20:41 Қазақтық | |
БЕСІК ЖЫРЫ Психологиялық мәні: Баланың болашағы оның балалық шағы қалай өткендігіне тікелей байланысты екенін ғылым дәлелдеген. Бесік жыры – адам өмірінің бастауы – сәби кезінің міндетті белгісі деп айтуға болады. Себебі бесік жырының бұған дейін айтылған педагогикалық, ұлттық танымдық маңызынан басқа, физиологиялық, медициналық, психологиялық мәні, функциясы бар. Бала психологиясында бесік жыры баланың 1,5-2 эасқа дейінгі тіл табысу мен шүйіркелесудің ең алғашқы және жалғыз нысаны ретінде танылса, 3-4 жасқа дейін ана мен баланың қарым-қатынасындағы ерекше орынды иеленуін жалғастырады. Жалпы, бала қабілетінің дамуының кілті – оның өмірінің алғашқы үш жылында, яғни ми клеткалары мен байланыстарының қалыптасу мен даму кезеңінде жатқандығы анықталған. Ересек мидың 80% потенциалы 3 жасқа дейін қалыптасады. Адам өміріне қажетті қабілеттері мен процестері осы жасқа дейін қалыптасып үлгерген іргетасқа негізделеді. Алайда, ересектер сәби миының дамуына оның физиологиялық ерекшеліктері мен ақпаратты қабылдау қабілетін ескере отырып ықпал етуі керек. Осы тұста, көп халықтың, оның ішінде қазақ халқының да, бар ойлап тапқаны және адамның толыққанды дамуына үлес қосатын құрал – бесік жыры. Физиологиялық тұрғыдан алсақ, зерттеушілер адамның сәби кезінде миының сол жақ сыңарының функциясы тілді меңгеру арқылы қалыптасатынын анықтаған. Яғни тіл үйрену, сөйлей алу арқылы адам миының сол жақ функциялары қалыптасады. Осы тұста бала санасына ересек адамдардың күнделікті қарапайым сөйлесуінен гөрі, ырғақты, әуезді және әуендете сөйлеуі, яки ән салуы ең маңызды катализатор екен. Бесік жырында әуез бен сөздің үндесуі мидың оң және сол сыңарларының бір-бірімен ымырамен (синергия( қызмет етіп дамуын қамтамасыз етеді. Бесік жырының ритмика, рифма, ассонанс, ассоциация сияқты құрамдас бөліктері мидың жүйелі түрде қызмет етуіне әсер етеді. Сондықтан бесік жыры сәбидің тілді меңгеруін, оның миының дамуының алғышарты екені ғылымда дәлелденген. Бесік жыры – ананың сәби бойындағы үрейді, мазасыздықты басып, өз мейірімін оның мүмкіндіктеріне сай әуезді тілімен беруі. Өз сезімін жылау арқылы әлемге жеткізген сәби дауысына анасы әуезді әуенмен үн қатса, бала өз үнінің маңызды екенін бойына сіңіреді. Бала ұйқыға кетерде анасы қасынан табылып, оны әлдилеп, қашан да қасынан табылатындығын әуезбен жеткізуі баланың әлемге деген фундаментальді сенімін қалыптастырады. Анасы бар бала ұйқыға алаңсыз кетеді. Бала алаңсыз өмір сүруді үйренеді. Бесік жыры ритуал ретінде күн сайын баланың қалыпты дамуына әсер етеді. Өзіне деген қатынастың сазды әуенмен, қауіпсіз жетуі арқылы бала бұл әлемнің қауіпсіздігін сезінеді. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |