21:55
Тұлғалану толқындарында

ӨЗІҢНІҢ ӘЛСІЗ ТҰСТАРЫҢДЫ АНЫҚТА!

Эмоциялық зерде жайлы айтқанда «Өзіңнің әлсіз тұстарыңды біл» дейміз. Иә, әр адамның әлсіз тұстары, сезіміне жеңілетін, өзін дұрыс басқара алмайтын жайттары болады. Жиі қайталанатын қателіктің алдын алуды білмегендіктен, үнемі оны қайта-қайта жасауға душар болып, қателік иірімінен шыға алмай жатады.

Әртүрлі жағдайда пайда болатын көңіл-күйіңізді, бастан кешірен сезіміңізді анықтауға тырысыңыз. Мысалы, «ішім күйіп тұр», «мазасызданып тұрмын», «ұйқым қашты», т.б. сөздер көңіл-күйіңіздің бұзылғанын көрсетсе де, нақты қандай сезімді бастан кешіп тұрғаныңызды білдірмейді. Ал эмоциялық зерденің қалыптасуы үшін өзіңіздің қандай жағдайда ашу, ренжу, қобалжу, қорқу, қызғану секілді нақты қандай көңіл-күйді сезінетініңізді білу – аса маңызды.

Бастан кешірген сезімдеріңіз сіздің әрекет пен ойыңызға қалай әсер ететініне назар аударыңыз. «Неліктен ашулымын?», «Менің әрекетімдегі агрессияның себебі неде?», «Қандай жағдайда жиі ашуланамын?», «Қобалжуыма не түрткі болды?» деген сұрақтарды өзімізге қойып, жауабын іздесек, көп дүние өздігінен өзгеретін болады. Өйткені ашуға, қобалжуға, қызғанышқа, басқа да сезімдеріңізге түрткі болатын жағдайды білгенде, оның алдын алуға болады. Мұндай сәттерде не істейтініңді күні бұрын біліп, одан сақтанасыз.

Сіздің ашуыңызды жиі тудыратын, көңіліңізді күрт түсіретін адамдар, жағдайлар, іс-әрекеттер болады. Сондай адамдар мен жағдайлардың тізімін жасаңыз. Сосын ондай жағдайды айналып өтудің жолдарын қарастырыңыз, ондай жағдайға тап болғанда не істеу керектігін ойластырыңыз.

Мысалы, өз басы кездесуге келіскен уақыттан кешікпеуге тырысады. Бұл – оған бала күннен қалыптасқан құндылықтардың бірі. Сондықтан болар, уағдаласқан уақыттан кешіккен кісіні ұната қоймайды. Ол кешіккен сайын сағатына қайта-қайта қарап, тағатсыздана түседі. Күткен кісі кешігіп келген уақытта оның шекесі тырысып, көңіл-күйі түсіп тұрады. Бұл кездесу мазмұнына кері әсер етеді. Тіпті кейде кейбір таныстарына айтып та тастайтын. Шақырған уақыттан әжептәуір уақыт кешігіп келген бірнеше туысқанды ренжітіп алғаны да бар. Уақытты бағаламайтын, өзгенің уақытын ұрлайтын біздің қоғамда осындай жағдайлар жиі қайталана бергендіктен, күтуден туындаған одағы жағымсыз эмоцияның түпкі себебін анықтауға тырысты.

Оның көңі-күйін түсіретін негізгі себеп – «Уақытым текке кетіп жатыр» деген ой екенін білді. Себеп белгілі болған соң эмоцияны басқару оңайырақ. Демек, күту кезіндегі уақытын тиімді пайдалана алса, реттелетін шаруа. Сөйтті де, күтіп отырғанда электронды кітап оқуды немесе смартфонда қысқа дүниелер жазуды қолға алды. Нәтижесі керемет. Кешіккен кісіні бұрынғыдай тағатсыздана күтіп, ренжімейтін болды. Тіпті күткен уақыттың қалай өтіп кеткенін сезбей қалатын.

Әйелдердің көбі қонаққа шығарда созбалаңға салып, үйден кешігіп шығып жатады. Ал күйеуі баратын жерге «кешігетін болдық» деп ашуланып шыға келеді. Бұл – көп отбасында жиі қайталанатын жағдай. Эмоцияға кері әсер етіп, қатынасқа сызат түсіретін мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін ер адам үйден шығатын уақытты жарты сағатқа алдыға жылжытып айтса, әйелі кешігіп шыққан жағдайдың өзінде шақырылған жерге дәл уақытында жетеді.

Көлік жүргізіп келе жатқанда басқа бір көлік сізді тықсыруы немесе жол беруге тиіс жерде бермей қоюы сіздің көңіл-күйіңізге әсер етіп, жүйкеңізді жұқартып, ұрсысуға, тіпті төбелесуге дейін баруыңыз мүмкін. Ал бұл өз кезегінде сіздің күні бойы көңілсіз жүруіңізге, ададмармен қарым-қатынаста ашуланшақ мінез көрсетуіңізге, тіпті соның салдарынан маңызды істерде дұрыс шешім қабылдай алмай қалуыңызға әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда қателікке ұрынбау үшін не істейтіңізді алдын-ала ойланыңыз және әрдайым соған дайын жүріңіз. Мысалы, «Көшеде кездескен мәдениетсіз адамның деңгейіне түсіп, жүйке жұқартқаннан не ұтамын?» деп ойлап, мұндай жағдайларға мүлдем көңіл бөлмеуді үйреніңіз. Халық арасында кең тараған «Жындымен жынды бола ма?» деген сөзді ескерген дұрыс. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 6 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: