23:01 ҰБТ - 2014 | |
СЫН СЫНАҒЫ СӘТІМЕН САБАҚТАЛСЫН Әлқисса, биылғы оқу жылының ең басты рәі ең жауапты сынағы Ұлттық бірыңғай тестілеуді лебяжілік түлектер маусым айының екінші жұлдызында Павлодар мемлекеттік педагогикалы институты ғимаратында тапсыратын болды. Сонда орналасқан Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пунктіне сонау Астанадан келіп түскен рұқсатамаларда тест тапсыруға өтініш білдірген әрбір түлектің тапсыратын легі һәм отыратын аудиториясы көрсетілген екен. Осы құжатта көрсетілген ережелермен әр түлек оқып танысты. Сонымен тест тапсыру кезінде мектеп бітірушіге:
Егер тестілеу уақытында бітірушіден шпаргалкаларды, оқулықтарды және басқа оқу-әдістемелік әдебиеттер мен калькулятор, фотоаппарат, мобильді байланыс құралдары (пейджер, ұялы телефондар, планшеттер, iPad, iPod, iPhone, SmartPhone), ноутбуктар, плейерлер табылған жағдайда, Министрлік өкілі және аудитория кезекшісі мектеп бітірушінің қатысуымен «Аудиторияда тыйым салынған заттың тәркіленуі және тәртіп сақтау ережесін бұзған мектеп бітірушіні аудиториядан шығару акт» жасайды. Министрлік өкілінің шешімімен мектеп бітіруші аудиториядан шығарылады және тест нәтижесі жойылады. Тестілеуге берілген уақыт аяқталған кезде бітіруші емтихан материалдарын тапсырудан бас тартқан жағдайда оның тестілеу нәтижесі өңделмейді. Міне осындай мазмұндағы рұқсаттамамен жіті оқып танысқан әрбір түлек өз қолын қойып, танысқандығын дәлелдеп те қойды. Бұл ережелер ҰБТ-ны ұйымдастыру мен өткізу нұсқаулығында да егжей-тегжейлі айқындалған және оқу жылы барысында әр түлекке түсіндірілген. Күні кеше ПМПИ-де осымен үшінші рет болған лебяжілік тест тапсыруға өтініш білдірген биылғы түлектерге ҰБТ тапсыратын аудиториялары көрсетілді. ҰБТ өткізу пунктінде осымен оныншы жыл қатарынан қызмет істеп келе жатқан, осынау сынақты өткізу мен ұйымдастырудың жілігін шағып, майын ішкен жетекші маман Н.Жүсіпова төртеуі түгел жиналған түлектерге сынақ алынатын аудиторилар жайында ақпарат берді. Олардың қанша тапсырушыға шақталғанын, ай қабаттарда орналасқандығын түсінікті тілмен жеткізді. Нағима Мәжитқызының айтуынша, биылғы ҰБТ да қатайтылған тәртіп түрінде өткізіледі. Оқу ғимаратына кіреберісте тест тапсыратын түлектерді арнайы құрал-құрылғы арқылы тексерістен өткізеді. ҰҚК һәм ІІМ өкілдері күшейтілген бақылау жүргізеді. Әр аудиторияға ұялы байланыс толқындарын өшіріп-шектейтін арнайы құрылғылар және тест тапсыру сынағының ашық түрде өтуін бақылайтын бейнекамералар толық түрде іске қосылады. Соңғы жылдардағы дәстүр бойынша көрші көшеде орналасан ғимараттың жоғары қабатындағы кең залда онлайн түрінде аудиториялардан бейнекөрсетілімдер ұйымдастырылады. Сонымен қатар аудиторияларда талапқа сай кезекшілікті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі өкілдері және білім саласын қадағалау мен бақылау Департаментінің өкілдері жіті бақылайды. Не де болса ҰБТ сынағын тапсыруға өтініш беріп, бап пен баққа үміттенген, тәуекелге бел буған түлектерге сын сынағы сәтімен сабақталсын дейміз. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |