10:42
Атбегілік арналары

ЖЫЛҚЫ ЖАЙЫЛЫМЫ

Жылқы үйірі

Жылқы түлігі қолға үйретілмеген сонау бағзы заманнан бастап үйірмен өмір сүруге дағдыланған. Жылқы бір-біріне кісінесіп қатынасады. Әрі жылдың ауыспалы маусымдарына бейімделіп, жазда жайылым, күзде соны, қыста қар-су қуалап үнемі қозғалыста болу себепті, оның үйірдегі орны анықталып отырған.

 

Үйірдің пайдасы. Үйірдегі жылқы өзін қауіпсіз сезінеді. Үйір – жылқының бейбіт өмір сүруінің кепілі. Яғни жылқы сырттан келетін шабуылға тойтарыс беру, қиындықтан құтылу сияқты қажет дағдыларды үйірде жүріп үйренеді. Бірнеше үйір жылқы қосылып, бір табын құраған. Бір табында 500-ден 1000-ға дейін жылқы болады. Кейде «табын» орнына «қос» деп те атайды.

 

Жылқының үйірдегі орны. Үйірдегі әрбір жылқының орны болады. Бұл бұлжымай қатаң тәртіппен сақталады. Егер тәртіп болмаса үйір өзін сыртқы жаудан қорғай алмайды. Үйірдегі тәртіпті үйлестірген үйірдің басшысы болады. Бұл міндетті көп жағдайда сары қарын, сақа биелер атқарады. Жылқы түлігінің басты қасиеті үйір басы айғыр өзінен туған ұрғашы құлынды қайырмайды. яғни қан жақындасып, үйірдің сапалық қуаты кеміп кетуден қатты сақтанады. Сондықтан өзінен туған құлын байтал шыққанда басқа айғырдың үйіріне қуалап апарып қосып береді де, өзі сол үйірдің байталын қайыруға алады. Бұндай тектілік қасиет тек жылқы малында ғана бар.

 

Қан жақындасу. Жылқы өте текті мал. Жоғарыда айтқанымыздай, қан жақындасудан табиғи түрде сақтанады. Яғни айғыр өзі таптырған ұрғашы байталдарға шаппайды. Тіпті оны қысырап қалмас үшін екінші бір жат айғырдың үйіріне қуып тастайды. Жылқының қаны жақындасқан жағдайда айғыр үйірін қайырмай таратып жібереді.

Қан жақындасқан үйірден жүйрік шықпайды. Сондықтан атбегілер баптаған жүйрігінің тек-тұқымын 4-5 аталығына дейін жақсы білгені жөн. Жас айғырдан жақсы құлын туады. Жылқышылар көп айтатын «отты жылқы» дейтін тіркес бар. «Отты жылқы» деп үйірге тұңғыш түскен дөнен айғыр мен байталдың арасынан шыққан құлынды айтады.

 

Үйірдің бағым-күтімі. Үйірдің бағым-күтімін үйірдегі тай-құнандарға қарап біледі. Жас жылқылардың іші босап, қарынсал тартса жылқы үйірін дереу ащылатады. Қыстың алғашқы айларында үйір жайылымына ішетін суы бар, ащылауға қолайлы өлкені тадайды. Көктемде ағынды суы бар изенді далаға өрістетеді. Жылқының қасиеті бір-бірін иіскеп көріп, иісі арқылы таниды. Қазақтың «жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дейтін сөзі осы мақсатты көздеп айтылса керек.

Жылқыны қыс айларында отарлатады. Отарлатудың пайдасы: күзде қоң жинаған түліктің қоңын көктемге дейін арықтатпай жеткізу және биелерді аман-есен құлындату болып табылады. Жылқы малын бағудың ерекшелігі: ол басқа малдар сияқты емес, айдап жүріп бағуға ыңғайлы. Сондықтан жылқы малын қыс бойы қар аз түскен немесе тебіндеп жайылуға мүмкіндігі бар өлкелерге айдап апарып отарлатады. Жылқыны отарға қазан айының соңына таман шығарып, көктемде биелер құлындағаннан кейін қайтарады.

 

Үйірдің қоң алуын (семіздігін) аңғару. Біркелкі семірген үйір сыртынан қарағанда қозғалысы азайып, баяу күйездеп, көсіле жусап, екі-екіден қасынысып, анда-санда жер иіскеп шұлғысып тұрады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 123 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: