22:56
Бәрін айт та, бірін айт

АЗАМАТТЫҢ ДЖИУ-ДЖИТСУДАҒЫ АСУЛАРЫ

Тағдырдың сызығы әр адамға талғамның қалауынша өз ырысты несібесін үлестіреді. Қайсыбіріне ғылым-ілімнің таусылмас тасын зерттеу бұйырса, енді біреуіне сахна төрінде өнерімен тамсандыру бағы шақырады, кейбіреуі өз бақытын жігер-шымырлы спорт әлемінен табады һәм тағысын тағы. Өз жөнін, өз жолын сәтімен сабақтағандар белестен соң белесті бағындырып, асудан соң асу асып жемісті жеңіске, мәртебелі даңқ-абыройға бөленеді. Сондай жанның бірі – бесқарағайлық Азамат Ақатаев. Жас та болса джиу-джитсу аталатын жекпе-жек түрінен халықаралық деңгейдегі спорт шебері атағына қол жеткізіп отыр осы күні.

Джиу-джитсу дегеніміз не?

Джиу-джитсуді жапондық күрестің аса ежелгі түрлеріне жатқызады. Джиу-джитсудің негізгі принципі — «жеңіс үшін тікелей қарсылыққа шықпау» — қарсы шықпай, ал тек керек жаққа жіберіп, қарсыластың күшін өзіне қарай жіберу. Бұл принцип Сиробэй Акаяма дәрігер туралы аңызымен байланысты, бір кезде дауыл (басқа деректер бойынша—қардың астында) болған кезде, үлкен ағаштың бұтақтары сынып қалғанын, ал үйеңкі күшіне сеніп, сосын көтерілді және бүтін қалғанын көріп қалды. Осы байқауларды көріп рухтанған дәрігер, кейін оған Ёсин-рю (үйеңкі мектебі) есімін беріп, бірінші джиу-джитсу мектебін ашты. Джиу-джитсу өнері қаруға ие болуға құқығы жоқ, халықтың төменгі сатыларында сирек қолданылған, өйткені оның техникасы оқуда айтарлықтай қиын және тек мектептің ішінде ғана болды. Джиу-джитсу әскерде кең қолданылған, оны самурайлар зерттеген. Эдо дәуіріне дейін қарусыз күресуге үйреткен және кэндзюцуді қоса отырып, семсерлесуге үйреткен (рю) мектептердің құрамына кірген; сонымен қатар кейбір рю атпен жүруге, садақтан от жіберуге және жүзуге үйреткен.
Джиу-джитсу техникасы лақтыруларды, кептеулерді, тұншықт
ыруларды, ауыртпа тәсілдерін, соққыларды, ауру сезгіш нүктелерге әсерлерді қосады. Ежелгі стильдердің басты мақсаты күмәнсіз жауды тиімді өлтіру, қазіргі джиу-джитсудің негізгі бағыты өзін-өзі қорғау болды.

Джиу-джитсуде шектеуліктер жоқ және болуы да мүмкін емес. Орасан зор және бай арсеналды ең болмаса кейбір жарыстық шектеуліктердің шеңберіне тықпалау қиын.

Ұстаздықтың жілігін шағып, майын ішкен ардагер ұстаз Думаш Ақатаевтың отбасында үлгілі тәрбие алып өскен, сонымен бірге аймағымға аса танымал шебер ұстаз Қанат Асановтың бауырында өсіп жетілген Азамат кезінде Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде негізгі орта білім курсын толық тәмамдап, қалаға кетті де, алдымен колледжде, кейіннен жоғары оқу орнында білімін ұштау даңғылына түсті. Сонда жүріп жапондық жекпе-жек түрі джиу-джитсумен айналыса бастады. Азаматтың айтуынша, осынау спорт түрімен айналыса бастағанына осымен төртінші жылдың жүзіне айналып отыр. Көз алдымызда өскен Азамат қаршадайынан спортқа құмарлығымен, ыстық-суыққа төзімділігімен, қиындықтарға қарсы тұратын асқан шыдамдылығымен көзге түсетін әлбетте. Джиу-джитсуге келгенге дейін ол жеңіл атлетикамен, шаңғымен жүрумен, қазақша күреспен шұғылданды. Тіпті жоғарыда тізбеленген спорт түрлерінен жүлделі орындарды аудандық, облыстық, республикалық деңгейде алғаны да бар. Дегенмен спорт шебері атағын Азамат джиу-джитсуден алды. Айталық, джиу-джитсу спорт түрінен Павлодарда өткен Федерация Кубогі үшін болған жарыста 60 келі салмақ дәрежесі бойынша жүлделі үшінші орынға қол жеткізді, Профи Файт спорт түрінен жастар арасында Қазақстан Республикасы Чемпионатында 69 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынға иелік етті, «Көкшетау барысы» джиу-джитсу бойынша ашық турнирінде бірінші орынды қанжығалады, Қазақстан Республикасы Парламентінің жүлдесіне арналған бірінші жекпе-жек фестивалінде джиу-джитсудан 62 келі салмақ дәрежесі бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Ал биылғы жылдың сәуір айында шет-шалғайдағы Португалияның Вагос қаласында өткізілген ересектер арасындағы джиу-джитсудан әлем чемпионатында Азамат Ақатаевтың жұлдызы жанды. Аталмыш жекпе-жектің бразилдік және комбат түрлерінен үшінші орынды бағындырды да қос бірдей қола медальді алқалады. Осынау жетістігі үшін оған халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы бірауыздан беріліп отыр. Бәрекелді!

Өзі түлеп ұшқан мектебіне келіп, ізін басып келе жатқан іні-қарындастарымен, білім-тәрбиемен сусындатқан мұғалімдерімен арнайы кездесуде Азамат Пиреней түбегіндегі Португалияда болған жарыстары хақында майын тамыза әңгімелеп қана қоймай, интербелсенді тақта арқылы сонда түскен фотосуреттерін һәм жарыстар барысында түсірілген бейнетүсірілімдерін тамашалатты. Жиналған қауым назарына осыған дейін жеңіп алған медальдарын, диплом-грамоталарын, Кубогін көрсетумен ғана шектелмей, әрбір жүлдені қайда, қалай, қашан жеңіп алғанын әңгімеледі. Төртеуі түгел жиналған ізбасарларына ағалық ақылын, спортшыға тән кеңесін беруден де тартынып қалмады. Азаматтың айтуынша, оның осынау деңгейге дейін жетуіне джиу-джитсудан алтыншы дан иесі, Қазақстан Республикасы джиу-джитсу Федерациясының президенті Дәулет Исаұлы Әлжановтың әрі бапкерлік, әрі ағалық қамқорлығы мұрындық болған екен. Қазіргі таңда Азамат Павлодардағы «Дос» спортклубында жаттықтырушы болып қызмет жасауда. Мектеп жасындағы балаларды осы жекпе-жек түріне үйрету үстінде.

Сонау Португалия жерінде түсірілген фотосуреттерді мейілінше тамашалаған оқушылардың таңданысында да, қуанышында да шек болмады. Әлем чемпионатының жүлдегерімен суретке түсушілердің де қарасы көпке дейін үзілмеді. Кездесу соңында Қызылағаш ауылдық округінің әкімдігі жүлдегер жерлесімізге естелік сыйлық табыс етті.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген өміршең нақылды ту ете отырып біз Азамат Ақатаевтай ауылдасымызды, шәкіртімізді қашан да мақтан етеміз, қашан да үлгі тұтамыз. Дүниенің байлығына бергісіз денсаулық пен пырақтайын самғаған қайрат-жігердің арқасында Азаматтың жеңісті күндері көп болсын тек.         

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 875 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: