10:17
Рухани-танымдық сүрлеулер

Халқымыздың бұрыннан келе жатқан тәрбиелік сөздерінің біразы мынандай:

Ант – бұлжымай орындалатын, міндетті түрде жүзеге асырылатын адамдардың бір-біріне берген серті. Жалпы игілік үшін екі жақ та берген антын орындамаған жағдайда «антұрған» деп, келісілген шартқа сай жазалануға пейіл болады. Екі жақ та «айтылған сөз – атылған оқ» қағидасымен сөзге тоқтаулары тиіс рәсім.

Лұқпан Әкім баласына жазған хатында: «Балам, ұстамды бол, өз еркіңе ерік берме, аз асқа қанағат қыл, елмен дөрекі қатынас жасама, әр ісіңді ойлап істе, мақтағанға мастанба, көп білім алуға тырыс, жақсы жолдастарыңмен байланысты үзбе...», - деген екен.

* * *

Қыз – қонақ, жат жұрттық. Оларға әке үйінде құрмет көрсетіліп, дәріптеу керек. Қыз үйге кіргенде ақсақалды қарттың өзі орнынан тұрып, төрден орын беретіні ойда болсын. Қыз – ата алдында тізе бүкпейді.

* * *

Қиындықтан қорықпай, алдыңа қойған мақсатыңды орындау жолында бар күш-жігеріңді жұмсай біл, батыл болуға дағдылан. Ізгілік жолынан тайма. Аманатқа қиянат жасама.

* * *

Үнемі көңілді жүруге ағдылан. Ойға келген жаман нәрсені тез ұмытуға тырыс. Аз сөйлеп, көп тыңда. Өсектен қашық жүрген жөн.

* * *

Біреуге телміріп, иек артушылық мінез, керенаулық жаман әдет. Ой-пікірі таяз адамнан алшақ жүр. Ондайларға кім не айтса да бәрібір, жақсы, жаман деместен жетегінде жүре береді.

* * *

Етене араласып, дос болып жүрген адам сатқындық жасап, досын жамандап келсе, ондай адамнан сақтанудан басқа амал жоғын білетін бол. Ондай адам күн өте келе саған да сол сатқындығын жасарына сен.

* * *

Сөйлескенде сабырлы бол. Орыннан тұрып сөйле. Отырып сөйлеу мен тұрып сөйлеуде дауыс мақамында өзгеріс болатыны ойда болсын.

* * *

Қолыңнан келетін іспен шұғылдан. Шамаң келмейтін әске өзіңді қинама. Істі орындауға құрғақ уәде беруден аулақ бол.

* * *

Ағаға, әкеге, үлкенге қарсыласу былай тұрсын, алдынан кесе-көлденең өтуді қазақ дәстүрі көтермейтінін біліп жүр.

* * *

Көпшілік ортасында біреудің намысына тиетін соқтықпа сөз айтушы болма. Ол ұят болады.

* * *

Жасы кішілерден, күш-қуаты кемдерден, жалпы кемтар адамдардан көмегіңді аяушы болма. Кішіні сыйла.

* * *

«Терідей илі, жүндей жұмсақ бол» деп, жаңа түскен келін үйге кірерде, босаға алдында илі тері жайып қояды.

* * *

Өзіңе зияны тигелі тұрса да, шындықтан таюшы болма, ондай әрекетіңнің қайырын көретін боласың.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 26 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: