21:44
Рухани-танымдық сүрлеулер

ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМ мен ТЫЙЫМ ТЫЛСЫМДАРЫНЫҢ ӨМІРДЕ ӨЗ ОРЫНДАРЫ БАР

Қыз-келіншектерге тән ырым-тыйым өсиет ретінде:

Ата-ененің, қайын ағалардың төсегіне отыруға, жатқан жерлеріне жатуға болмайтыны есіңде болсын.

Ешкімнің арбаулы сөздеріне ерме, арандататын істерге сенбе.

Өтірік пен өсек адамдар арасына от салып, іштен бүлдіретін жегі құрт екендігі ойда болып, көр-жердегіні қоқитып, естігендерін еселеп, көргендерін көпіртіп сапыратын сыпсыңдаған өсек-аяңнан, ұтыс бермес әңгімеден қашық жүр.

Қолдағы барыңды қанағат тұт. Ысырапшылдыққа жол бермегін. Қанағат қарын тойғызады, жүрекке тыныштық әкелерін біл.

Көршілермен тату болуға тырыс. Олардан зиян келіп жатса да сабыр сақтап, шыдай біл. Ақылды, есті адам кекшіл болмайды. Ибалы, инабатты, көргенді жан мейірімді, кең болуға тырысады.

Күйеуіңнің ас ішіп, ұйықтайтын уақыты назарында болсын. Бұл уақыттардың шамадан тыс созылуы жаман әсер әкелуі мүмкін.

Күйеуіңнің қателіктерін тек өзіне, жұмсарта ескертуге дағдылан.

Отбасылық ішкі шаруаға ешкімді араластырма. Адаспау үшін отбасы сырын жайма. Жұбайлар сырлары құпия болу керек.

Өзіңе айтылған сөзді жүре тыңдаушы болма. Жолдасыңның тілектерін орындауға күш сал. Оған айнымас жақсы дос бола біл.

Қыз-келіншектер ер азаматқа әр кез жол берулері тиіс. Ер азаматтың жолын кескендердің өздерінің жолы болмайтынын біл.

Жаңа түсіп жатқан келіннің бас киіміндегі үкіні: «Қош енді, қыз қызғалдағы! Өмірің ақ желегіңдей кіршіксіз болсын!» деп, сол жердегі қыз баланың біріне: «Сен де бой жеткен қыз бол» деп, төбесіне қадайды.

Айтқаным болады десең, ұзаққа бармай, өзің сорлайсың.

Халқымыздың салт-дәстүріне, құлшылықтарыңа мұқият болып, үлгі-өнегеңмен озық болуға, мейірімді, шуақты болуға тырысатын бол.

Жолдасыңның көзін, мұрын мен құлағын сақта, жақсы сөз айт. Еріңнің туыстарын сыйлап, қадірлеу ойыңнан кетпесін.

Оң жақта отырған қыздың да төсегін басып, отырма.

Кез келген мәселені басқаларды араластырмай, ерлі-зайыптылар бірге отырып өздері шешуге дағдыланғандары дұрыс болады.

Иман мен ниет-ықылас әрқашан таза, дұрыс болатын болсын. Не сөйлеп, не жасасаңдар да, еріңмен ақылдасып, ең бастысы, Алла разылығын ұмытпаңдар.

Жасы үлкен кісілерді құрметтеп, көңілін аулай біл, оларға ақ ниетті қабақпен, жанашыр көңілмен қарап, пана болуға тырыссаң келіндік парызыңды өтегенің. Үлкендерге жол беріп, жөн көрсет. Керек болса жүгін көтеруге көмек бер. Қолтығынан демеп, орын ұсын.

Сезіміңді тыя біл. Ешқашан ерінбе, еңбектен алшақтама, еңбекшіл, елгезек, тиянақты бол. Қолыңа алған істі тындырмай тынба.

Әділ, адал бол. Ата-анаңа кір келтірме. Өтірік-өсектің адамды сүйкімсіздікке апарары ойыңда болсын. Аңқау болу да жақсы емес.

Қазақтың ырымында тұла бойы суықтап, өлім аузында жатқан ер адамды өлімнен алып қалу жолы да бар. Ол үшін ер адамды жалаңаштап, шалқасынан жатқызып, жылы суға малып, сығылған орамалмен ыждағаттықпен төсін, омырауын, ішін, кіндігін, санын, аяқтарын сқылай сүртіп, тазалап алған соң, дүниеде пәк қызды дәрет алдырып, оны да тыр жалаңаш күйінде талып жатқан ер адамның үстіне етпеттей жатқызып, үстін бүркеп жауып қояды. Бұлай ету арқасында өлім аузында жатқан ер адамның бойындағы қуат пәк қыз арқылы оянады екен. Тек қыздың бар ойы бұл адамды өлтірмей аман алып қаламын деген таза ниетпен шошымастан, жиіркенбей жатуы керек. Қорықпай, жиіркенбей, батылдық танытып, бұлайша адамды өлімнен арашалаған қызды, құдай қолдап, өмірбақи жолын оңдап жүреді екен.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 8 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: