20:34
Абайтануға айқындама

ҚАЖЫНЫҢ ҚАЗАСЫ

«Абай жолы» қалай жазылғаны жайлы М.Әуезовтің: «Романға кіріспес бұрын дүние әдебиетінің барлық озық үлгісін сүзіп шықтық. Немістің, француздың философиялық, тарихи хронологиялық романдарын ақыл-ой елегінен өткіздім» дегені белгілі. Мұхаңның осы айтқанына орай, жазушы Тұрсын Жұртбай былайша түйеді: «Соның ішінде И.С.Тургеневтің «Әкелер мен балаларына» иек тіреп, ерекше ықыласын бұрмас еді. Ол осылардан психологиялық шиеленісті үйрене отырып, ілгері дамытты. Мүлде соны ой өрісіне шықты». Расы, әке мен баланың қайшылығы мәңгілік мәселе. «Абай жолында» оың шешімі жоқ, бірақ мәселені көтереді мұхаң. Жай ғана көтермей «Жеке адам мен қоғамды шендестіре, тең дәрежеде образдық тұтастықта бейнелейді» (Т.Жұртбай). Ол ол ма, әке мен бала қатынасы астарына ескі және жаңа қоғамның ауысуы сияқты зор тақырыпты сыйңызады. Бұл кемеңгерліктің белгісі, әрине.

Құнанбай 1868 жылғы реформадан соң билікті балаларына тапсырып, өз елінің ақылгөй қариясы болғанды жөн көреді. Ол 1875 жылы қажылыққа, Мекке сапарына аттанған. Онда басқа да қажылармен бірігіп, қазаққа деп қонақ үй – тәкиә салдыртады. Меккеден келгеннен кейін «дүние сөзін сөйлемеймін» деп, ешбір жанмен тіл қатпай қойып, оңаша үйде шымылдықтың ішінде жалғыз отырып, құдайға құлшылық қылған. Бұл мінезі туралы сырт ел «тілі байланған» деп те аңыз қылған екен. Бірақ соңғы жылдарында маңайында болғандар ол сөзді бекерге шығарады.

Бір қызығы, Сарыарқаның Семей жақ шетіндегі Арқалық адырына таяу жердегі Жымба деген күзек Құнекеңдікі болған. Қажы ұзақ өмірінің соңын сол қалың қыстаулардан қашық Жымбада өткізген. Неге? себебі аталмыш адыр Уақ руына қарасты еді. «Ұрпақ өседі, жер өспейді» деген қағидаға адал мырзаның Жымба күзегіне ие болуын Тобықтының Ертіс дарияға қол артқаны деп сана. Пай-пай, Құнанбай ауылдары ұлан-асыр! Олар Жондағы Бақанас жайлауын, Қызылшоқы қыстауларын, ең зоры, бауырдың барлық шұрайлы қорықтарын, бір шеті – Уақтың Арқалығына таяу Жымбаға дейін иеленді. Ысқақтың бәйбішесі Мәніке айтты дейтін «еңкейсем Ертісім, шалқайсам Шыңғысым» деген мәтел сөз содан қалған.

Уақтың Арқалығындағы мөлдір сулы Күшікбай бұлағына аялдамай өтетін жолаушылар кемде-кем. Білетіндер Семей-Қарауыл күре жолындағы әйгілі бұлақтың жер асты қайнары – Алтай тауында деседі. Осыдан бірер жыл бұрын асуда Күшікбай батырға арналған еңселі монумент бой көтерді.

Саналы ғұмыры Тобықтының жерін молайтумен өткен Қажы тамыздың басында бақилық болып, Абайдың қыстауы – Ақшоқыға жерленді. Қажының жаназасында Байкөкше ақын дүйім жұрттың көзінше: «Құнан кетті – алдынан жарылқасын, артында алтын қалды ат басындай», - деп, Абайға зор сенім арта сөйлепті. Қарт ақын қателескен жоқ, Абайдың атағы бірер жыл ішінде қазақ көгінде қалықтады. Заманында Нысан абыз деген ел сыншысы Өскенбайға. «Өзіңнің бағың Қыдырбай (бұл жерде Қыдыр – кішірек, балақ таудың аты) болса, балаңның бағы Шыңғыстай болады», - десе керек. Көреген сөз. Бірақ Абайдың бағы Құнекеңдікінен өлшеусіз асты. Бұл ол күнде әулиенің де үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жәйт.

Құнанбай қойылған тас зиратқа кейінде ет жақындары мен келіндері де жерленген. Осымен Ақшоқы зираты Құнанбай ұрпағы үшін қабірстан (пантеон) болды.

Жазушы Т.Жұртбай Құнанбай мен Абай арасында болған тартысты мынадай әдемі теңеумен жеткізеді: «Бейне ағыны қатты екі ұлы өзен бір арнамен қарама-қарсы бағытта тасқындай ағып кеп қосылып, бірінің ағысын екіншісіне бағындыруға тырысқан табиғаттың дүлей арпалысы секілді болатын. қалай да екеуінің біреуі жеңуі тиіс. Өйткені өзенде екі ағыс болмайды. Ол – заман ағысы. Ал дүние көші алған бетінен қайтпайды». Әрине, бұл тартыста жеңіс Абай жақта болатын.

Ғажабы, қажының дүниеден өтуі Абай 40 жасқа толған мезетке тұп-тура келді. Тап осы кезден Абайдың ақындық қуаты шалқыды. Кездейсоқтық па, жоқ, әлде... әлдебір мистикалық байланыс бар ма, бұл, әрине, бір Аллаға ғана аян сыр.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 120 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: