23:56 Жаныңда жүр жақсы адам | |
АБЫРОЙЛЫ АЯУЛЫМЫЗ Өз іскерлік қабілетімен танылып жүрген аяулы жандар болғаны қандай тамаша! Ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тіктеуде осынау жандардың еңбегін елемеу азаматыққа жатпайды. Ендеше, Қызылағаш ауылдық округі әкімшілік ғимаратында абыройлы еңбек атқарып жүрген Гүлзия Дәйкенқызы Сейітова хақында әңгіме өрбітіп көрейін. Осыдан отыз бір жыл бұрын Железин ауданынан оң аяқты келін болып, Бесқарағай ауылына келген Гүлзия Дәйкенқызының қызыққа толы еңбек жолы да басталып кетті. Арыстай төрт ұлдын анасы болып, ортасы толып, кезіндегі «Бесқарағай асыл тұқымды қой зауыты» кеңшарында, қазіргі «Бесқарағай-Әлкей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сан түрлі жұмыстардың басын қайырды. Дегенмен маман ретіндегі абыройы осы күнгі аудандық «Жалын» жастар бастамаларын дамыту орталығына қарасты Бесқарағай ауылы жастары бойынша нұсқаушы ретінде асқақтады. Осынау салада жүргеніне тоғыз жылдың жүзі болып отыр. Оның үстіне ауылдың мәдениет қызметкері болып табылады. Соңғы екі жылда «Нұр Отан» партиясының Бесқарағай бастауыш партия ұйымының хатшысы деген қоғамдық жұмысты қоса атқаруда. Көпшілікпен тез арада ортақ тіл табыса алатын қабілетімен, тапсырылған жұмыстарға асқан жауапкершілікпен қарауымен, қоғамдық бағытта асқан белсенділігімен ерекшеленетін Гүлзия Дәйкенқызының жетістіктері қызықтырмай қоймайды. Айталық, былтыр «Жалын» жастар бастамаларын дамыту орталығының жылдық қорытындысы бойынша «Ең үздік нұсқаушы – 2015» атты сайыста өз жұмысын қорғап, жыл бойы жұмысын үздік атқарғаны үшін арнайы Жүлдемен һәм Дипломмен, ауданның спорт саласын дамытудағы зор еңбегі мен жеткен жетістіктері үшін Лебяжі ауданы әкімі С.Жанғазиновтің Алғы хатымен, жастар саясатын іске асыру аясында нұсқаушылар арасында «Ең үздік маман» сайысының үшінші орын иегері атанғаы үшін алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Жоғарғы партия мектебінің «Шығыс Қазақстан аймақтық партиялық оқу орталығы» филиалында «Партияның БАҚ-пен тиімді өзара әрекеттесуі» тақырыбы бойынша 2013 жылғы 23-25 қаңтар аралығындағы біліктілікті арттыру семинарын сәтті тәмамдап, Сертификат және Төсбелгіге ие болды. Бүгінде аймақ орталығы іргесіндегі Қрасноармейка аграрлық-техникалық колледжінің мал дәрігері факультетінде сырттай білім алып жүр. Ауыл жастарын салауатты өмір салтына баулуды үгіттеп, насихаттап жүрген Гүлзия Дәйкенқызы жыл он екі айда бір тыным таппайды. Қандай болсын қоғамдық-көпшілік шаралардың жуан ортасынан ұдайы табылып, қашан да белсенділігімен қыр-қырынан танылып жүреді. Екі немере қызығын көріп отырған әже атанып отыр. Шаңырағының амандығы жолында бойда бар азаматтық қажыр-қайратын мейілінше сарп етуге дайын Гүлзия Дәйкенқызын 8 Наурыз – Халықаралық аяулылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтап, қамшының сабындай ғана дәуреннің бар жақсылығын тілейміз. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |