10:57
Аққулы (Лебяжі) ауданына – 80 жыл!

ЕРЕН ЕҢБЕКТІҢ ЕЛ ЕЛЕГЕН ЕРЛЕРІ

Дана халқымызда «Мал өсірсең – қой өсір, байлығы оның – көл-көсір» деген қанатты нақыл бар. Сексен жылдық мерейтойын басынан кешіп жатқан Павлодар облысына қарасты Аққулы (Лебяжі) ауданы үшін осынау халық даналығының дөп келуі тарихи ақиқат. Асыл тұқымды һәм биязы жүнді солтүстік қазақ меринос қойын өсіруде бір емес, бақандай бес Социалистік Еңбек Ері ерен еңбектің асқарына шықты.

Сыздықов Жанпейіс / Павлодар облысы Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. Бала кезінен помещик Сереминнің қолында жұмыс істеді. Мал бағу мен күтудің қыр-сырын ерте үйреніп, мол тәжірибе жинаған Ж.Сыздықов ұзақ жылдар «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» шопан болып жұмыс істеді. Асыл тұқымды солтүстік қазақ мериносын өсіруге сүбелі үлес қосты, жүн қырқудан, төл алудан бірнеше мәрте аудан, облыс жеңімпазы атанды, Республиканың танымал шопандарының бірі болды. Солтүстік қазақ мериносы биязы жүнді асыл тұқымды қой өсіруге еңбегі сіңді. Еңбегі бағаланып, 1958 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атанып, Ленин ордені және Алтын Жұлдызбен марапатталды.

Оспанов Балғабай / Павлодар облысы Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. 1942 жылдан «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» алғашқыда шопан, ал 1956 жылдан аға шопан болып жұмыс істеді. 1944-1946 ж.ж. Ермак (қазіргі Ақсу) ауылшаруашылық мектебін бітірді. Биязы жүнді асыл тұқымды қойды өсірудің озат әдістерін қолдана отырып, жоғары жетістіктерге жетті. 1961 жылы әр жүз саулықтан 108 қозы, әрбір қойдан 6,8 килограмм жүн қырқып алды. Келесі жылы Оспанов Балғабай тұңғыш рет әр 100 саулықтан 131 қозы, ал әр қой басынан 7,1 килограмм жүн қырқып алды. 1963 жылы әр 100 саулықтан 132 қозы, әр қойдан 7,8 кг жүн өндірді. Еңбегі бағаланып, 1963 жылдың сәуірінде оның есімі Қазақ КСР Құрмет кітабына жазылды, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1964 жылғы 18 ақпандағы Жарлығымен Балғабай Оспановқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Атақты шопан Ленин, Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.

Жанғожин Жұмабек / Павлодар облысы Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын 1947 жылы «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында» шопанның көмекшісі болудан бастады. 1961 жылдан бастап осы шаруашылықтың аға шопаны болды.1962-1965 жылдары Жанғожин Жұмабек әрбір 100 саулықтан орта есеппен 111 қозыдан алып, әр қойдан 6,3 килограмнан 8,3 кг дейін жүн қырықты. Қажырлы еңбегі бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1966 жылғы 22 наурыздағы жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Есімі Қазақ КСР Құрмет кітабына жазылды. Солтүстік қазақ меринос қойының тұқымын шығаруға айтарлықтай ат салысты.

Шарбақбаева Күләйім / Павлодар облысы Ермак (қазіргі Ақсу) ауданында дүниеге келді. 1933-1943 ж.ж. Май ауданындағы «Қазақстанның 10 жылдығы» ұжымшарында, кейін Павлодар қаласында ұн зауытында жұмыс істеді, 1952 жылдан 1967 жылға дейін Лебяжі ауданының КСОП ХХІІІ съезі кеңшарында (қазіргі Қарақала ауылы) аға шопан болды. Жыл сайын Күләйім жаңа табысқа жетіп отырды. 1955 жылдың өзінде-ақ оның шопандар бригадасы әрбір ісектен орта есеппен алты килограмнан сапалы жүн алды. 1956 жылы жүн қырқуды 6,4 килограмға дейін жеткізді. Ал 1957 жылдың көрсеткіші бәрінен де асып кетті. Отарындағы әрбір ісектен алынған жүннің салмағы 6,8 килограмға жетті. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1958 жылғы 29 наурыздағы Жарлығымен Күләйім Шарбақбаеваға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 1958 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Арада бес ай өткенде қой өсірушінің еңбегі тағы да жоғары бағаланып, Қазақ КСР мал шаруашылығының еңбегі сіңген шебері деген құрметті атақ берілді.

 

Шарбақбаев Қабдылнәсір / Павлодар қаласында дүниеге келді. Еңбек жолын Лебяжі ауданына қарасты КСОП ХХІІІ съезі кеңшарында (қазіргі Қарақала ауылы) бастады. Социалистік Еңбек Ері атанған анасы Шарбақбаева Күләйім бригадасында жұмыс істеп жүріп, 1964 жылы қозыларды өсірумен айналысатын шопандар бригадасын басқарды. Сонда қызмет жасап жүріп, қыс мезгілінде қой төлдету жұмысын жолға қойды, жас төлдерді сапалы күтумен аянбай айналысты. Абыройлы еңбегі жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағымен бірге, Алтын жұлдыз және Ленин орденімен марапатталды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 439 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: