17:04
Жаңа Жолдауға жалпыұлттық қолдау

ЖАҺАНДЫҚ ДАҒДАРЫСҚА ТӨТЕП БЕРЕР НӘН ҚҰЖАТ

Әлқисса, жылдағы игі дәстүр бойынша Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына жаңа Жолдауын Астана төрінен жария етті. Бақандай бір жарым сағатты қамтыған осынау стратегиялық маңызы бар басты құжаттың арқалаған жүгі жеңіл емес. Бүкіл әлемнің ауызекі сөйлеу сөздік қорында қазақша сәнге, жаһанша трендке айналып үлгерген «жаһандық дағдарыс» Жолдаудың мазмұнына заман лебіне сай айтарлықтай өзгерістер һәм нақтылықтар кіргізуге итермеледі. Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін кез. Сонымен алдағы бір-екі жылда еліміз енсеретін асу-белестерге қысқа да нұсқа көз тоқтатып көрейік.

Елбасы биылғы Жолдау неге «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталғанын нақты дәлелдермен түсіндірді.

«Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын желбіреткен, Тәуелсіз мемлекет атанғанымызға 25 жылдығына  аяқ басатын боламыз. Бұл – Тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық бейнесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету, оған қол жеткізуден де қиын екенін осы жылдар ішінде біз көріп білдік. Мемлекетіміздің тұғырын мызғымастай ету үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өтпелі көп, бұралаң жолдардан өтуге тура келеді», - деді Жолдауын жариялауды бастаған Елбасы Н.  Назарбаев.

Елбасы заманның күрделі кезеңдері орын алып отырғанын, аса күрделі кезеңге аяқ басқанымызды, жаңа қатерлер һәм тың мүмкіндіктермен қатар өрбіген жаһандық ахуал көз алдымызда өзгеріп жатқанын атап өтті. «Алпауыт елдердің текетіресі мен өзара санкцияларының  алмасуы дүниені тығырыққа қарай бастауда. Біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасы еселеп құлдырағанын да көріп отырмыз. Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін кез», - деді Н. Назарбаев.

Елбасы жаһандық дағдарыстан шығудың 5 нақты бағытын айқындап берді.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялау барысында Үкіметке 2016 жылдың 1-тоқсанының соңына дейін «Жұмыспен қамтудың» жаңа жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Жаңа Жолдау жобаларын жүзеге асыруға 7,2 трлн. теңгеден астам қаржы жұмсалады.

Халықтың орташа өмір ұзақтығының артуын ең негізгі жетістік деп санауға болады.

«Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны, 1700-ден астам білім беру ошағы салынды. Бұлардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды, емдеулерді өз елімізде өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеткіздік. Бұл ешқашан болған емес», - деп тоқталды Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы жалпы халықтың тұрмысы мен денсаулығының түзелуі нәтижесінде Қазақстанда сәбилердің туу деңгейі өскенін, халқымыздың санының жыл сайын өсуін, артқанын жеткізді. Денсаулық сақтау мәселесі мен халықтың өмір сүру жағдайының жақсаруы қазақстандықтардың өмірінің ұзақтығына әсер еткенін атап өтті.

«Тұңғыш рет қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жастан асты. Бұл дегеніміз – ең негізгі жетістік деп санауға болады. 10 жылдың ішінде 64 жастан 72-ге  дейін бүкіл халықтың орташа өмірін ұзарту  ешбір елде кездескен жоқ шығар», - деді Н. Назарбаев.

Президент мемлекет қандай жағдайларда да  әлеуметтік міндеттемелерін орындап келе жатқанын, тарих түгенделіп, мәдениеттің өркендеуіне қол жеткізілгенін қадап айтты.

Әлеуметтік жәрдемақы мен шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейеді.

«Жаңа жылдан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақы мен шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейеді. Осының барлығы халықтың болашаққа сенімін арттырады, алаңсыз өмір сүруіне толық негіз болады», - деді Президент.

«Көптеген жылдар бойы қарқынды динамикалық өсім бізге белсенді әлеуметтік саясатты жүргізуге септігін тигізді. Азаматтарымыздың өмір сапасын бірнеше есеге арттыра алдық. Экономикамыз бастан кешіп отырған қиындықтарға, жаһандық құбылыстарға қарамастан біз халқымыздың әл-ауқатын арттырып келдік. Он жылда әлеуметтік салаға жұмсалған шығыстар үш есеге артты», - деді Н. Назарбаев.
Бұл ретте Мемлекет басшысы әлеуметтік саладағы мемлекеттік басқаруларда жұмыс істейтін 1,2 млн. адамнан асатынан атап өтті. Ал мемлекет қамтамасыз етіп отырған әлеуметтік төлемдерді алушылар саны 1,5 млн адамнан асқан. 

«Экономикалық тәуекелдерге қарамастан біз халықты әлеуметтік қолдау шараларын жалғастырамыз. Мен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы орташа алғанда 28 пайызға, білім беру – 29, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы орташа алғанда 40 пайызға артатынын жариялаймын. Бұл ретте бюджеттік сала қызметкерлерінің санаты бойынша жалақысына сараланған төлемді енгізу ақылға қонымды. Келесі жылы әлеуметтік жәрдемақыларды, мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақылар мен шәкіртақы мөлшерін 25 пайызға арттыру қамтамасыз етіледі. 2016 жылдың 1 қаңтарынан біз ынтымақты зейнетақыны инфляция деңгейінен алдын ала 2 пайызға индексациялайтын боламыз», - деді Н. Назарбаев. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап «Б» корпусына жататын мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға өсетін болады.

Ел экономикасын долларсыздандыру мақсатында банктер доллармен сақталатын депозиттер пайызын төмендетеді.

«Долларсыздандыру тетіктерін кеңейту арқылы ұлттық валютаға сенімнің нығаюына қол жеткізу маңызды. Бұл мәселеде Үкімет пен Ұлттық банк нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысының Жолдауында ұлттық валютаға деген сенімнің нығаюына ерекше мән берді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде күнделік өмірге қажетті нан мен сүтті, шұжықты, киім-кешекті тек теңгеге сатып алатындығымызды баса атап өтті. Ал доллармен шетелден барып сауда-саттық жасайтындарға қажет екендігін айтты.

«Депозиттерді теңгемен сақтау тиімді, пайызы жоғары. Ал депозиттердегі доллардың пайызы өте төмен болады, бұған банктер келе жатыр. Бұл – долларсыздандырудың бір тетігі», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап елімізде тегін кәсіптік-техникалық оқыту бағдарламасы барынша іске қосылатын болады. Шыны керек, тегін жоғары білім алу құқығы барлығына бұйыра бермейді. Оның үстіне күнделікті өмірде қажетті ішіп-жемді, құрал-жабдықтарды, тұрмыстық қажеттіліктерді қатардағы қарапайым жұмыскерлер жасайтынын Елбасы мысалдармен айқындады. Демек, 2017 жылдан бастап қажетті мамандықты игеру су тегін болады һәм білім алу көкжиегін одан сайын кеңейте түседі. Жалпы орта білім беру Назарбаев зияткерлік мектептер моделіне қадау-қадау қадамдармен көшіріледі.

Жаңа Жолдау жақсы қарқын алып отырған индустриалды-инновациялық дамуға септігін мейілінше тигізіп, зияткерлік-экономикалық дамуымызды одан сайын ілгерілетеді.

Елбасы һәм Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауын теледидардан тамашалаған, құлақ түріп, ұйып тыңдаған Бесқарағай ауылының зиялы қауымы еліміздің бүгіні мен ертеңін айқындайтын, баянды болашақтың басты басымдықтарын іс жүзінде бекемдедетін экономикалық-әлеуметтік, қоғамдық-саяси, ең бастысы, жалпыұлттық-халықтық маңызы алапат нән құжатты барынша қолдайтынын бір ауыздан білдірді.

Асылында, Елбасы барша Қазақстан халқын Жолдауды жүзеге асыруға қатысуға шақырды.          

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 785 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 5.0/2
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: