УАҚЫТТЫ ҮНЕМДЕУГЕ ҚАТЫСТЫ ЛАЙФХАКТАР
- Әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерден келетін хабарламаларды өшіріп қойған тиімді.
- Егер бейтаныс адамдар телефон соғып, уақытыңызды босқа алуы жиілесе, танымайтын нөмірлерге мүлде жауап бермеңіз. Өйткені сізге телефон шалған адамға қатты қажет болсаңыз, ол міндетті түрде поштаңызға немесе мессенджеріңізге хат арқылы мән-жайын айтып, сөйлесуге сізден рұқсат сұрайды. Әрі қарай өзіңіз шешесіз.
- Инстаграм және Тик-ток, Фейсбук т.б. әлеуметтік жеіліерде таңдап, талғамастан әркімге жазыл бермеңіз. Посттары қызық, сіздің салаңызға немесе тұлғалық дамуыңызға пайдалы болатын адамдарға ғана жазылыңыз. Бұлай жасау арқылы уақытыңызды босқа алатын сурет, посттардың лентаңызда көбейіп кетуіне бөгет боласыз.
- Теледидарды мүлдем көрмеңіз. Қаншама адамның ғұмыры осы көк жәшіктің алдында босқа өтіп жатқанын ұмытпаңыз.
- Көлік кептелісі көп болатын сағаттарда мүмкіндігінше қалада жол жүрмеуді қадағалаңыз. Күндік графигіңізді көлік кептелісіне сәйкес келмейтіндей етіп реттеңіз. Мысалы, жұмысқа ертерек барып, кешірек қайтыңыз. Уақыты еркін жеке кәсіпкер болсаңыз, көлік кептелісі біткеннен кейін асықпай баруыңызға және жұмыстан ерте не кешірек шығуыңызға да болады.
- Көлікте аудио кітап, пайдалы ақпараттарды тыңдауды әдетке айналдырыңыз.
- Кездесуге немесе қонаққа барарда қанша уақыт болатыныңызды алдын-ала ескертіп қойған тиімді. Мысалы, «Сізбен кездесуге 40 минут қана уақытым бар, сондықтан сағат 16:00-де кездесуімізді аяқтауға мәжбүр боламын» деп алдын-ала ескертсеңіз, кездесетін кісі кездесуге дәл уақытында кешікпей келеді. Әрі жоспарлы уақыттан асырмас үшін бірден нақты мәселеге көшетін болады.
- Тойға, қуанышқа, айталық, жаңа пәтерге құтты болсын айтуға барғанда көп жағдайда сыйлық ретінде ақша береміз. Бірақ әр барғанда конверт іздеп әуре-сарсаңға түсіп жатамыз. Сол үшін алдын-ала көп конверт сатып алып қойған тиімді. Сондай-ақ орамал, белбеу, сәбилердің киімі секілді стандарт сыйлықтарды да алдын-ала көптеп алып қойсаңыз, қажет кезде сыйлық іздеп әуре болып жатпайсыз.
- Әлемге жайылған пандемия COVID-19 вирусы салдарынан көптеген мемлекет күшейтілген карантин мен жеңілдетілген локдаун тәсіліне жүгінді. Нәтижесінде, көптеген бизнестің моделі өзгеріп, онлайн сауда-саттық қарқыны жедел өсіп, күн санап күшейе түсті. Сапасы да айтарлықтай артты. Адамдар жаппай онлайн өмірге үйренуге мәжбүр болды. Пандемиядан кейін де онлайн бизнестің қарқыны үдемесе, кемімейтіндігі айтпаса да түсінікті. Онлайн сауда-саттық уақытымызды үнемдеуге айтарлықтай пайдалы болды. Мысалы, үйге қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек, басқа да керек-жарақтарды онлайн тапсырыс беру ақылы супермаркет пен дәріханаға кететін уақытымызды үнемдей алдық.
баспаға әзірлеген
Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>
Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|