11:07 Жетістіктің жүз қадамы | |
50-ҚАДАМ: ӨЗІҢІЗДЕН ЕСЕП АЛУДЫ ӘДЕТКЕ АЙНАЛДЫРЫҢЫЗ «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылыпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» (Абайдың 15-інші қара сөзінен). Дана Абай бабамыз бұл қара сөзінде өзіңнен есеп алудың маңызы жоғары екенін білдіртіп тұр. Шынымен де осыны атқарсаңыз сіздің өміріңіз жақсы-жарқын өмірге айналатыны анық. Осыған байланысты Бенджамин Фраклиннің «Адамгершілік карточкасы» деген еңбегі еске түседі. Франклин «адамгершілік карточкаларын» үнемі өзімен бірге ұстап жүреді. Ол әрқайсысы 7 баған мен 13 қатардан тұратын карточкалар болған. Баған – күндер, қатар – адамгершілік істері. Өзінің ниетін еске түсіру үшін, күніне карточканы бірнеше рет алып шығатын. Ал кешке жасаған адамгершілік істерін қарап, бүгінгі жасағандарын түртіп отыратын. Мақсат – барынша көп ұяшықтарды белгілеп отыру. Жаңа апта жаңа карточкадан басталатын. Сонымен қатар, олардың барлығы бірдей емес еді. Бенджамин 13 түрін қолданатын, әрқасысының төбесінде қағиданың біреуі қысқаша анықтамасымен жазылатын. Бұл дегеніміз: дәл соған осы аптада көңіл бөлу керек деген сөз еді. Апта соңында адамгершілік қағидасының қай түрінің дамығанын, қайсысының бәсеңдегенін бақылады. Өмірдің қай саласына жігерін күшейту керектігін ойланды. Сонымен қатар 13 апта сайын тоқсандық есеп беретін. Бұл тәртіптің орындалуын қадағалауға көмек беретін. Уақыт өте келе аадмгершілік қағидалары оның болмысына, мінезіне айналды. Әрқайсысын жеке қарастырайық. Франклиннің 13 адамгершілік қағидасы: Ұстамдылылық Тамақты тек қарын ашқанда ғана жеңіз. Көңіл көтеру үшін немесе қомағайлықпен артық жемеңіз. Не жеп жатқаныңызды жақсы қадағалаңыз.
Көп сөйлемеу Егер де әңгімеге тұрарлықтай айтатын сөзіңіз болмаса, үндемеген жөн. Айтқаннан гөрі көбірек тыңдаңыз. Бос сөзге әуес болмаңыз. Тыныштықтың орнын толтыру үшін ғана сөйлеудің қажеті жоқ. Бұл адамдармен қарым-қатынасты доғарыңыз деген сөз емес. Тек, сұхбаттасушыны жақсырақ танып алған жөн.
Тәртіпке деген сүйіспеншілік Керектісін тез табу үшін, өз заттарыңызға ұқыпты болыңыз. Заттарыңыз тым көп болғанда оларға қарау қиынға соғады. Бұл артық заттардан арылу керек деген белгі деп біліңіз. Уақытқа байланысты да дәл солай істеңіз. Сонда сіз маңызды жұмыстарды жасай аласыз.
Табандылық Егер бір нәрсені істеймін деп байламға келсеңіз, істі аяғына дейін жеткізіңіз. Қолыңыздан келмейтін немесе жасау тіпті ойыңызда да болмаса, бос уәде бермеңіз. Қолыңыздан келмесе, өтінішті қабылдамаңыз.
Үнемшілдік Ақшаны орынсыз жұмсамаңыз. Әр тиыныңыз белгілі мақсатпен жұмсалуы қажет. Ақша керегіңізге жарасын. Жинап, үлкен бір қажеттілігіңізге жұмсарсыз немесе қарызыңыздан құтыларсыз.
Еңбекқорлық Уақытты ырду-дырдумен өкізбеңіз. Әрдайым пайдалы іспе шұғылдаңыз. Атқарып жатқан ісіңізге күшіңіз жетпей жатса, шамаңыз келетін басқа іспен айналысыңыз. Егер де ешбір ісіңіз болмаса, өзіңізбен жұмыс жасаңыз. Егер тым қатты шаршасаңыз, мызғып алыңыз. Егер шаршағаныңыз ұзақ уақыт басылмаса, демалыс алыңыз, не болмаса дәрігерге қаралыңыз.
Шынайылық Шынайы болыңыз, бірақ сөзіңіз басқаларға қалай әсер ететінін де ескерген жөн. Адамды жараламай, керісінше. Қанағаттандыруға тырысыңыз. Өтірік айтпаңыз, басқаларды да адастырмаңыз. Егер сынасаңыз, жұмсағырақ айтуға тырысыңыз.
Әділдік Өз пайдаңыз үшін басқаларға зиян келтірмеңіз. Барлығына тиімді болатындай шешім іздеңіз. Егер сөз берсеңіз, сөзіңізде тұрыңыз. Немесе шарттарды орындау мүмкін болмай бара жатса, қайта қарастырыңыз.
Шектен шығып кетпей Шектен шығып кетпеуге тырысыңыз. Әдетте басқаларға деген оқыс қатынас келеңсіздікке әкеліп соқтырады. Зиян келтіргіңіз келсе де, абай болыңыз, шектен шықпаңыз.
Тазалық Киіміңізге ұқыпты болыңыз. Үйіңіз бен жұмысыңызды тазалықта ұстаңыз. Жеке бас гигиенасын ұмытпаңыз. Бұл өз денсаулығыңызға керек, сонымен қатар, басқалардың сізді қалай қабылдайтынына ықпалын тигзеді.
Байсалдықылық Кенеттен болған оқиғаға қамықпаңыз. Одан қашып құтыла алмайсыз, қайғырумен де шешім таппайтыныңыз анық. Өз эмоцияңызды ұстай біліңіз және жүріс-тұрысыңызға кері әсерін тигізуіне жол бермеңіз. Ол жайтты дұрыс шешімге келуге септігін тигізетін хабар ретінде қабылдаңыз.
Пәктік Құмарлық – өміріңіздің мәні болуынан сақтаныңыз. Өзіңізді сатқандыққа итермелеуге жол бермеңіз. Егер жалғыз өзіңіз төттеп бере алмасаңыз, көмекке жүгініңіз. Бірақ бұл қағидадан мүлдем бас тартуға да болмайды.
Кеңдік Кез келген істе асып түсуге тырысыңыз. Кереметпін деп мақанудың еш қажеті жоқ. Жай ғана артығымен істеуге және өзгенің хақысын беруге тырысыңыз.
Бұл жүйені өмірде қалай қолданамыз? Франклиннің адамгершілік қағидаларын негізге ала отырып, өзіңіздің бойыңыздан көргіңіз келген қасиеттерді қоса отырып, кестеңізді құрыңыз. Немесе өзіңіздің қалауыңызша басқадай тізім жасап алыңыз. Негізгі ой – сізді жақсырақ болуға септігін тигізетін ізгі іс пен икемнің жүйесін қалыптастыру. Кейін күнделікті өзіңіздің ілгері басқаныңызды қадағалау. Уақыт өте, бұл қасиеттер сіздің болмысыңызға айналады. Бастысы – күнделікті жаттығу. Карточкаларды қағазға түсіріп алыңыз немесе смартфоныңызға енгізіп қойыңыз. Күнде таңертең карточкаға қарап, сол күнгі атқарылатын жұмысты есіңізге салып отырыңыз. Кешке не істегеніңізді түртіп отырыңыз. Ал апта соңында жалпы ілгерілеуіңізге баға беріңіз. Тек, бірден керемет нәтиже күтпеңіз. Ой-өрісті дамыту уақытты талап етеді. Күнделікті қағидалармен жүретін болсаңыз, өміріңіздің жақсы жаққа қарай өзгергенін аңғаратын боласыз. Осы Франклиннің адамгершілік карточкасы көптеген адамдардың өмірінің өзгеруіне септігін тигізді. Осы жүйе сізге де өз пайдасын береді деген сенімдеміз. Бастысы сіз осы білгеніңізді іске асырсаңыз болғаны. Тек, Бенджаминнің адамгершілік карточкасы арқылы ғана емес, өзіңіздің бойыңызда нелер жетіспей тұр, соларды өзіңізге толықтырып әрдайым өзіңізден есеп алып және үнемі өзіңізді дамыта біліңіз. Сонда өзіңіз ойлағаннан да жоғарғы жетістікке жетуге мүмкіндігіңіз зор болмақ. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
|
Всего комментариев: 0 | |