғасының басында тұрған Абылайдың билік кезеңі “Жанталастың” үшінші бөлімінде суреттеледі. Халық аузында көп айтылып келген Абылай хан есімі кеңестік кезең тарихында қайшылықты тұлға ретінде бағаланып ел санасынан шығарылды. Міне, осындай қытымыр саясаттың қырағы бақылауында тұрған хан Абылайдың тарихи тұлғасын сұңғыла сана, тұңғиық ойдың икемімен елдің есіне түсіріп, коммунистік көзқарас, партиялық саясат құрсауы қамаулап тұрған заманның өзінде халыққа танытқан Ілияс Есенберлин болды. Шапқыншылық емес, негізгі мақсат басқыншылқтан қорғану боп келетін дәуір бейнесі жасалған “Жанталас” романында Абылай әр қырынан суреттеледі, сан түрлі мінез, қасиетімен көрініс табады. Романның “Жанталас” аталуы да сондықтан. Романның бас кейіпкері – осы жанталас кезеңінде елге бас болған Абылай. Рас, кешегі коммунистік идеологияның ызғарынан қаймығып, “қырағы көзінен” сақтанған әдебиетшілер басты тұлға “халық” деп келді. Халық зердесін қайта қалпына келтіріп, ұрпақ санасын оятуға қызмет істеуге тиіс ұлы эпопеяны сақтап, қорғап қалудың бірден бір жолы еді бұлайша пайымдау. Тыныштық пен тәуелсіздік үшін күрескен, қазақ халқын жоңғар басқыншыларынан азат етушілер қатарында есімі эпикалық биікке көтерілген ер тұлға тумысынан билікке шығу психологиясы бірге қалыптасқан, жеке басының абыройы мен мансабын қатар ойлаған жан ретінде Абылайдың пендешілік қасиеті қат-қабат өрілетін шығармадағы таным қуаты осындай. Абылай табанды күрескерлігінің, айтқанынан қайтпайтын батырлығының және халық талайы таразыға түскенде сын сағатта ешкіммен де ымыраға келмейтін қатал, қатыгездігінің арқасында қазақ елінің, жерінің бостандығын қорғап қалды. Әл үстінде ауырып жатқан, Абылай Бұқар жырауға айтқан: “...Менің кеңесіммен жүрер ұл-қыз болар ма екен? Сөйтсе де екі кеңесім бар. Бірі – қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын. Бірлігі бар елді басқару жеңіл. Екінші айтарым, мен елу жылдан астам соғыс жүргіздім. Жетпіске келген жасымда, мейлі айла құрайын, әйтеуір шығыс жағымнан келген жауға, әсіресе Қытайға қазақтың бір бөлшек жерін бергем жоқ” (І.Есенберлин. 10 томдық. 6-т., 592-бет.) деген жолдардан Левшин айтқан жоғарыдағы мінездеме сырын емес, көркем болжал арқылы өрілген жазушы түйіні мен тарихи таным сипатын көреміз. “... қазақ аз ел ғой азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын” – деген Абылай сөзі мен “Алмас қылышта” суреттелетін “Жалғанда не қиын, қазақтың ру таласын шешу қиын. Бірақ оны шешудің қандай қажеті бар? ... – Шыңғыс тұқымының хан тағына осыншама ұзақ отыруының себебі де осында емес пе? Егер ру-ру боп бөлінген бар қазақ бірігіп кетсе не болар еді? Жоқ-жоқ бұл жұрт абайлап ұстамасаң қолыңды алып түсер қылшылдаған ұстара. Абайлап ұстаудың жалғыз жолы – біріне-бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз” (Сонда, 25-бет.) – дейтін он бесінші ғасырдағы Әбілқайыр ойының екі бөтен бағыты арқылы-ақ билік қағидасының жеке тұлғалар болмысымен тамырласып жататын сан тарау психологиялық сәтін тануға болады. Өткен тарих бейнесінен қазіргі заман келбеті көрінеді, сабақтастық сараланады, ұқсастық ұғылады. Халықты басқарудың жеңіл жолы Әбілқайыр үшін “біріне-бірін бақтырып қойып” азып-тоздыру арқылы болса, Абылай діттеген өмір сабағы бойынша “азып-тозып кетпеу үшін ел бірлігін сақтау екен”. Қай-қай кезде де ел басында, мемлекет тұғырында жүрегіне ұлттық сезім ұялап, бойына ұлттық сана сіңген, ойын ұлттық патриотизм кернеген, жадында халық тарихы орын тепкен, бар күш-жігерін, парасат-білімін, ақыл-зердесін шын таза гуманистік идеямен көмкере біліп, өзі басында отырған мемлекеттің болашағы үшін, сол мемлекетті иленетін жер, суын ғасырлар бойы қан төгіп жүріп қорғап келген негізгі халықтың ұлттық тағдыры үшін арнайтын, шын күйінетін адам болмайынша зұлым саясат, сұрқия мінез, жеке бастың қамы үшін ғана күрес қайталана беретінін, жалғаса беретінін ескертіп тұрғандай. Ойлап қарайық, бүгінгі өркениет те (реформа барысы) біртіндеп оң бағытқа қарай жылжып келе жатқан тәрізді, алайда адамдардың адамгершілік өркениетінің төмендігі салдарынан өте баяу қозғалуда екені аян. Бүгінде саясаткерлер мен өкімет чиновниктерінің көбі олардың моральдық-этикалық құлдырауы салдарынан “күйіп отырғаны” да шындық. Ұятсыздық пен шен құмарлық – чиновниктер мен реформаторлардың негізгі ауруы. Бұл оларды коррупцияға алып барып жатқаны және бұл құбылыстардың біздің өркениетіміздің елеулі тежеуші күштерінің бірі болып отырғаны өтірік пе?! І.Есенберлин романы дәл осыны айтып отырғандай. Егер адамдардың адамгершілік санасы жетілмесе, қоғам өмірінің жалпы өркениеті тез ілгері баса қоймайтынын ескертіп тұрғандай. Мұндайда, егер экономикалық-математикалық, техникалық, биологиялық, саяси және басқа білімдар адам санасын түзу және терең дамытатын болса, онда биік адамгершілік шындықтар адамның алдынан өмірдің мәнін, оның жұмбақ сырларын және оның заңды механизмдерін аша отырып, адам санасын терең дамытады. Заман-заманнан адам өркениетінің негізгі мәні олардың осы бір өмірді құратын шындықты түсінуге жақындай беру құлшынысынан тұрады. Эпопеяның әр бетінде “Ханның алдауы – халықтың соры болатын” құбылыс екенін есіңе салып, ой жетегіне салатын сөйлемдер жазушы қиялының тұңғиық сырына бойлатады. Алмағайып заманның аласапыран айқасы, ел азаматтарының келер күндердің шуақты сәті үшін күресі, ақыл мен айланың алма-кезек ауысуы, жан түршігерлік жауыздық үлгілері мен махаббат оты маздаған аяулы тағдырлар, сайын дала төсінің сан жылдық тарихы баяндалатын “Алтын Орда” болмысы осындай. Тарих тылсымына жан бітіріп, жеті ғасырлық ғұмыр әлемін санамен аралап, “қолымен жүріп” шыққан Ілияс Есенберлин тұлғасы да алып мұхит үстіндегі мұзжарғыш кемедей алыстан мен мұндалайды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |