23:01 Аққулы (Лебяжі) ауданына – 80 жыл! | |
АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ, БИЯЗЫ ЖҮНДІ СОЛТҮСТІК МЕРИНОС ҚОЙЫН ӨСІРУДІ ЖОЛҒА ҚОЙҒАНДАР ХАҚЫНДА Дана халқымызда «Мал өсірсең – қой өсір, байлығы оның – көл-көсір» деген қанатты нақыл бар. Сексен жылдық мерейтойын басынан кешіп жатқан Павлодар облысына қарасты Аққулы (Лебяжі) ауданы үшін осынау халық даналығының дөп келуі тарихи ақиқат. Асыл тұқымды һәм биязы жүнді солтүстік қазақ меринос қойын өсіру кәсіби біліктілік, ғылыми білімдарлық, асқан абырой танытқан тұлғалар хақындағы деректерге тоқтайық. Будилов Василий Михайлович / Білгір басшы, мал маманы, Республикаға белгілі қоғам қайраткері. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі мәрте депутаты В.М.Будилов Лебяжі ауданы Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытын ХХ ғасырдың 50-жылдардың басынан 70-жылдардың ортасына дейін басқарды. Кеңшар-шаруашылықтың қол жеткен табыстары осынау адамның басшылығымен байланысты болды. Бұл аралықта кеңшарда үш тұлға – Жанпейіс Сыздықов, Балғабай Оспанов, Жұмабек Жанғожин – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Құсайынов Айып Қисаұлы / Павлодар облысы Екібастұз ауданында дүниеге келді. Жергілікті мектепті бітірген соң Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтта білім алады. Еңбек жолын 1960 жылы Лебяжі ауданы «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» бас зоотехник болып бастады. 1969-1976 ж.ж. аралығында Лебяжі ауданындағы «КОКП ХХІІІ съезі» атындағы кеңшарды басқара жүріп, «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауыты» кеңшарында бастаған қой тұқымын асылдандырудың ғылыми селекция жұмысын жалғастырды. 1976-1978 ж.ж. аралығында Қазақстан Компартиясы Екібастұз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1978-1994 ж.ж. арасында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрінің орынбасары және Қазақстан Агроөнеркәсіп кешені төрағасының орынбасары, 1994 жылы республикалық мемлекеттік «Асыл» акционерлік компаниясының төрағасы, президенті және вице-президенті қызметтерін атқарды. Айып Құсайынов – белгілі ғалым, мемлекет қайраткері, ауыл шаруашылық өндірісінің ірі ұйымдастырушысы, ауыл шаруашылық ғылымының докторы, асыл тұқымды биязы жүнді солтүстік қазақ меринос қойының авторы. «Қазан төңкерісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталып, 1971 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген зоотехнигі» атағы берілді. Әшімбетов Кемер Қожахметұлы / Ресей Федерациясының Кемерово қаласында қарапайым жұмысшы шахтердің отбасында дүниеге келген. Кемер Қожахметұлының есімі облыста және одан тыс жерлерде белгілі. Оның бүкіл өмірі ауыл шаруашылығы өндірісімен байланысты болды. Қарапайым зоотехник болып еңбек ете бастады. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты болды. Асыл тұқымды солтүстік меринос қойды шығарған авторлардың бірі. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, үш мәрте «Құрмет Белгісі» орденімен және басқа да наградалармен марапатталған. Әлкеев Балташ Рамазанұлы / Ресей Федерациясы Алтай өлкесі Алей ауданы Шемолино селосында дүниеге келді. Білімі жоғары. Семей зооветеринариялық институтын 1959-1963 ж.ж. оқып бітірді. Ауыл шаруашылығында 1963 жылдан осы күнге дейін қызмет етеді. 1963-1970 жылдары Май ауданының «Чапаев» кеңшарында (қазіргі Саты ауылы) бас зоотехник, 1970-1979 ж.ж. «Жалтыр» кеңшарының директоры, 1979-1980 ж.ж. Май ауданының ауылшаруашылық басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 1980 жылдан бастап «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытының» директоры болып орналасты. Солтүстік қазақ мериносы биязы жүнді асыл тұқымды қойды дамытушылардың бірі болып табылады. «Құрмет белгісі» орденімен, «Тың жерді игеру» және басқа да медальдармен марапатталған. Лебяжі ауданының Құрметті азаматы. Қазіргі кезде «Бесқарағай-Әлкей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |