20:39
Ұлы Даланың рухани жауһары

І.ЕСЕНБЕРЛИН / КӨШПЕНДІЛЕР

Тарихи трилогияда автор ғасырлармен бірге кеткен феодалдық қауымдастық сананың түп-тамырын ашып, оның өз кезінде бірігудің, тәртіптің қазақ халқын қорғап, сақтап қалудың себебі болғанын көрсетіп береді.

Халықтың жеке ел болуындағы ең үлкен және соңғы қуатты тегеуріні қазақ халқының жоңғардың жойқын шабуылына төтеп беріп, елдігі мен жерін сақтап қалу болды. Бұл нағыз Ұлы Отан соғысы, сол Отан үшін шайқастағы тұтас халықтың ерлігі еді. Бұл сипат, Отан іргесін сақтап қалу үшін болған ұлы шайқас романда бар болмысымен жан-жақты көрінеді. Тарих оқулықтарында “өз еркімен қосылды” деп түсіндіріліп келген Россия империясына қазақ даласының бағындырылу процесінің қиын да күрделі сипаты “Жанталас” романында Әбілқайыр, Барақ, Абылай сияқты әр түрлі көзқарастағы ел билеушілердің іс-әрекет, айла-шарғылары арқылы көрініс табады. Қай заманда болсын қатыгез жүйе, қате саясаттан зардап шегетін – халық. Қандай тығырықтан да халық өзін-өзі ғана шығарады. Трилогияның алтын желісі, негізгі өзегі – қазақ халқының саясат бұғауы, шовинизм құрсауымен беймәлім болып келген тарихын өзіне таныту. “Адамзаттың нағыз шын тарихын тарихшы емес, суреткер жазады”, - дейді А.Горький. І.Есенберлин осы принципті ту етіп ұстап, ғылымда да осы уақытқа дейін терең сараланып бітпеген тарихтың қос қыртыс қатпарларына қазақ қаламгерлерінің ішінде тұңғыш рет қаламгер көзімен саяхат жасап, оқырман назарын көне тарихтың әлі ашыла қоймаған тың беттеріне аударады.

Өткеніміз туралы кешеге дейін там-тұмдап қана дерек біліп келсек, “Көшпенділер” елдік дәстүріміз, ғасырларға созылған шытырманға толы тарихымыз бар екенін көркем әдебиет көлемінде тұңғыш рет таныстыра алды. Ол ол ма? Бұл шығарманың тіпті тарихи еңбектерде шешімін тауып болмаған немесе басы бірікпей шашыранды түрінде жатқан мағлұматтардың бір жүйеге түскен желісін көреміз. Соншама көп фактілерді жазушы жалаң тізбей, роман шарттарына лайықтап, қорытып, көркемдік қиялға бөлеп бере алуы шығарманың тартымдылық қасиетін арттыра түсті. Міне, осындай тарих пен аңыздың, қиял ауқымы мен шеберліктің бірлестік табуы трилогияның өзгеше бітімін белгілеген еді. Сонымен қатар әдебиеттегі белгілі жанрлардың шартына сай бағалау қиындығы да шығарманың материалы, жанры, көркемдік тәсілі мейлінше тың болғандығын көрсетіп тұр.

“Көшпенділер” трилогиясы – хронологиялық жүйеге құрылған, қазақы шежірелік сипатты бойына жинақтаған тарихи шығарма. Ондағы баяндалатын оқиғалар негізінен тарихи жүйемен дамып, өрбіп отырады. Рас, трилогияда жазушының лирикалық шегіністерге, арғы-бергі дәуірлерге ауысып отыратын тұстар да жеткілікті. Ондағы суреттелетін негізгі оқиғалар, басты қаһармандар тарихта болған, белгілі деректерде сақталған.

Халықтың келбетін, күшін көрсету, қимылын, іс-әрекетін паш ету сипаты “Алмас қылыш” романында Бұрындық ханның әрекеттерін суреттейтін тұстарында айқын көрінеді. Бұл жайды жазушы оған деген халықтың қарым-қатынасын суреттеу арқылы айғақтай түседі.

Мұхамед Шайбани мен Бұрындықтың құда болуына халық сырт айнала қарайды.

 

Жеке оқиғалардың желісі, түп қазығы халықпен, қазақ халқының тағдырымен байланысып жатады. Мұның барлығы тарихи оқиғалардың, болған шындықтың, болмыстың негізінде айтылады.

“Алмас қылыш” романында жеке адамдардың, кейіпкерлердің өміріндегі тартысы, өсіп жетілуі, оның халықпен сан-салалы байланысында көрсетіліп, эпикалық сипатта баяндалады. Мұндағы оқиғалардың өріс алуы, дамуы тек халық атынан, ел тұрғысынан алып қозғалады. Керек жерінде халық өзінің күшін, қаһарын, қимылын көрсетеді. Керек болса үкімін де шығарады.

Осы романдағы Әбілқайыр ханның (ХҮ ғасыр) билік мұратының, өзге жұртты билеп төстеудің, империялық саясаттың қай заманда да ұқсас сипаттарын ойыңа салады. Әбілқайыр ойлау деңгейі жағынан таяз емес. Ел билеуде оның ұстанған өз саясаты бар. Қол астындағы елі – алмас қылыш. Оларды қайрап қойып, әр руды бір-біріне айдап салып отырмаса, бірігіп кетсе, бой бермесін ол жақсы түсінеді. Өз мақсатына жету үшін ол нендей сұмдықтан да, зұлымдықтан да тартынбайды. Бірақ ол біреудің қолымен от көсеп, сол зұлымдығы мен сұмдығын біреу арқылы жүзеге асырады. Жәнібекті, Саянды, Рабиу-Сұлтан-бегімді, Гүлбаһрамды, Орақты, Ақжолды өлтіруге жасаған әрекеттерінен соны айқын көреміз. Хан тұқымына, ел билеушіге кісі тағдыры ойыншық сияқты. Әбілқайыр заманындағы бұл құбылыс шығарма жазылған дәуірде де солай болды, бүгін де сол сипатта. Жазушы бұл жайды нақтылап та көрсетеді, Әбілқайыр ойы арқылы да сездіреді. 

Өз алдына  хандық құрып, таққа отығысы келген Жәнібек сұлтан да – терең ақыл, парасат иесі. Ол сол кездегі әлеуметтік шаруашылық жайды дақсы түсінген. Сондықтан да Әбілқайырдың қатесін өз мақсатына пайдалана отырып, ол үлкен іскерлікпен, ақылмен біраз рулардың басын құрып, ақыры қазақ халқының негізін құрады. Әбілқайырдың өлімі мен сол кездегі Орта Азия қалаларындағы жағдайлар Қазақ хандығының біраз күшеюіне мүмкіндік береді. Ал, Жәнібектің баласы Қасымның тұсында Қазақ хандығы тіпті күшейе түсті. 

Халық аузында “Қасым салған қасқа жол” деген мәтел бар. Сыншы халық бұл сөзді басқа хандарға айтпай, Қасымға айтуы тегін болмаса керек. 

Жазушы Қасымның түбі ел бастар  мінезін жастайынан-ақ таныта береді. Жәнібек көбіне өз баласымен ақылдасатын. Қасым әр кез әр істің, алды-артын жақсы байқап, дұрыс байлам айтады. Оның ақылдылығы, ұстамдылығы романда орынды берілген. Оның уәдеге берік, мәнді мінезі де суреттеледі. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 125 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: