22:57
Көшпелі семинар

ЖАЛҒАН ДІНИ ЖӘНЕ ДЕСТРУКТИВТІК ҰЙЫМ ҚАУПІ

Айтудай-ақ айтылып жүрген, жазудай-ақ жазылып жүрген, көрудей-ақ көрсетіліп жүрген жалған діни, деструктивтік ұйым, теріс ағым ұғымдары аясындағы әңгіме күн тәртібінен түспей келеді. Өйткені бұлар қоғамдық-көпшілік арасында өшудің орнына, маздаған шоқтай одан бетер өршу үстінде. Үрейлендіріп отырған соң да бұл аждаһаның алдын алу бойынша ұйымдастырылып отырған шаралар өте-мөте қажет. Күн тәртібінен түспей тұрғаны да сондықтан. Аса бір байыппен қарастыруды қажет ететін бұл мәселенің түйшектелген түйіні бірлік пен ынтымақтың үйлескен күш-жігері арқылы ғана шешілмек. Осындай мақсатпен Павлодардағы «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы» биылғы жылдың 12-16 мамыр аралығында Лебяжі ауданына қарасты ауылдар тұрғындары үшін «Тұрғындардың жалған діни және деструктивтік ұйымдарға тартылуының алдын алу негіздері» атты көшпелі семинар ұйымдастырды.

Аталмыш семинарға мемлекеттік қызметшілер, ауылдық округтердің әкімдері, ұйымдар мен мекемелердің басшылары, еңбек ардагерлері, ақпараттық-насихаттық топтар, учаскелік полиция қызметкерлері, жастар, медицина қызметкерлері, діни бірлестіктердің жетекшілері, шаруашылық қожалықтарының, аудан тұрғындарының өкілдері және қарапайым ауыл тұрғындары, мектеп жасындағы жоғары сынып оқушылары қатысты. Көшпелі семинар барысында тыңдаушыларға «Ибрай (Ибрахим) Алтынсарин «Основы мусульманств (Шариат-уль-Ислам)», «Мұсылмандық шарты», «Деструктивті культтерден өз балаңызды сақтаңыз», «Телефон доверия», «Қалай мүлікті жоғалтып алуға болмайды?», «Адасқандар», «Адасқандар-2», «Как маскируется зло?», «Западня», «У терроризма нет лица», «Таным тұғыры», «ҚР тыйым салынған діни ұйымдар», «Терроризм және экстремизмге – жол жоқ!», «Справочник по религиозным объединениям Павлодарской области», «Дін мәселелері бойынша заңнамалық негіздеме», «Угроза вовлечения молодежи в тоталитарные секты» атты диск-кітапша-буклетті әдістемелік әдебиет таратылды.

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің Тұңғыш Президент дәрісханасында өткізілген көшпелі семинарды «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының» ақпараттық-түсіндіру жұмысы бөлімінің инспекторы Г.Бегімбаева тізгіндеді. Семинардың арқалаған тақырыбы қай қырынан алсақ та зілдей ауыр, қырағылық пен жауапкершілікті талап етеді әлбетте. Гүлайым Шаймолдақызы интербелсенді тақта арқылы көрсеткен слайд-көрсетілімдерде жалған діни және деструктивтік ұйымдарға тартылудың алдын алу бойынша тұщымды әңгіме өрбітті. Айталық, деструктивтік культ – қоғамға немесе өздерінің мүшелеріне зиян келтіретін (материалдық, психологиялық немесе жарымжандық), сондай-ақ осындай нұқсан келтіруге әлеуетті қауіптілігі бар діни, неодіни ұйымдар және басқа да топтар екен. Сонымен қатар осындай күмәнді ұйымға тартушылардан қалай сақтану керектігі де егжей-тегжейлі қарастырылды. Танымға толы әңгіме кезінде сөз сөйлеуші нақты мысалдар келтірді. «Сириялық қапқан» бейнефильмінде теріс үгітке еріп, қайдағы бір елдегі түсініксіз соғысқа аттанып, артынша қапы қалып, темір тордың аржағынан бір-ақ шыққан екі екібастұздық азаматтың тартып жатқан тауқымет-теперіші көрсетілді. Көрермендер назарына елімізде тыйым салынған ұйымдар туралы танымдық көрсетілімдер ұсынылды. Дәстүрлі емес діни ағымдар таралуының алдын алу, экстремистік ұйымдар мен деструктивтік культтер қызметінің қауіптілігі жайында ортақ әңгімелесім түзілді. Гүлайым Шаймолдақызы конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының мақсаттары мен міндеттерін, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы екендігін, дін мәселелері бойынша заңнамалық база төңірегін, сенім телефондарының координаттарын құрақ құрағандай жайып берді. Сайып келгенде, осынау көшпелі семинарға қатысқан бесқарағайлықтар жалған діни және деструктивтік ұйымдарға тартылуының алдын алу негіздерінен сақтық таным-түсініктерді алды. 

ШАҺМАНТЕГІ Бегімхан

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 996 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: