18:02 Аққулы (Лебяжі) ауданына – 80 жыл! | |
ШОҚТЫҒЫ БИІК БЕСҚАРАҒАЙЛЫҚ ШОПАНДАР Дана халқымызда «Мал өсірсең – қой өсір, байлығы оның – көл-көсір» деген қанатты нақыл бар. Сексен жылдық мерейтойын басынан кешіп жатқан Павлодар облысына қарасты Аққулы (Лебяжі) ауданы үшін осынау халық даналығының дөп келуі тарихи ақиқат. Асыл тұқымды һәм биязы жүнді солтүстік қазақ меринос қойын өсіруде адал еңбегімен, асқан абыройымен танылған Бесқарағай ауылының шоқтығы биік шопандары туралы деректерге тоқтайық. Қарманов Бекен / Павлодар облысы Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Шопан болып адал қызмет атқарды. Еңбек жолын 1917 жылы батырақ-бақташы болудан бастады. 1932-1941 ж.ж. Лебяжі ауданы Бесқарағай қой өсіру кеңшарында шопан ретінде еңбек етті. Соғыстан соң (1945) Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында шопан, аға шопан болды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне қатысушы (1957). Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі депутаты (1955, 1959) болып сайланды. Екі мәрте Ленин орденімен (1958, 1966) және медальдармен марапатталды. Асылханов Жұмахан / Павлодар облысы Лебяжі ауданы Қосқарағай ауылында (қазіргі Шарбақты) дүниеге келді. 1931-1934 жылдары әке-шешесімен бірге Алтай өлкесіне қоныс аударды. 1934 жылы қайтып келіп, 1938 жылы бастауыш мектепке барды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 11 жасынан бастап жұмыс істеді. 1948 жылы Ермак (қазіргі Ақсу) ауылшаруашылық мектебін «малдәрігер-санитар» мамандығы бойынша бітіріп, Лебяжі ауданының Бесқарағай ауылында малдәрігер-санитар болып жұмыс істеді. Әскерден кейін Бесқарағай ауылына оралып, зейнетке шыққанға дейін «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» аға шопан болды. Солтүстік қазақ мериносы биязы жүнді асыл тұқымды қойды шығарушылардың бірі болып табылады. Көп жыл бойы «Аққу» комсомол-жастар бригадасының кеңесшісі болды. Мәскеу қаласында өткен ХШЖК (ВДНХ) қатысушысы және жүлдегері атанды. 1989 жылы Компартияның Павлодар облыстық комитетінің мүшесі болып сайланды. «Қазан төңкерісі» орденімен, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында тылда жұмыс істегені үшін», «Ерен еңбегі» және басқа да медальдармен марапатталды. Қалымов Жоламан / Павлодар облысы Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. Бесқарағай мектебінің 8 сыныбын бітіргеннен бастап, 1954 жылдан «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» шопан болды. Солтүстік қазақ мериносы биязы жүнді асыл тұқымды қойды шығарып, өсіруге ерен еңбек сіңірді. ХШЖК (ВДНХ) бірнеше мәрте қатысып, 1979 жылы осынау көрменің қола медалімен, 1981 жылы алтын медалімен, ал 1983 жылы тағы да алтын медальмен марапатталды. 1976 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1990 жылы Компартияның Орталық комитетінің мүшесі болып сайланды. 1998 жылдан бастап зейнеткерлік демалысқа шықты. Ибрагимов Керімхан / Павлодар облысы Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. 1956 – 1996 ж.ж. аралығында Бесқарағай кеңшарында, «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауыты» ашық акционерлік қоғамында шопанның көмекшісі, шопан, аға шопан болып абыройлы қызмет атқарды. ХХ ғасырдың 60-жылдардың ортасында атағы бүкіл КСРО-ға мәшһүр болған бесқарағайлық солтүстік меринос биязы жүнді асыл тұқымды қой өсірушілердің қатарында болды. Аға шопандық ерен еңбегі үшін Қазақ КСР Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және дайындау министрлігінің «Қой шаруашылығы шебері» кәуілігі табыс етілді (1964). КОКП ХХІІ съезі алға қойған міндеттерді шешуде қол жеткен табыстары үшін аға шопан есімі «Еңбек даңқы» кітабына жазылды. «Коммунистік еңбектің екпіндісі» белгісімен (1964), халық шаруашылығы жетістіктерінің көрме мәселесі жөніндегі республикалық Кеңесі дипломымен (1964), «Еңбек ардагері» медалімен және көптеген облыстық, аудандық деңгейдегі мадақтамамен марапатталды. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |