20:36
Ұлы Даланың рухани жауһары

І.ЕСЕНБЕРЛИН / КӨШПЕНДІЛЕР

“Жанталас” романының оқиғалық желісін ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы Қытай, Жоңғар феодалдық агрессияшыл мемлекеттерінің Қазақ хандығына, Қазақ еліне жасаған қысым-қыспағы, қанды жорықтары құраса, тарихи шығармалардың бас кейіпкерлері ретінде қазақ хандары Тәуке, Қайыпхан, Болат хан, Әбілқайыр хан,  Сәмеке, Абылай хан т.б. жан-жақты сипатталған. Қытай, Жоңғар мемлекеттерінің Канси, Сыбан, Раптан, Қалден, Церен, Церен Доржи т.б. соғысқұмар билеушілерінің іс-әрекеттері, жүргізген саясаттары тарихи шындық пен көркемдік болжал ұштаса отырып суреттелген. Олардың қатыгез, қаражүрек істері көркемдікпен қисынды баяндалған.

Қазақ елі тарихының салқар көшінде тағдыры күрделі тұлғаның бірі – ХҮІІІ ғасырда өмір сүріп хандық жүргізген Әбілқайыр. Осы Әбілқайырды да жазушы роман желісінде Әбілмансұрмен бір сәтте, бір дастарқан басында отырған жағдайда таныстырады. Бір заманда өмір сүрген, бірі үлкен, бірі кіші, бір-бірінің жалғасындай болған, бағыт-бағдары, ой-ниеті бірде ұқсас, бірде алшақ көрінетін, есімдері мен ел тағдырына қатысты іс-әрекеттері жайлы екі ұдай пікір қалыптасқан Әбілқайыр және  Әбілмансұр-Абылаймен шығармада осылай кездесеміз.

Әбілқайыр мен Абылай психологиялық жақтан ұштасып барып, екі тармаққа бұрылады. Жазушы Әбілқайыр тұлғасы жайлы талас пікірдің ұшығын тарихи себептермен орайластыра дұрыс шешім шығарады. Әбілқайыр да, Абылай да хандық билікті қолдан шығарғысы келмейді. Алайда Жоңғар мен Қытай шапқыншыларының бұғауынан құтылудың бір-ақ шешімі бар. Әбілқайырдың аузына: “Түбі еліміздің де, келешек ұрпақтардың да көзі жетер, әрекетімізді ақтар, бізге қалған жалғыз жол – ол Россияның қол астына ену” – деп сөз салуында сол объективті шындықтың бір жағы жатыр. Ал хандық билікті қолдан шығарғысы келмейтінін де автор оның жеке адамдық қасиетіне, психологиялық болмысына байланыстыра бейнелейді.

Рас, Әбілқайыр мен Барақтың жаулығын күшейтудегі орыс чиновниктерінің әрекетін құжаттармен дәйектеу мүмкін емес. Бірақ автор Әбілқайырдың осындай хал кешуінің тарихи шындық екенін жан-жақты ашқан. Әбілқайыр сол кезеңдік үлкен саясаттың құрбаны. Дей тұрғанмен, таққұмарлық пен жеке бас мүддесі алғашқы кезекте тұратын пендешілік психологиясы меңдеген Әбілқайыр болмысы арқылы көрінетін адасудың тұманына тап болған тағдырдың, азап тауқыметін өзі емес, өзгелер көбірек тартып, зардабын халық шегетін құбылысы кітап жазылған дәуірде де айыға қоймаған тұрпаты І.Есенберлин қалам қуаты арқылы өрнек тартқан. Тарих сабақтастығы, уақыт ұқсастығы, психологиялық сәйкестігі көрініс тапқан. Тарихи шындықтың көркемдік таным қуатымен жанды бейнеге айналған сипатына бойлаймыз.

Мемлекеттік басқару құрылымында жеке мүдделік ой мен бақталастық жайлаған елдің болашағы қашанда тұманды болатынын ескертіп тұрғандай. Өткен заман шындығын жазушы өзі өмір сүріп отырған кезең болмысынан алып көркем бейне жасап отырған тәсіл. Тарихи өткен дәуір шындығын суреттегенде жазушы болған оқиғаны көркем баяндап, әдеби шығармаға айналдыруды ғана мақсат етіп қана қоймай, тарихи фон арқылы өз заманының мәселесін астарлап айтып беруді көздеген. І.Есенберлин эпопеясындағы образдар жүйесінің астары осы ойға меңзейді. Жазушылық таным құдыреті, тұңғиық ой жылымы сана бағдарын өзіне бұрып әкетеді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 121 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: